Модуль қымбат, ақша тым қат

2374

Павлодарлық кооперативтер сүт пен етке арналған модульдік пункттерді бағаламай отыр.

Модуль қымбат, ақша тым қат

"Сүт, ет бағытындағы кооперативтердің өндіріс көлемін ұлғайту үшін мал соятын немесе сүт қабылдайтын модульдік пункт болуы керек. Оңтүстіктегі кооперативтермен салыстырғанда, біздің кооперативтер әлі күнге дейін осының нарқын білмей отыр. Мәселен, қасапхана әзірлейтін алматылық өндірушілер Оңтүстік Қазақстан облысынан 90 данаға тапсырыс алса, павлодарлықтар екі-ақ тапсырыс қабылдаған", – деді abctv.kz-ке Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің (АӨК) бірінің маманы Талғат Сұлтанов.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ ауыл шаруашылығы кооперативтерін жеңілдетілген бағдарламамен қаржыландырады. "Ынтымақ" бағдарламасы бойынша бал, көкөніс өнімдері, сүт және ет жинау мен өндіруді қаржыландыру қарастырылған. Бұл ретте инвестициялық шығындардың 50%-ы мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі. Сонымен қатар несиеге алған құрылғыны кепілдік орнына қою рұқсат берілген.

"Облыста 119 АӨК бар. Олардың бәрі аталған модульдерді сатып ала алады. Бірақ кооперативтер кезекке тұруға асықпай жүр. Олар модульдердің қажеттілігін әлі күнге дейін дұрыс түсінбеген тәрізді. Ендібіреулері бағаның қымбаттығын алға тартады", – дейді сарапшы.

Ветеринарлық талапқа сай, бір уақытта үш тоннаға дейін ет сақтауға мүмкіндігі бар тоңазытқыштармен қамтылған, сағатына бес бас малды союға арналған орташа деңгейлі қасапхана шамамен 17 млн теңге тұрады.

"Бүгінде төрт түлік мал жеке аулаларда сойылады, өткізу нарығын әркім өзі іздейді. Ал сүт қабылдау пункттері кооперативтердегі сүт жинау ісін ғана емес, оны сүзгіден өткізу, салқындату және сапасын тексеру мәселелерін бір жерде реттеуге мүмкіндік береді", – деді Талғат Сұлтанов.

Павлодар облысында "Профила" ЖШС-ның жұмыс істеп жатқанына жарты жылдай уақыт болды. Олар модуль дайындау ісін Астанада бастаған. Қазір елордада филиалы бар. Павлодарлықтар көліктік және теңіздік контейнерлерді негізге алады және оны тиісті қалыпқа түсіреді. Сондай-ақ ресейлік үлгіні де қолданады.

"Павлодарлық компания бұл іспен айналыспас бұрын Ресейдің тәжірибесін зерттеді. Бұл бағытта Омбы қаласының компаниялар көш бастап тұр. Олар аталған нарыққа бізден үш жыл бұрын келді. Омбылықтардың тәжірибесіне сүйенсек, контейнерлік негіздегі модульдерді құрастыру тиімді шешім болып табылады. Мұндай модульдер берік әрі кез келген жағдайға арналған", – деді Талғат Сұлтанов.

Қазақстанда модуль өндірумен айналысатын елге танылған беске тарта  компания бар. Нарықтағы ең алғашқы компаниялардың бірі Алматыда құрылған. Оның қызметі елдің оңтүстік өңірлеріне бағытталған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының есебінше, бүгінде өңірге 15-20 сүт қабылдау пункті және 10 қасапхана модулі қажет.

Павлодарлық өндірушілер АӨК үшін сауда павильондарын құрастырумен де айналысқысы келеді. Алайда оларды сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланбайды.

Талғат Сұлтановтың пікірінше, тағы бір әлеуетті бағыт бар. Ол – құрама ғимараттарды, меншікті нысандарды ұйымдастыру.

Мәселен, павлодарлық омарташылар облыс шенеуніктері алдында модульдік павильондарда балды өңдеуге және қалыптауға арналған желілерді сатып алу қатежттігі туралы мәселе көтерген еді. Бұл сұрақ кооперацияларға қатысты семинарда талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне балды өңдеуге және қалыптауға арналған желілердің, сондай-ақ модульдік павильондардың бағасы бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар кооперативтерге мұндай құрылғыны сатып  алу тиімді болу үшін субсидия бөлуді қарастыруды ұсыны.

Еркебұлан Қыздарбек, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу