"Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың драйверіне айнала алмады"

3919

Министрлік қосымша 35 млрд теңге сұрады.

"Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың драйверіне айнала алмады"

"Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер бұрмаланады. Обьективті сараптама жүргізілмейді. Салдарынан нақты нәтижеге қол жеткізбейміз". Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев "Шағын және орта бизнестің дамуы Президент назарында" деген тақырыппен елорда да өткен жиында осылай деп дабыл қақты.

"Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджет қаражатынан 341, 5 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек жеке шаруа қожалықтары 271,2 млн теңге көлемінде жеке қаражат қосты. Алайда ауыл шаруашылығы саласы экономиканың драйверіне айнала алмады. Құйылған қаржының нәтижесі айтарлықтай болмады", – деді депутат.

Нұржан Әлтаевтың сөзінше, ауыл шаруашылығының болашағы бар салалары қазына қаржысынан қағыс қалады.

"2018 жылы ШҚО құс фабрикасы 1,4 млрд субсидия ала алмады. Алматы облысы 2,6 млрд теңгеден қағылды. 2019 жылы Алматы облысындағы "Алель Агро" және "Асыл құс Агро" ЖШС-ның 570 млн теңгеге берген сұранысы қанағаттандырылмады. Елімізде ет және құс шаруашылығы жақсы дамып келе жатқанын ескеретін болсақ, жоғарыдағы облыстарға субсидия бермеу дұрыс шешім емес деп ойлаймыз", – деді ол.

Нұржан Әлтаев ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайды жақсы етіп көрсету үшін ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жалған мәлімет беруге барғандарын тілге тиек етті.

"Бір жыл бұрын министрлік 34,4  мың тонна ет экспорттағанын жариялады. Оның ішінде 18,8 мың тонна сиыр еті болғаны айтылды. Мәлімдеме жыл басында жасалды. Кейін статистика комитеті 2018 жылы экспортқа шығарылған барлық еттің жалпы көлемі 16,7 мың тоннаны құрағанын айтты. Яғни көрсеткіш 2 есе аз. Бұл жерде сиыр етінің экспорты 3,7 мың тоннаны ғана құрап, 5 есе кем көрсеткіш көрсетті. Бұл қадамға төмен көрсеткішті бүркемелеу үшін барғандары белгілі. Бұлай жалғаса беретін болса сала  мүлде тоқырап,  тұралап қалмай ма? Кімді, неге алдайды?" – деді мәжілісмен.

Нұржан Әлтаев ауыл шаруашылығы министрлігі бюджетті дұрыс жоспарламайтынын алға тартты.

"2018 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджетіне екі рет түзету енгізілді. Шығын 55,4 млрд теңгеге ұлғайды. Жалпы есепте басында бекітілген бюджет 16%-ға өсті. Биыл да министрлік бюджетіне өзгеріс енгізіп, қосымша 35 млрд теңге сұрады", – деп қорытты сөзін халық қалаулысы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу