Қазақстан 32 мың тонна ет экспорттады

4971

2020 жылы мал шаруашылығы саласын субсидиялау шарты өзгереді.

Қазақстан 32 мың тонна ет экспорттады

Биылғы жылдың соңғы алты айында ауыл шаруашылығы министрлігі етті, сүтті қара мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламаларын жүзеге қалай асырды. Шаруа қожалықтарын қолдауға бағытталған "Сыбаға", "Алтын асық" бағдарламалары қандай нәтиже берді. Бұл сұрақтарға ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жауап берді.

"Аталған бағдарламалар аясында 51 мың бас ірі қара сатып алуға қаржы бөлінді және ол тиісінше игерілді. Елімізге алыс-жақын шетелден 14 мың бас ірі қара әкелінді. Бұған қоса 170 мың бас аналық қой сатып алынды. Мал бордақылау алаңдарына 160 мың мал тапсырылды", – деді департамент директоры.

Бұдан кейін ол биыл Қазақстан эт экспорты бойынша рекордттық көрсеткішке қол жеткізіп, ел аумағынан тыс жерге 32 мың тонна ет және ет өнімін жөнелткенін жеткізді.

"Өзбекстан мен Ресей бізден 18,8 мың тонна сиыр етін сатып алды. Иранға 3 300 тонна қой еті өткізілді. Қараша айында тұңғыш рет Қытай нарығына қой еті экспортталды. Атап көрсетерлігі, Қазақстан мен Қытайдың ветеринарлық талаптары сәйкестендірілді. Алдағы уақытта ет экспортымен айналысатын Қазақстан кәсіпорындары Қытай нарығының тізіміне енеді. Биыл ет өндірісі 4,8%-ға ұлғайып, мал шаруашылығы саласының табысы 1,8 трлн теңгеге жетті", – деді Еркебұлан Ахметов.

Оның сөзінше, салалық бағдарламалар аясында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.

"Сүтті қара мал шаруашылығын дамыту үшін 15 сүтті-тауарлық ферма іске қосылды", – деді департамент директоры.

Мал шаруашылығын субсидиялау туралы сөз қозғалғанда Еркебұлан Ахметов оңтайландыру шараларын қолдану арқылы бағдарламаның 3  тармағы тиімсіздігіне байланысты қысқартылғанын айтты.

"Бұл шешімді "Атамекен" ҰКП және салалық одақ өкілдерімен ақылдасып отырып қабылдадық. 2020 жылдан бастап мал шаруашылығын дамытуға алынған несие мен лизингтің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады", – деді департамент директоры.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу