Министр Омаров: "Бұлар мемлекет ішінен мемлекет құрғысы келеді"

15077

Кейінгі кезде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың басы дауға қалып жүр. 

Министр Омаров: "Бұлар мемлекет ішінен мемлекет құрғысы келеді"

Energyprom сарапшылары оны ауыл шаруашылығы техникасын қолдауға ел бюджетінен берілген 30 млрд теңгенің басым бөлігіне шетелдік өнім өндірушілерді қолдап отыр деп айыптады: миллиардтаған ел қаржысы шетелге кетуде.

Бұдан бөлек, журналистер АШМ-ге қарасты "Азық-түлік корпорациясының" қазақтар көп жемейтін қарақұмықтың 500 тоннасын ел қорына, бюджет қаржысына қаптатып сатып алып жатқанын анықтады. Ал ветеринарлар құлағындағы сырғасы түсіп қалған сиырларға министрлік жаңа ен тағып, оны жаңа сиыр ретінде жаза салатынын, осылайша мал басын қолдан "өсіріп" жатқанын мәлімдеді.

Енді министр мырза жас өнертапқыштармен қақтығысуда. Мәселенің мәнісіне тоқтала кетсек, өздерін Аманай, Мөлдір, Ясмин, Марат, Аян, Арсен, Жәнібек, Асқар, Серікжан атаған бір топ жастар тобы TDFA (The Development Fund of Agriculture) деген бренд туының астында бірігіпті. Бұл мақсаттарын олар "Болашақтың сәулетшілері" атты үш бөлімнен тұратын фильмде баяндайды. Айтуынша, бұл идея 4 жыл бұрын шетелдіктерге жер сатуға қарсы наразылық шаралары мен толқулар жүрген кезде туыпты.

Содан биылғы сәуірде осы жастар тобы агрокомпания құрып, Канадада жасалған ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын елге алып келеді. Олардың дерегінше, Канада өз ғалымдары ойлап тапқан тұқым селекциясын ешбір елге сатпайды екен. Бірақ пандемия кезінде оларда төтенше жағдай жарияланып, кейбір заңдардың күші уақытша тоқтатылыпты. Жас кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, канадалық тұқымның үлкен партиясын сатып алады. Рас, Канаданың кеден қызметі оны тұтқындап, біразға дейін шекарадан шығармай қойған. Тек Қазақстан елшілігінің араласуы нәтижесінде өнім елімізге жол тартыпты.

Өз сайтында TDFA менеджерлері манифест жариялады. Онда жастар пандемия түрткі болған экономикалық дағдарыстан шығудың төл нұсқасын ұсынады.   

"TDFA Қазақстанда 50 млн тонна әртүрлі дақыл сақталатын 250 элеватор тұрғызуды ұсынады. Бұл дақылдардың 100% иесі – астық импорттайтын әлемдегі әртүрлі елдер болады. Яғни, бұл элеваторлар – қорғалатын банктік ұяшықтар секілді болады", – дейді жас кәсіпкерлер.

Олардың түсіндіруінше, жаңа агрокорпорацияның негізгі қызметі Қазақстанда ауыл шаруашылығының жаңа үлгі-моделін енгізу болмақ.

"Әлемде тұңғыш рет қолға алынатын бұл жүйеге сәйкес елімізде жерге 1000 тиімді менеджер – Қазақстан азаматы иелік ететін болады: оның әрқайсысына 5 мың гектардан беріледі. Ал ауыл шаруашылығы техникасы 200 тиімді машина-тракторлық станцияның қарауында болады", – дейді елордада тіркелген агрокомпания өкілдері. 

Идея авторлары Үкіметпен келісімге отырмақ болыпты. Бірақ шенеуніктер ыңғай бермеген көрінеді. Оның үстіне жас бизнесмендердің мұрат-мақсат көкжиегі тек экономикамен шектелмейді, саясатпен де астасып жатыр. Олар, мысалы, фильмде өз аумағында (5 млн га жерде) қазіргі соттар орнына әділетті билер сотын қалпына келтіруге ниетті.

"Қазақстанға жерін шетелдіктерге сатудың керегі жоқ. Біз бұл жерді мыңдаған бөлікке бөлуді және Қазақстанның 21–35 жас аралығындағы азаматтарына тегін таратып беруді ұсынамыз. Олардың әрқайсысы жыл сайын 1 млн доллар кепілдендірілген табысқа ие болады. 3 млрд долларға біз техника сатып алып, 200 азаматқа үлестіреміз. Олардың әрқайсысы 1 млн доллар кепілдендірілген табысқа жетеді. Мыңдаған тиімді менеджер 30 мың жұмыс орнын құрады. Ол қызметкерлердің жалақысы 700 доллардан басталады. Ауылдарда біз 100 аурухана, 100 мектеп және 100 балабақша саламыз. Біздің жүйеміз 7 млн-дай адамға оң мультипликативті тиімділік әкеледі. Осы модель Қазақстанды экономикалық дағдарыстан алып шығатынына сенімдіміз", – дейді агрокомпания басшыларының бірі Марат Әбиев.

Бұл жобаларын жүзеге асыру үшін ол 7 млрд доллар инвестиция тартуды жоспарлауда.

Әйтсе де мыңдаған "тиімді менеджерге" 5 мың гектардан таратып беру үшін сонша ұлан-ғайыр бос егістікті қайдан таппақ?

"Біз Қазақстанда әлемдік азық-түлік банкін құруды ұсынып отырмыз. 5 млн гектар жерді халық арасында қайта бөлеміз. Ол жерді біздің қор басқаратын болады. Ең басты мәселе: осынша жерді қайдан табамыз? Кредит ауыртпалығын көтере алмай, әрі астықтың бітік шықпауы кесірінен отандық көптеген агрохолдинг банкрот болды. Олар несиесін төлемеді. Салдарынан бәрінің жері Қаржы министрлігіне қарасты "Проблемалы кредиттер қорының" қарамағына өтті. Қордың қолында қазірдің өзінде млн гектар жер бар. Корона-дағдарыс кесірінен тағы 4 млн гектар жер соның қарауына көшеді", – дейді TDFA жетекшісі.

Міне, олар осы жерді Үкіметтен сұрап отыр. Бірақ Министрлер кабинетінің мүшелері жастардың ұсынысын қабылдамады. 

АШМ баспасөз қызметі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Информбюро интернет басылымы арқылы берген түсініктемесін таратты. Онда ведомство басшысы TDFA жобасының авторлары жалған сөйлеп отырғанын айтты. АШМ басшысы кәсіпкер М.Әбиев жеке кездесу кезінде ұсынылған жобаны іске асыруға, атап айтқанда, инвестиция көздеріне және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның ауыл шаруашылығына кіру шарттарына қатысты бірқатар сұраққа жауап бере алмағанын жеткізді. Бұған қоса, бұл кәсіпкерлердің барлық өтінішін қанағаттандыруға министрліктің мүмкіндігі жоқ екен. Мысалы, 5 млн га бос жер жоқ көрінеді.

"Олар маңызды сұрақтарға жауап берудің орнына жоба жұмыстарына мемлекеттің араласпауын сұрады. Әлі құрылмаған агрохолдингті салықтан босатуды, сондай-ақ оған өтеусіз 5 млн гектар жер бөлуді талап етті. Жоба авторлары мемлекет есебінен "мемлекет ішінен өз мемлекетін" құрғысы келеді. Айта кету керек, олар бүгінде Қазақстанда өңделетін 22,5 млн-ның ішінен 5 млн гектар сұрап отыр. Бұл жерлерде бүгінде жұмыс істеп жатқан және үлестері бар адамдармен не істеуіміз керек? Олар мұны түсіндірмейді. Мен оларға осы жағдайды жеткіздім. Бірақ бұл жігіттер: "Менің пікірім дұрыс, басқалардың пікірі қате" деген түсінікпен жұмыс істейді деген ой қалыптасты. Сондықтан болар, олар мені "сатқындар" тізіміне енгізді", – деді Сапархан Омаров.

Министрдің мәліметінше, жас жігіттер "пандемия арқасында тарихта тұңғыш рет әзер дегенде шетелге алып шыққан сиқырлы тұқым" ретінде дәріптеп отырған канадалық тұқымдар Қазақстанда еккенде мәлімделген жоғары өнімділікті көрсете алмаған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу