Моңғолия Путинді тұтқындамады, қайта қызыл кілем жайып қарсы алды

3788

Моңғолияға қарсы халықаралық санкциялар енгізілуі мүмкін.

Моңғолия Путинді тұтқындамады, қайта қызыл кілем жайып қарсы алды Фото: РИА Новости. Кристина Кормилицына

РФ басшысы Владимир Путин Моңғолияға ресми сапармен ертерек, 2 қыркүйекте келді. Оның ұшағы "Буянт-Ухаа" халықаралық әуежайына түн жамылып қонды. Державаның көшбасшысын қарсы алуға моңғол лидері бармады. Орнына сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэг ханымды жіберді. Халықаралық сарапшылар Шығыста аса қадірлі, биік мәртебелі мейманды әйел затының қарсы алмайтынын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ертесіне Кремль қожайынының кортежі моңғол ханы, қазіргі тілмен айтқанда, Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесу үшін бірден сарайға емес, Сухбаатар (Сухэ батыр) атындағы алаңға тартты. Сондағы ресми қарсы алу салтанаты барысында дәстүр бойынша мемлекеттік құрмет қарауылының командирі қос лидерге баянат жасады, екі елдің гимні орындалды. Ресей басшысы Моңғолияның мемлекеттік церемониалды Әскери ақ туына тағзым ету шарасын өткізді.

Қарсы алу рәсімінен соң президенттер Шыңғыс ханның алып ескерткішінің алдына келіп, ұлы ханды ұлықтап, рухына тағзым етті. Тек осыдан кейін моңғол лидері қадірменді қонағын өзінің "Мемлекеттік сарайына" бастады.

Өз сөзінде Моңғолия Президентінің РФ басшысына: "Мәңгілік көк аспан еліне қош келдіңіз!" деп қайрылуы шетелдік журналистерді елең еткізді. Бәлкім, бұдан кейін халықаралық ақпарат айдынында "Мәңгілік көк аспан елі" Моңғолияның екінші көркем атауына айналуы ғажап емес.

Президенттер Моңғолияның Мемлекеттік сарайында алдымен оңаша сөйлесті. Ізінше ол екеуіне қос мемлекеттің ресми делегацияларының өкілдері қосылып, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Соңынан қос лидер ақпарат құралдарына сапарды қорытындылаған шағын мәлімдеме жасады. Бұл ретте моңғол әріптестеріміз алдымен сөз алған Хурэлсухтың ұзағырақ сөйлегеніне назар аударыпты. Зауқы соқпады ма, келіссөздер қорытындысына көңілі толмады ма, Путин қысқа қайырған.  

У.Хурэлсух биылды екі ел қатынастарындағы мерейтойлар жылы деп атады, Путиннің бұл келісін сонымен ақтады. 2024 жылы біріншіден, моңғол-кеңес әскерлерінің Халхин-Гол өзенінде жапон басқыншыларының бетін тойтарғанына 85 жыл толды. Ол "Халхин-Гол шайқасындағы бірлескен жеңіс" аталды. Екіншіден, Кеңес өкіметінің көмегімен "Ұланбатыр темір жолының" құрылуының 75 жылдығы атап өтілуде.

Үшіншіден, тура 65  жыл бұрын КСРО мен Моңғолия бірлесіп, осы елде тың көтерді, Моңғолияда егіншілік дамыды. Төртіншіден, ленинградтық құрылысшылардың жұмылуымен Эрдэнэт қаласының тұрғызыла бастағанына және бірлескен "Эрдэнэт" тау-кен байыту комбинатының салынғанына 50 жыл. Бесіншіден, Моңғолия мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 100 жылдығын тойлау да жалғасып жатқаны айтылды.

Әлем не күтті?

Бұл сапарға әлем көз тікті, сонда не күтті? Халықаралық сарапшылар мен ақпарат құралдарының қызу талқылауына тамыздық болған тақырыптар, болжам-тұспалдар жайына қалды. Біріншіден, 2028 жылға дейінгі Ұлттық даму бағдарламасына "Сила Сибири-2" алып газ магистралінің жобасын қоспай қойған Моңғолия ол жоспарын Путиннің сапарынан кейін де өзгертпейтін болды. Сапар қорытындысында газға қатысты бірде бір құжатқа қол қойылмады. В.Путин өз сөзінде ол жоба шикі, сондықтан ары қарай пысықталады дегенге келтірді. Демек, басты жобасын бастай алмай тұрған "Газпромның" жағдайы одан ары нашарлауы мүмкін.

Екіншіден, Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) мүше болған және онда моңғол судьясы отырған Моңғолия ХҚС-тің халықаралық ордері бойынша В.Путинді тұтқындап, Гаага тапсырмады. Салдарынан, алда оған қарсы санкция енгізілуі мүмкін. Өйткені Рим статутының мүшесі ретінде Моңғолия Путинді тұтқындауға тиістігін, ордерді орындау бойынша міндеттемесі барын ХҚС растады.     

ХҚС баспасөз хатшысы, доктор Фади әл-Абдалла Моңғолияның ынтымақтасудан бас тартуы және оның себептері мұқият зерделенетінін, содан кейін Рим статутына мүше елдердің Ассамблеясы "қажет деп тапса, міндеттемесін бұзушыға қарсы кез келген шара, санкция қабылдауы мүмкін" екенін ескертті. Қабылдамауы да мүмкін.

Үшіншіден, Украинамен соғыста қажып, әлі тая бастаған Ресейге Моңғолия әскер немесе әскери техника бермейтін болды. Президенттер шағын құрамдағы келіссөздер барысында "халықаралық күн тәртібіндегі өзекті, жаһандық сюжеттерді талқыға салғандарын" жеткізді. РФ басшысы Моңғолиядан көмек дәметіп келгенін меңзеді. Моңғолия ҰҚШҰ әскери одағына мүше емес, бірақ әскер не қару-жарақ бергісі келсе, "Жан-жақты қамтитын стратегиялық серіктестік туралы мемлекетаралық келісім" де жарар еді.

Меңзегенде не деді? Алдымен, 1939 жылы Мәскеу Халхин-Гол шайқасында Ұланбатырға дереу көмекке келгенін еске салды.

"Еске салайын, 1939 жылы одақтастық парызымызға адалдық танытып, біз моңғол үкіметінің Моңғолияға басып кірген жапон милитаристеріне тойтарыс беру үшін көмек көрсету туралы сұрауына шұғыл түрде ден қойдық! Біз бүгінде кеңес және моңғол жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігіне, табандылығына, қаһармандығына, асыл рухына тағзым етеміз. Сонда біз иыққа иық тірестіріп, бірге шайқастық, қатал, батыл түрде агрессордың бетін қайтардық. Сөйтіп, біз Моңғолияның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтап қалдық! Моңғол жеріндегі қиын-кескі шайқастарға 10 мыңнан астам кеңес солдаты мен офицері қатысты. Бұл мұраны келер ұрпаққа да табыстауымыз қажет", – деді В.Путин.

Содан соң ол моңғол жұртының кеңес халқына Ұлы отан соғысының ауыр жылдарында көмекке келгенін қаперге салды.

"Ресей нацизммен және милитаризммен күресте моңғол халқының қосқан сүбелі үлесін жақсы біледі және бағалайды. ҰОС жылдарында моңғолдар жинап берген қаражатқа "Моңғол араты" авиациялық эскадрильясының жойғыш ұшақтары, танктер жасалды. Бұл әскери техника "Революцияшыл Моңғолия" бригадасының құрамында Берлинге дейінгі даңқты жолды жүріп өтті. Моңғолия кеңес әскерлеріне жарты миллионнан астам ат жеткізді. Бұл да сол кезде қомақты көмек еді", – деп тамсанды РФ басшысы.

Бірақ ол қазіргі Моңғолияда нағыз демократия екенін ескермегенге ұқсайды. Моңғол жұрты соғысты қолдамайды. Ал, 6 жыл сайын ауысып тұратын моңғол президенттері қоғамның пікіріне міндетті түрде құлақ түреді. Сондықтан Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның көпвекторлы саясат ұстанатынын, мемлекеттердің территориялық тұтастығын ілгерілететін БҰҰ ұстанымдарын қолдайтынын бірнеше рет ескертті.

"Моңғолия мәңгілік көршісі Ресеймен ынтымақтастығын өзінің бейбіт, тәуелсіз, ашық және көпбағдарлы сыртқы саясаты аясында дамытуды жақтайды. Біз халықаралық қатынастарда өзара құрметке, плюрализмге, өркениетке, ұлттық мүдделер мен барлық елдің тең дамуына құрылған көпвекторлылыққа берікпіз. Біз әлемдік қатынастарда БҰҰ-ның орталық және үйлестіруші рөлін ары қарай нығайтуды табанды қолдаймыз", – деп жауап берді Путинге моңғол көшбасшысы. Яғни, Халхин-Голда бірге тұрысқан стратегиялық одақтасымызға әскери көмек береміз демеді.

Моңғолия бұл сапардан не ұтты?

Біріншіден, Моңғолия Еуразиялық одақпен "Уақытша сауда келісімін" бекітетін болды. Сапар қорытындысында РФ басшысы моңғол тауарларының ресейлік нарыққа жеткізілімін жеңілдететін бұл келісімді бекіту жұмысы аяқталғанын мәлімдеді. Бұдан Ресей де ұтады, өйткені санкциялар әсерінен солтүстік көршіміздің сауда орындарының сөрелері босап, өнімдер ассортименті жұтаң тарта бастады.

"Моңғолия мен Еуразиялық одақ еркін сауда туралы уақытша келісім бекітуге уағдаласты. Бұл келісім Моңғолия мен РФ арасындағы екіжақты сауда үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны жақсартады және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа, нақты мүмкіндіктер береді. Екі ел уақытша келісімді биылғы жыл соңына дейін бекітуге күш салуға уағдаласты. Оның қабылдануы арқасында Моңғолияның мал шаруашылығы өнімдерінің 375 аталымы ЕАЭО елдеріне экспорттала бастайды және бұл елдерде импорттық салық салудан босатылады", – деді келіссөз қорытындысында Президент У.Хурэлсух.

Олай болса, келесі жылдары қазақстандық сөрелерде де салықтан босатылған моңғол тауарлары қаптауы ғажап емес.

Екіншіден, Ресей моңғол астанасының жылу электр орталығын жаңғыртып беруді ұсынды. Ресейлік "Интер РАО" Ұланбатырдың ЖЭО-3-ін жаңғырту және реконструкциялау жобасына қосылудан үмітті. Егер Моңғолия Қытайды емес, Ресейді таңдаса, онда ол жаңа жабдық орнатып, станция генерациялайтын қуатты 3 есе арттыруға уәде етеді.

Үшіншіден, экологтардың қарсылығынан бұғатталған жаңа су электр станциясын бірлесіп тұрғызу жобасы орнынан қозғалғанға ұқсайды.

"Келіссөздеріміздің қорытындысында Моңғолия және РФ үкіметтері "Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы", сондай-ақ "Ұланбатырдағы ЖЭО-3 жылу электр станциясын реконструкциялаудың базалық жобасын әзірлеу туралы" келісімдерге қол қойды. Бұдан бөлек, тараптар "Эгийн-Гол" ГЭС-і жобасына ерекше көңіл бөлді. Бұл жоба ұзақ жылдан талқыланып келеді. Моңғолияның қоршаған орта министрлігі мен РФ-тің Табиғи ресурстар министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптардың күш салуы нәтижесінде "Эгийн-Гол" ГЭС-і жобасы орнынан қозғалғанына қанағаттану сезімін білдіремін", – деді Ухнаагийн Хурэлсух.

Төртіншіден, Ресей бұл елге шикі мұнайды, дизель мен бензинді жеңілдікпен жеткізбек. Жалпы, Моңғолия энергоресурстарда Ресейге тәуелді. Мысалы, Путиннің хабарлауынша, былтыр моңғол нарығы тұтынған бүкіл бензин мен дизельдің 90%-дан астамын Ресей жеткізген.

"Біз моңғол достарымыздың отын мен жанар-жағармай материалдарына қатысты қарқынды өскен қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі тілегіне әрдайым үлкен ықыласпен үн қатамыз. Біз оны жеңілдікпен ұсынуға дайынбыз!", – деді В.Путин.

Бесіншіден, гуманитарлық байланыстарды нығайту үшін РФ Үкіметінің стипендиялық бағдарламасы аясында моңғол жастарына арналған тегін квота ұлғайтылады. Бүгінде ресми мәлімет бойынша Ресейде 2 мыңнан астам ғана моңғол студенті оқып жатыр. 2024–2025 оқу жылына бірден 620 орын бөлініпті. Бұдан Мәскеу де ұтады: Путин айтқандай, осы арқылы моңғол жастарының орыс тілін үйренуге деген қызығушылығы артады, Моңғолияда орыс тілі ілгерілейді. Сондай-ақ Мәскеу моңғол жастарын өз университеттерінде оқыту арқылы көрші елдің болашақ элитасын өзі даярлайды.

Ресей неден ұтты?

Ақпарат құралдарының өкілдері Путиннің көңілі толмағандай көрінгеніне назар аударыпты. Сапар жетістіктері "негізінен имидждік сипатта" болды. Ең бастысы, ХҚС ордер бергелі В.Путин алғаш рет Рим статутын бекіткен елге сапарлап, аман-есен оралды. Ресейлік сарапшылар осы арқылы Мәскеудің ХҚС ордерін тас-талқан еткенін айтуда.

Екіншіден, сапар қарсаңында Чойбалсан қаласында маршал Георгий Жуковқа арналған Моңғолиядағы екінші ескерткіш ашылды. Оны РФ қорғаныс министрлігі қаржыландырған. Жуковтың бірінші ескерткіші Ұланбатырда тұр: екі елдің басшысы сапар аясында оған гүл шоғын қойды. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Моңғолиядағы шайқастарға Жуков қатысып, кеңес басшылығының көзіне түскен.  

Үшіншіден, Путин келесі жылы Қызыл алаңда өтетін салтанатты әскери парадта ресейлік әскермен бірге Моңғолияның қарулы күштерінің де сап құрып, адымдап өтуі мәселесі пысықталатынын мәлімдеді. Осыған орай ол моңғол Президенті Хурэлсухты Ұлы отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығын 2025 жылғы 9 мамырда бірге атап өтуге Мәскеуге шақырды.

Төртіншіден, The Moscow Times ресейлік биліктегі өз дереккөздеріне жүгініп, РФ Моңғолия арқылы Батыстың санкцияларын айналып өтуге тырысып жатқанын жазды.

"Ресейлік бизнес санкциялар және есепайырысулардағы проблемалар жағдайында жеткізілім мен төлемнің стандартты емес маршрутін тапты. Моңғолия сондай бір арнаға айналды: ол арқылы Ресейге Қытайдан, Жапониядан, Азия-Тынық мұхит елдерінен санкция салынған тауарлар тасылады. Моңғолия арқылы өтетін жүктер легі тез артуда", – деп хабарлады орыстілді басылым.

Шынында, келіссөздер барысында тараптар тек 2024 жылғы қаңтар-шілде айларында Моңғолия-Ресей тауарайналымының бірден 21%-ға өскеніне мақтанды. Би-Би-Си Моңғолияның Еуразиялық одақпен еркін сауда-саттығына жол ашуға Мәскеудің асығуының бір себебі де осында деп тұспалдайды. Бірақ сапар қорытындысында санкцияларды айналып өтуге көмектесуге ықпал ететін келісімдер бекітілмеді.

Бесіншіден, екі ел өзара сауда-саттығын долларсыздандыруға уағдаласыпты. В.Путин "екі ел арасындағы коммерциялық есептесулер толығымен дерлік доллар мен еуроға балама валюталарда жүзеге асырыла бастағанын" атап өтті. Алайда ол рубль емес, негізінен қытайдың юаны.

Сапар қорытындысында "Сила Сибири-2" жобасына қатысты келісімге қол қойылмады. Бұл жоба әлі пысықталмақ. Болашақтың еншісіне қалды.

"Газ саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы жақсы. Ресейді, Моңғолия мен Қытайды біріктіретін, ұзындығы мың шақырымға жуықтайтын "Союз Восток" газ құбырының жобалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. Қазіргі уақытта жобаның мемлекеттік сараптамасы жүргізілуде. Оның қоршаған ортаға ықпалы бағаланады. Әңгіме Моңғолия арқылы ресейлік газды жай ғана транзиттеуде емес. Біз көгілдір отырды моңғол тұтыгушыларына да жеткізу мүмкіндігін қарастырамыз. "Газпром" Моңғолияны газдандыру мәселесіне қажетті қолдау көрсетуге дайын", – деді В.Путин.

Сапардың тағы бір "имидждік дивиденді": РФ басшысы Ресейде өтетін альтернативті жарыстарға моңғол спортшыларының ары қарай қатысуына қол жеткізді. Бұған дейін моңғол құрамасы Мәскеудің Олимпиадаға балама ретінде құрған, Ресейде өткен "БРИКС ойындары", "Азия балалары", "Болашақ ойындары" жарыстарына белсенді қатысыпты. Путин моңғол делегациясын биылғы қазанда Уфада өтетін "Россия–спортивная держава" жиынында күтетінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол Моңғолия Президентін биыл Қазан қаласында ұйымдастырылатын БРИКС елдері саммитіне шақырды. У.Хурэлсух шақыруды қабыл алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу