Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері Ресейден кеткен еркектер саны соңғы деректерге сәйкес 260 мыңға, жалпы қоныс аударғандар 300 мыңға жеткен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Жақын шетелден қоныс іздегендердің таңдауы көбіне Қазақстан, Грузия, Финляндия мен Моңғолияға түскен. Салдарынан шекараларда кептелістер туындап, түрлі бизнеске жол ашылып, такси бағасы өскен.
Қазақстан ең оңтайлы бағыт екені рас па?
Қашуға ең оңтайлы жол деп танылған Қазақстанға мобилизация жарияланғаннан бері 98 мың ресейлік келген. Жалпы екі ел арасындағы шекарада 30 автокөлік өткізу пунктері жұмыс істейді. 22 қыркүйек күні таңнан бастап желіде шекарадағы ұзын соңар кептелістер жайлы айтыла бастады. Келесі күні бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті растады.
"21 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жеңіл автокөлік құралдарының кіру көрсеткіші 20 пайызға өсті. Салдарынан Ресеймен шекараның кейбір учаскелерінде автокөлік құралдарының кептелісі байқалады", – деп хабарлады ведомствода.
Әсіресе, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы шекараларда автокөліктер көп жиналған. Ресейліктер кептелістен шекараға дейін жету уақыты 3 тәулікке дейін созылуы мүмкін екенін айтады.
"Өте баяу қозғалып жатырмыз. 15 сағатта бір ғана шақырымды бағындырдық. Қасымыздағы автобустың кептелісте тұрғанына 50 сағаттан асты. Шекараға енді жеткендер бақылау пунктіне дейін жету үшін жолда 3 тәулік тұруы мүмкін. Біз келгелі бері кезек одан сайын арта түсті", – деді ресейлік.
Кейбір шекара аймақтарында жаяу өткізбейтіндіктен, адамдар көліктегі орындарды сатып ала бастаған. Кезекте тұрғандар бір орынға 50-100 мың теңгеге дейін төлеп жатқан көрінеді.
Әр шекара пунктінде елге кіргізу әрқалай жүргізіліп жатқан сияқты. Кейбір ресейліктер Қазақстанға "еш қиындықсыз, бірер сағатта кірдік" десе, өзгелері мүлдем өте алмағандарын айтады.
"Қазақстан шекарасында бізді жақсы қарсы алды. Жұмыс бабымен келгендерге сұрақтар көбірек қойылды, ал біз "демалуға келгендіктен" бізден ештеңе сұралмады. Соңғы қадам – заттарды тексеру. Шекарашы жігіт бізге жанашырлықпен ұзақ қарап, сәттілік тіледі", – деді Самарадан келген Ангелина есімді ресейлік.
Бірақ бәріне бірдей Қазақстанға кіру сәті түспеген. Мысалы, Максим (аты кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілген) үш досымен бірге Астрахан облысындағы "Қараөзек" БӨП арқылы Ресей-қазақ шекарасынан өтпек болған, тіпті, қазақстандық таксистпен келіскеннің өзінде ресейлік жақ оларды қайта қайтарған. Ал 26 қыркүйек күні Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі Қазақстан арқылы мобилизацияға тиістілерді шекара қызметкерлері жібермейтінін ресми түрде хабарлады. Демек енді ресейліктер үшін Қазақстан арқылы шекара асу қиынға түспек.
Грузия шекарасынана самокаттар мен велосипедпен өтуде
Шекарадан асудың тағы бір жолы – Грузия. Бүгінге дейін 53 мың ресейлікті қабылдап үлгерген елдің шекарасында көліктерден құралған кезек әлі де болса қысқарар емес. "Настоящее время" жүргізген репортажда адамдар кептелісте 30-40 сағат тұруға мәжбүр екені айтылады. Соған қарамастан Ресей шекарасынан өте алмай жатқандар да жеткілікті. Себебі ресейлік бақылау пунктінде әскерге шақыру қағаздары таратылып жатқаны жайлы сыбыс бар. Ал грузиндіктер Қырымды Украинаның бір бөлігі ретінде мойындамайтындар мен Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузия деп танудан бас тартқандарды кері қайтарып жатыр. Ұлтшыл символика үшін де шекарадан өтпей қалу қаупі бар.
Шекарада жиналған көліктердің көптігіне байланысты Солтүстік Осетия билігі көлік қозғалысына шектеулер қойды. Бұл күндері ресейлік "Верхний Ларс" өткізу пунктінің алдындағы кептеліс 15, тіпті 20 шақырымға дейін созылады.
Түрлі телеграм арналарда шекараны өтудің оңтайлы жолдарына қатысты кеңестер берілуде. Кезекте ұзақ тұрмас үшін самокаттар мен велосипедтер сатып алып, Грузия шекарасын жылдам өтуге болатын көрінеді. Шекара тұрғындары әп сәтте "бизнесмендерге" айналған. Сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүретін самокаттар 35 мың рубльден, 50 шақырым жылдамдықпен зулайтындар 65 мың рубльден сатылып жатыр. Қызметті қолма-қол немесе аударма арқылы төлеуге болады екен. Ал көлікпен келгендер кептелісте кем дегенде бір күн тұруы мүмкін. Дегенмен бақылау-өткізу пунктінен кейін жол ашық.
Финляндия шектеу қойғанымен, келушілер айзаймады
Шенген визасы бар ресейліктердің Балтық елдеріне кіруіне тыйым салынғаннан кейін, Финляндия арқылы шекара асқандардың саны күрт көбейді.
Жергілікті шекара қызметінің мәліметінше, елге 21 қыркүйектен бастап есептегенде 43 мыңға жуық ресейлік азаматтар келген.
Финляндия Президенті Саули Ниинисте және Үкімет министрлер кеңесінің Сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі комитеті 23 қыркүйек күні Ресей азаматтарының кіруіне, сондай-ақ оларға виза беруге айтарлықтай шектеу қойғанымен, қоныс аударушылар саны азаймай отыр.
26 қыркүйекте Суоми шекарашылары жарияланған соңғы ақпарат бойынша, Финляндияға бір күнде тағы 8000-ға жуық ресейлік кірген. Шекарадағы қозғалыс тығыз, кезекте 70-ке дейін көлік тұр.
"Қозғалыс бір сәтке болсын тоқтаған жоқ, бірақ демалыс күндермен салыстырғанда келушілер қарқыны төмендеді. Олардың көпшілігі басқа елдерге кетіп жатыр", – деп хабарлады фин шекарашылары.
Демалыс күндері Ресей мен Финляндия шекарасында автомобильдер кептелісінің ұзындығы бес шақырымға дейін жеткен. Ваалимаа, Нуямаа және Иматра шекара бекетіндегі қозғалыс түнгі уақытта да тоқтамаған. Сенбі күні 13,3 мың адам шекарадан өткен болса, жексенбіде – 14,3 мың адам қабылданған.
Моңғолия буряттар мен тувалықтарды құшақ жая қарсы алды
Ресей мигранттары арасында ең танымал елдердің қатарына Моңғолия да кіріп отыр. Моңғолияның экс-президентінің Ұланбатыр Ресейдегі "бурят-моңғолдар, тува-моңғолдар мен қалмақ моңғолдарын" құшақ жая қарсы алатыны жайлы мәлімдемесі қоныстанушылардың қызығушылығын қыздыра түсті.
Ресейдің шекаралас аймақтарынан Моңғолияға сегіз автокөлік өткізу пункті мен Ұлан-Удэ әуежайы арқылы жетуге болады. Олардың ішінде ең танымалдары – Бурят мемлекеттік шекара аймағындағы "Кяхта" мен "Монды" өткізу пункттері. Жергілікті БАҚ пен Telegram арналарында жазылғандай, басқа да шекара бекеттерінде келушілер саны өскен. Әлеуметтік желілердегі шекарадағы көші-қон процесін белсенді талқылаудың нәтижесінде әзірге "Ташанта-Цагааннуур" өткізу пункті ең оңтайлысы деп танылды.
Моңғолия Сыртқы істер министрлігі Шекаралық бақылауда "жағдай тұрақты, ешқандай кезек жоқ" дегенімен, БАҚ-та жарияланған ақпараттар мен белсенділер пікірлері қарама-қайшы.
Петр Дондуков есімді белсенді шекарадан өтуде белгілі бір қиындықтар барын, адамдар көп жиналғандықтан, кептелістер туындағанын айтады.
"Түнде [22 қыркүйектен 23 қыркүйекке] кезек [Бурятия мен Моңғолия шекарасында Кяхта бақылау-өткізу пунктінде] баяу жүрді. Таңертеңгі жетіден кейін ғана кезек қозғала бастады. Қазір Ресей шекарашылар тарапынан шектеу қойылған – күніне бес мың ғана адам өте алады. Бұл ресми ақпарат. Халық көп жиналғандықтан, Кяхта бақылау-өткізу пунктінде полиция мен жол полициясы қызметкерлері кезекшілікке шыққан", – деді белсенді.
Шекара аумағында автобустар тоқтаусыз жүріп тұр. Көліктер қаптап кеткен. Адамдарға кезекте 6 сағаттан 12 сағатқа дейін тұруға тура келеді. Жергілікті тұрғындар мұндай дүрбелеңді бұрын соңды көрмегендерін айтады.
Жалпы мобилизация жарияланған күннен кейінгі аралықта Моңғолия Шекара қызметкерлерінің мәліметтеріне сәйкес, 3,8 мың ресейлік шекарадан өткен. Сарапшылар олардың көп ұзамай Орталық Азияға немесе Оңтүстік Кавказ елдеріне қарай қоныс аударуы ықтимал екенін болжап отыр.
Украина жеріндегі соғыс қимылдарының жаңа серпілісі көршілес елдегі "ішінара" мобилизацияны толыққанды етуі мүмкін. Ондай жағдайда эмигранттардың арта түсуі күтілуде. Қоныстанушылардың келесі толқынын қабылдау не қабылдамау көршілес елдердің саяси ұстанымына байланысты болмақ. Бірақ қазірдің өзінде ресейліктер үшін кету бағыттары азайғанын көріп отырмыз, оған қоса Ресейде қашқындарды қыспаққа ала бастады. Соған қарағанда алдағы уақытта заңсыз шекара асушылардың көбею қаупі туындауы мүмкін.