Жолдың жиі жабылуы ет бағасына әсер етті – АШМ

8147

"Жыл басынан бері ет бағасы 0,5%-ға өсті". 

 Жолдың жиі жабылуы ет бағасына әсер етті – АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов ет бағасы 16%-ға қымбаттады деген ақпарат шындыққа жанаспайды деген мәлімет айтты.

"Соңғы кезде БАҚ-тағы ет бағасы күрт өсті деген ақпаратты қатты айтылған деуге болады. Өйткені 13-16% қымбаттады деген мәлімет өткен жылмен салыстырғандағы өсім болып тұр. Ал қаңтар айынан бергі бағаны алып қарайтын болсақ, онша қатты өсіп отырған жоқ. Бір айдағы жалпы азық-түліктің өсімі 0,9% болса, ет бағасының өсімі 0,5% ғана болып отыр. Ал былтыр жыл бойында ет бағасы 13-16%-ға  өскенінің себебін айтатын болсақ, өздеріңіз білесіздер, құрғақшылық болды. Яғни мал азығы аз деген сөз. Құрама жем болатын астықтың да бағасы өсті. Осылайша мал өсіруге кеткен шығын ұлғайды. Тиісінше, еттің де қымбат болуы заңды", – деген министрлік өкілі жыл басынан бері жолдардың жиі жабылуын арадағы делдалдар сәтті пайдаланғанын да атап кетті. 

"Жаңа жылдан бері бірнеше күн бойы қардың тұрақты жауғанын білесіздер. Сол кезде күн сайын келіп тұратын ет жолдың жабықтығына байланысты келмей қалып, өсім болуы әбден мүмкін. Жол ашылғаннан кейін баға қалпына келе қояды деген де болмайды. Сондықтан еттің бағасына әсер ететін көптеген фактор бар. Оған қоса былтыр біраз малдың басы шетке тірідей экспортталып кетті. Ол малдың барлығы елдің ішінде сойылса, ұсыныс көбірек болып, баға да біршама төменірек болушы еді. Яғни сұраныстың аз болуы бағаға әсер еткен жағдайы бар. Жыл басында экспортқа тыйым салуымыздың себебі сол", – деді ол.

Сондай-ақ, Шаймерден Ахметов тауық пен ірі қараның еті ғана мемлекеттік тетікпен реттеліп отырғанын жеткізді.

"Еттің бағасы да өзге азық-түліктің бағасымен бірге реттеледі. 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасын мемлекет тарабынан реттеу бар. Реттеу болғанда бекіткен бағадан асырмайсың деген сөз емес. Табалдырықты немесе шекті баға орнату тәсілдері бар. Ондай меже кейінгі бірнеше жылдың өсіміне қарап отырып бекітіледі. Оны сауда және интеграция министрлігі жүргізеді. Сол 19 тауардың ішінде еттің екі түрі ғана бар. Ол – тауық пен ірі қараның еті. Солар бойынша реттеу жүргізіліп жатыр. Шекті бағалар бекітіледі.  Еттің басқа түрлері бойынша мемлекеттік реттеу жоқ. Ол нарықпен реттеледі. Бірақ баға әсер ететін жанама әсерлерді реттеу бойынша тірі мал экспортын жабу сияқты шаралар қолданылып жатыр. Мал азығын өндіруге субсидия бөлу де  реттеуге жатады", – деді маман.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу