Қазақстан 120 елге 800-ге жуық тауар экспорттайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4208

Қазақстанның экспорттық себеті жыл сайын 5-6 тауармен толығады. 

Қазақстан 120 елге 800-ге жуық тауар экспорттайды

2018 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 15,7 млрд АҚШ долларын (2017 жылы 15,6 млрд АҚШ доллары) құрады. Минералдық өнімдердің экспорты 14,6 пайызға (мұнай өнімдері, тас көмірден алынған кокс және жартылай кокс, мұнай битумы), машина жасау 11 пайызға, азық-түлік тауарлары 7,6 пайызға, химия өнеркәсібі 2,6 пайызға (тыңайтқыштар, сары фосфор, полимерлер) өскен.

"Былтыр біз алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктері нарығына өнеркәсіптік көлемде бал экспорттай бастадық. Балды шығысқазақстандық "Пасека" шаруа қожалығы экспорттап отыр. Қожалық 2 млн АҚШ долларының өнімін жеткізді. Бұдан бөлек, Қытай нарығына алғаш рет отандық ет пен балмұздақ жөнелтілді. батысқазақстандық "Кублей" ЖШС 96 млн АҚШ долларына 20 мың тонна мұздатылған қой етін экспорттады. Ал "ШинЛайн" серіктестігі 3 млн АҚШ долларына отандық балмұздақты шекара асырды", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Министрдің хабарлауынша, экспортты дамыту және ілгерілету мақсатында отандық экспорттаушыларға мемлекеттік қолдаудың түрлі қаржылық және қаржылық емес шаралары көрсетілуде. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылық және 400-ден астам компания сервистік қолдауға ие болып келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттаушыларға 107,37 млрд теңге сомасында қаржылық қолдау көрсетілген.

Қаржылық қолдау шараларының операторы – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстанның Даму Банкі, "Даму" қоры және "Қазақэкспорт"акционерлік қоғамы.

Экспортты дамытуға бөлінген қаражат сақтандыру мен кепілдік беру көлемін ұлғайтуға, көлік шығындарын өтеуге және экспорттаушыларға кең сервистік қолдау көрсетуге (көрмелер, маркетинг, өткізу нарықтарын кешенді талдау және сертификаттауға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу) мүмкіндік береді.

Министрдің мәліметінше, ағымдағы жылы экспорттаушыларға дайын тауарларды экспорттау кезінде алғаш рет көлік шығындарын өтеу қарастырылған.

Жалпы алғанда, экспорттаушыларды қолдау үшін қабылданатын жүйелік шаралар 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу