2011-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Асылжан Мамытбеков тірі мал экспортына тыйым салу туралы министрліктің бастамасын сынға алды. Қазақстан ет одағының басқарма төрағасы мұндай шешім саланың динамикасына кері әсерін тигізуі мүмкін дегенді айтып отыр.
"Бұл жаңалықты біз жаңа естіп жатырмыз. Бұған біз қарсы болғанбыз. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім емес, уақытша шешім. Оған әлі бәріміздің көзіміз жетеді. Тіпті қазіргі динамикаға белгілі бір деңгейде тоқырау келтіруі де мүмкін. Қазақстан басқа елдердің шикізат базасы болып бара жатыр деген пікір айтылып жатыр. Мысалы, Аустралия жылына 1 миллионнан астам ірі қар малды тірі күйінде экспорттайды. Қойдың өзін бірнеше миллиондап экспорттайды. Индонезия, Қытай сияқты елдерге миллиондап мал сатса да, не Аустралия үкіметі, не фермерлер өзгенің шикізатына айналып барамыз деп, бұғып жатқан жоқ. Керісінше, халықаралық тәжірибеде жануарларды тірі күйінде экспорттау үлкен дәреже. Тірі малды кез келген елден сатып алмайды. Мысалы, Қытай Монғолияның малын сойғызып, шикі етті ыстық суға салдырып, вирустық микробтарды өлтіріп барып қабылдайды. Біздің малды өзге елдер тірідей алып жатса, ол ветериналық саламызға сенгені деп айтуға болады", – деді ол.
Сырттан мал сатып алу бастамасымен танымал болған бұрынғы шенеунік тірі мал экспортын шектеу мал өсіруге қайтадан көңілі ауып келе жатқан халықтың ынтасын түсіруі мүмкін деген пікір айтты.
"Ел неге малын тірідей сатып жатыр? Ол біздің ет комбинаттары шетелдік ет өңдеу кәсіпорындарымен бәсекеле алмай жатыр деген сөз. Өйткені олар біздікілерден жоғары баға ұсынып отыр. Біз кезінде тері экспортына сыйым салған болатынбыз. Сөйттік те, қылшығын шығарамыз деп, былшығын шығардық. Тері құнсызданып шыға келді. Бұрын бір мал сойса иесі терісін сатып қана 10 мың теңге табатын. Қазір теріні ешкім алмайды. Қоқыс қылып босқа тастап жатыр. Тіпті оның көзін жою үшін шығындалатын болды. Тері өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеміз деген талпысын бекер болды. Малдың ішкі өнімдерінің бәрін солай босқа тастап отырмыз. Өйткені оны ешкім өңдеп жатқан жоқ. Ал шетелдіктер барлығын кәдеге жарататындықтан, тірі малға біздегіден жоғары баға ұсынады. Уақыт өте келе ішкі нарықта шетелдік комбинаттармен бәсекелесе алатын кәіпорындар келеді. Сол кезде ғана малдың мүйізінен тұяғына дейін өңделіп, жақсы баға ұсынылатын болады", – дейді ет одағының басшысы.
Экс-министр Қазақстан Өзбекстанның шикізат нарығына айналды деген мәліметке қатысты пікір айтты.
"2010-2011 жылдары Қазақстанда аусылдың 10-нан астам ошағы бар болатын. Қазір ондайды көріп отырған жоқпыз. Тәсілді өзгертіп, вакцинаны ауыстырып едік, аусыл пышақпен кескендей тыйылды. Тірі малды тек Өзбекстан ғана емес, араб елдері мен Ресей де алып жатыр. Қазақстан Өзбекстанның шикізат базасына айналып бара жатыр деген уәжге былай жауап берер едім, Қазақстан Өзбекстаннан қайта өңделген ет өнімін алып отырған жоқ. Шұжық та, консерві де сатып алмайды. Малды тірі күйінде сатып, оны дайын өнім ретінде қайта алып жатырмыз деген сөз нақты жағдайға сәйкес келмейді. Бұл жерде бір анықтап айтатын дүние бар. Қазір бізде аналық малды экспорттауға тыйым салынған бұл дұрыс. Оны кезінде біз ұсынған болатынбыз. Ал малдың бәрін экспорттауға тыйым салу орынсыз", – деп қосты Асылжан Мамытбеков.
Есімжан Нақтыбайұлы