Мал экспортына салынған тыйым мүдде қақтығысын туғызды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8566

Шикізат тапшылығы отандық ет комбинаттарын тығырыққа тіреп тұр.  

Мал экспортына салынған тыйым мүдде қақтығысын туғызды

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша мал шаруашылығы саласына жыл сайын бюджеттен 116 млрд теңге бөлінеді. Қомақты қаржының 60 млрд теңгесі  асыл тұқымды мал өсіруге, ал 56 млрд теңгесі мал өнімдерін өндіруге жұмсалады. Осылай бола тұра біздің ел етті сырттан тасып жейді.

Былтыр еттің импорты экспорттан 8 есе артық болды. Ішкі нарықтың 38%-ын шет мемлекеттен келген шұжық басып алды. Ал 2013-2019 жылдар аралығында елімізге Украина, Парагвай, Беларусь, Аргентина, Уругвай, Ресей, АҚШ, Моңғолия елдерінен ет әкелінді.

Естеріңізде болса, 2010 жылдан бастап үкімет шет мемлекеттен асыл тұқымды ірі қара тасымалдады. Бес жылдан кейін етке қарық болып, жылына 60 мың тонна сиыр етін экспорттамақ болды. Алайда жоспар іске аспады. Кейін мұның себебі еліміздегі мал басының статистикасы дұрыс жүргізілмеді және Ресей нарығына бағытталған жоба тығырыққа тірелді деп түсіндірілді.

Кейін олқылықтың орнын толтыру үшін ет экспортының нарығы кеңейтіліп, Араб, Қытай, Иран және басқа да елдермен байланыс орнатылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы 5,5 мың тонна, 2018 жылы 20 мың тоннаға жуық сиыр еті экспортқа шығарылды. Былтыр 25 мың тонна сиыр еті шетел асты.

Көріп отырғандарыңыздай, күні бүгінге дейін жоспардың жартысы да орындалған жоқ.

Осыдан 2 жыл бұрын елімізде етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама пайда болды. Сол арқылы шағын және орта шаруашылықтарға ірі қара сатып алуға жеңілдетілген несие берілді. Өкініштісі, бұл бағдарлама да салаға серпін бере алмады.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, ішкі нарықтағы шикізат тапшылығы отандық ет комбинаттарын тығырыққа тіреп тұр.

Былтыр ел аумағынан 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 78%-ын Өзбекстан, 14%-ын Армения алып кеткен. Бұған қоса 264 мың бас аналық қой шекара асқан. Тірі мал экспортының қарқын алуы шикізат тапшылығын туғызып, ет бағасының қымбаттауына түрткі болған. Осыған тосқауыл қою үшін өткен айда тірі малдың барлық түрінің экспортына тыйым салынды. Бұған дейін тек аналық басты ғана сыртқа шығаруға шектеу бар болатын.

"Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдерінің бағасын өсіріп жіберді. Шикізат тапшылығының салдарынан отандық ет өңдеуші кәсіпорындар мен бордақылау алаңдарының жүктемесі қысқарды", – деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, тірі малдың экспортына салынған тыйым елдегі мал басының көбеюіне, ет комбинаттарының шикізатпен қамтылуына сонымен қатар өңделген өнім экспортының артуына септігін тигізеді.

"Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, министрлік қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыруы тиіс. Мақсатқа жету үшін жоғарыдағыдай нақты шаралар жүзеге асырылуы керек", – деді Айдарбек Сапаров.

Атап көрсетерлігі, елімізде тірі малдың экспортына салынған тыйымға қарсы тұлғалар бар. Мысалы "Қазақстан ет одағы" басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы министрлігінің тірі мал экспортын шектеу туралы шешімі дұрыс емес деп санайды. Ал ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков Асылжан Мамытбековпен келіспейді.

"Министрліктің тірі мал экспортын шектеу туралы шешімін қолдаймын. "Қазақстан ет одағы" басқарма төрағасының пікірінше, жылына 63 мың тонна ет экспортталады. Біздің ел жылына импортты қосқанда 1 млн 200 мың тонна ет тұтынады. 63 мың тонна ет экспорттың 5% ғана. Меніңше, бұл ішкі нарыққа әсер етпеуге тиіс. Тірі малдың экспортына уақытша шектеу қою дер кезінде қабылданған шешім деп білемін. Малды шекарадан шығару үшін ветеринарлық рұқсат керек. Қазақстанда мұндай лицензия 6-7 компанияда бар. Дарығып жатқан солар. Себебі өздерінің пайдасын ойлап отыр",– деді Төлеутай Рахымбеков.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу