Мобильді төлем мен аударымның жыры қайта басталды

6483

Банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне мобильді төлемге қатысты мәлімет беруге міндеттелді.

Мобильді төлем мен аударымның жыры қайта басталды

Үкімет мобильді аударымдарды бақылауға қатысты жобаны жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Жарты жыл бұрын смартфон арқылы жасалатын банк төлемін бақылау кәсіпкерлерге ғана қатысты болатыны мәлімделген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың мобильді аударымдарының белсенділігін бақылау туралы бастамасы көптің көңіліне күдік ұялатып отыр. Бұл – елдің цифрландыру жүйесіне жасалған соққы ма, әлде қарапайым азаматтардың қалтасын қағуға жасалған қадам ба? Әзірше белгісіз. Дегенмен салықшылар мобильді аударымдарды бақылау арқылы жеке тұлғаның кәсіпкерлікке қатысы бар, не жоқ екенін анықтамақшы.

Жеке тұлғаның ағымдағы банк шотына қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түссе, онда бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу болып тіркеледі. Тиісті түзету салық кодексіне енгізілді. Бұдан бөлек банктерді осындай операцияларға қатысты мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне беруге міндеттейтін ереже әзірленді. Сәйкесінше, банктер сұрау салынған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуы мүмкін деген азаматтардың аударымдарына қатысты деректі мемлекеттік кірістер комитетіне тапсырады.

Кәсіпкерлік қызмет белгісі бар мобильді төлем бойынша мәлімет алмасу 2025 жылдан бастап енгізіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, Қазақстанда жеке тұлғалардың аударымдарын бақылауға жекелеген кәсіпкерлердің мобильді аударымдар бойынша салық төлеуден бас тартуы мен аударым санының көбейіп кетуі себеп болды.

Көлеңкемен күрес

Салық кодексіне, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және адал бизнесті қолдауға бағытталған түзетулерден басталды. Заң жобасының талқысына "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен екінші деңгейлі банктер белсенді қатысты. Әу баста құжатта қарапайым азаматтардың аударымдары мен кәсіпкерлердің коммерциялық төлемдерінің аражігі ажыратылып, жеке-дара қарастырылатыны айтылды. Мұны Қаржы министрлігі бірнеше рет растап, жеке тұлғалардың жеке аударымдарына салық салынбайтынын жариялады. Ал "Мобильді аударым" және "Мобильді төлем" ұғымдарының арасындағы айырмашылық салық декларациясында кәсіпкерліктен түскен табысты көрсетуге мүмкіндік береді деп нақтыланды.

Өкінішке қарай, кәсіпкерлер жаңашылдықты қолдамады. Базарлар, бірқатар дүкендер қолма-қол ақшамен есеп айырысуға көшті. "Салық мөлшерлемесі өзгермейді, қосымша салық жүктемесі болмайды. Бұл шара заңды ақша айналымын көрсету үшін ғана қажет", – деп сұхбат берді сол кездегі қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

Екінші деңгейлі банктер де қарап қалмады. Банк өкілдері жеке тұлғалардың жеке мақсатта жасалған мобильді аударымдары туралы дерек жалпыға ортақ декларация тәртібі енгізілгенге дейін, яғни кем дегенде алдағы 3 жылда салық органдарына берілмейді деп мәлімдеді.

Резидент қателессе

Мобильді төлемдер мен аударымдарды бақылау көлеңкелі бизнеспен күреске бағытталады деген уәжге сенуге тиіс болады. Бірақ мұның салдары өзіне ауыр тиеді.

Депутат Мақсат Раманқұлов қаржы институттары мәселені күрделендіріп отыр деп санайды. Бұл туралы ол: "Фискалдық органдар "Сау басқа сақина тілеп" отырған секілді. Алаяқтарды ізіне түсіп анықтаудың орнына, олар кең ауқымды әдіспен әрекет етуді жөн көріп отыр. Яғни барлығына адал кәсіпкерлерге де, жосықсыз кәсіпкерлерге де, тіпті кәсіпкерлікке қатысы жоқ қарапайым азаматтарға да бір тәсілді қолданбақшы", – деді.

Оның айтуынша, алыпсатарлар шенеуніктердің тәуекелді бағалау арқылы аударымның бизнеске қатысы бар не жоқ екенін анықтау оңай деген сөзіне сенбейді.

Депутат салық органдары күні бүгінге дейін жүздеген азаматқа өздеріне тиесілі емес автокөлік пен жылжымайтын мүлік үшін айыппұл қосылған хабарлама жіберетінін еске салды. Бұған қоса салықшылардың қателігінің кесірінен сот орындаушылары қарапайым азаматтардың ел аумағынан шығуына шектеу қоятынын, ал мәліметтер базасындағы қателер жылдар бойы түзетілмей тұратынын айтты.

"Банк карталары мен электронды әмияндарды бұғаттау қаржы секторындағы цифрландыруға теріс әсер етеді. Салық органдарының қызметкерлері алаяқтарды ұстап, бюджетті толықтырғысы келсе, адал еңбекпен табыс тауып жүргендерді мазаламай, жемқорларды іздеп тауып, оффшорлық шоттардағы қаражатты қайтарсын. Кез-келген салықтың экономикалық негіздемесі болуы керек. Біз салықшылардың жаңа бастамасынан дәйекті негіздеме көрмей тұрмыз", – деді Мақсат Раманқұлов.

Кедергі келтіріліп жатыр

"Ашық НҚА" ресурсына отандық банктердің кәсіпкерлік қызметтен пайда табуы мүмкін деген жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсыратыны туралы құжат орналастырылды. Бұл құжат 2 наурызға дейін көпшіліктің талқысына салынады.

Бұйрық жобасында кәсіпкерлік қызметтің белгісі бар операциялардың өлшемдері туралы айтылады. Мұндай операцияға бір жеке тұлғаның банк картасына 3 ай ішінде 100 және одан да көп адамнан ақша аударымының жасалуын жатқызу ұсынылды. Бір қызығы жалпыға қолжетімді құжатпен танысқысы келетіндер оны "RАR" форматында компьютерге жүктеуге тиіс. Бұл талап адамдарға ыңғайсыздық туғызып, құжатпен танысуға кедергі келтіріліп жатыр. Азаматтардың айтуынша, құжатпен танысуға, оны талқылауға және ұсыныс білдіруге қолайсыздық туғызу үшін әдейі осылай жасалған.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу