"Мінсіздігін қалай білеміз?": Мәжілісте Конституциялық сот туралы заң жобасы қаралды

2111

Бейтарап сарапшылар "тәуелсіз орган бола алмайды" деп бағалаған "Конституциялық сот" туралы конституциялық заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда қаралды. Жобаны Әділет министрі Қанат Мусин таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Мінсіздігін қалай білеміз?": Мәжілісте Конституциялық сот туралы заң жобасы қаралды

Конституциялық кеңес енді Конституциялық сот болып құрылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы жолдауында айтқан.

Министр Мусиннің жобаны түсіндіруіне қарағанда, Конституциялық сот Қазақстанның сот жүйесіне кірмейді. Оны тағы бір жоғарғы инстанция деп санауға болмайды. Онда даулар және Жоғарғы сот пен жалпы соттардың шешімін бұзуға деген шағымдар қаралмайды. 

Құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Яғни Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық сотқа берілді.

Бірақ азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей тиетін нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады.

Сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді.

Конституциялық соттың үш судьясы – Сенат, үш судьясы Мәжіліс арқылы тағайындалады. 

"Кандидаттардың мінсіздігіне қалай көз жеткіземіз?", – деп сұрады депутаттар.

"Кандидаттарға депутаттар баға береді. Яғни олар талапқа сәйкес пе, жоқ па – өздеріңіз бағалайсыздар", – деп жауап берді министр. 

Жалпы заң жобасы үш бөлім, 10 тарау, 68 баптан тұрады.

Конституциялық сот құрылатыны белгілі болғанда бейтарап сарапшылар оның тәуелсіз орган бола алмайтынын айта бастады. Себебі ондағы судьяларды Парламент тағайындайды, ал Парламент Президентке бағынады. Шын мәнінде парламент атқарушы биліктен тәуелсіз болуға тиіс. 

Қазақстанда Конституциялық сот тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында болған. Конституциялық сот судьясы болып істеген Сабыр Қасымовтың айтуынша, Конституциялық соттың "конституцияға қайшы келетін президент жарлығы мен заңдарды, мемлекеттік орган актілерінің күшін жоятын" құзыреті болған. Ал Жоғарғы кеңестің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахманов "1993 жылы тұңғыш конституцияны қабылдағанда өркениетті елдің тәжірибесі ретінде Конституциялық сотты кіргізген едік. Оған президент те бағынатын. Оны парламентті таратуға пайдаланды да, кейін жойып жіберді" деген. Кейін оның орынын "ешқандай құзыреті жоқ" Конституциялық кеңес алмастырған.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қатысып отырған 98 депутаттың біреуі дауыс бермеді, 97-сі жақтады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу