Қазақстан ет конвейерін құра ала ма?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3131

Алдағы 7 жылда ет экспортынан 2,4 млрд доллар кіріс кіруі керек.  

Қазақстан ет конвейерін құра ала ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2027 жылға қарай еліміздегі ірі қараның саны15 млн-ға, ал қой саны 30 млн-ға жетеді. Қазір ел аумағында 7 млн 400 мың сиыр, 19 млн 100 мың қой бар.

Бүгінгі таңда сиыр мен қой етінің экспортынан қазынамызға жыл сайын 30 млн доллар түсіп жатыр. Министрлік алдағы 7 жылда табыс көлемін 2,4 млрд долларға жеткізуді жоспарлап қойған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәлімдеуінше, былтыр ірі қараның саны 44,9%-ға ұлғайып, ет өндіру көлемі 5,8%-ға артты. Нәтижесінде нарыққа 1,1 млн тонна ет шығарылды.

"Бүгінгі таңда сиыр, қой, жылқы және шошқа етінің 15%-ы ғана сырттан тасымалданады. Қалған 85%-ды өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Ал құс етінің импорты 44,7%-ды құрайды. Дәл осы импортты алмастыру таяу болашақта шешімін табады. 2021 жылдан бастап елімізде жылына 300 мың тонна құс еті өндіріледі. 2027 жылы бұл көрсеткіш 740 мың тонаға жетеді. Осы кезде жыл сайын экспортқа 150 мың тонна құс етін шығарамыз", – деді Сапархан Омаров.

Айта кетейік, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021

жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен  341 млрд 500 млн теңге бөлінді. Бұған шаруа қожалықтары 271 млн 200 мың теңге жеке қаражатын қосты. Себебі жоғарыдағы мемлекеттік бағдарлама аясында етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасы қабылданды. Ол Қазақстанда өндірілетін еттің экспорттын арттыруды көздеді. Ал шаруа қожалықтарының иелері үкіметтің қолдауымен шетелге ет экспорттаудан үмітті болды.

Мақсатқа жету үшін ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа бағыттауға және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағытты анықтады. Соның ішінде етті ірі қара мал шаруашылығы мен

қой шаруашылығының әлеуеті ерекше назарға алынды. Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтардың санын 20 мыңнан 65 мыңға дейін ұлғайту көзделді. Етті мал шаруашылығын дамыту үшін шаруа қожалықтарының иелеріне 15 жылға 4 пайызбен 50 млн теңге берілетін болды. Бұған қоса бағдарламада 350 бордақылау алаңын құру мен жайылымдарды тиімді пайдалану мәселесі қарастырылды.

Обалы не керек, бұл істің барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бірақ нәтижесі ойдағыдай емес.

Бұл туралы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев: "Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер бұрмаланады. Обьективті сараптама жүргізілмейді. Салдарынан нақты нәтижеге қол жеткізбейміз", – деді.

Етті мал шаруашылығын дамыту саласында ет өндірушілер өңдеушілер арасында тығыз байланыс жоқ. Себебі шикізат тапшы. Ет өңдейтін комбинаттар толық қуатымен жұмыс істемейді. Салдарынан қаржылық қиындыққа тап болады.

"Кублей" ЖШС, KazBeef LTD, "Бижан", Beefstream, "Импаер фуд", Мерке-ет", Meat Processing and Servic сынды ет өңдеу кәсіпорындары өкілдерінің сөзінше, етті мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өнімді алыпсатарларға өткізе салады. Салдарынан шикізат тапшылығы туындап, заңсыз ет айналымы пайда болады.

"Жығылғанға жұдырық" демекші, тірі мал экспортының қарқын алуы да

етті мал шаруашылығын дамытыға кері әсерін тигізді. Абырой болғанда үкімет тірі малдың барлық түрінің экспортына тыйым салды. Алайда бұған дейін ел аумағынан 156 мың бас ірі қара мал мен 264 мың бас аналық қой шығып кетті.

Айтпақшы, елімізде 180 млн гектар жайылым бар. Бірақ бұл жерде мал бағылмайды. Салалық ведомства бұл мәселені баяу шешіп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Қазақстанда ет конвейерін құрамыз, отандық ет өндірушілер мен ет өңдеушілерді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті қыламыз" деген амбициялық мақсаты бар. Ол орындала ма, орындалмай ма, оны уақыт көрсетеді. Ал қазіргі көрсеткіш пен жағдай көңіл көншітпейді. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу