Агенттіктің хабарлауынша, биыл ертерек, 2024 жылғы 10 желтоқсанда ел территориясының 50 пайыздан астамын қар жауып қалды.
Қардың қалыңдығы Алтай, Хангай, Хэнтий, Хубсугул және Тамсаг шатқалы сияқты таулы аудандарда қазірдің өзінде 11-ден 22 сантиметрге дейін жетіп қалды.
Сонымен қатар Гобидің бірқатар сомондарында (әкімшілік-аумақтық бірліктерінде), сондай-ақ далалық аудандарда 10 сантиметр қалыңдықтағы қар түсіп үлгерген.
Агенттік сарапшылары ахуалды бағалай келе, Моңғолияның 8 аймағына, 20 сомонына "дзуд" (қазақша жұт) қаупі төнгенін ескертті. Қауіп қазақ диаспорасы шоғырлана тұратын Баян-Өлгий (қазақша балама аты — Бай-Өлке, Байбесік) аймағына да төніп тұрған көрінеді.
Бұдан бөлек, тәуекел аймағына Завхан, Баянхонгор, Увс, Ховд, Сэлэнгэ, Төв, Хэнтий және Дорнод аймақтары кірді.
"Өткен жылы Моңғолияда соңғы жарты ғасырдағы ең қатал қыс орнаған болатын. Ақырған аяз, ақтүтек боран, қалың қар сияқты экстремалды жағдай кесірінен жыл басында 4,7 миллион мал қырылып қалды. "Дзуд" немесе "зуд" (жұт) ретінде белгілі қатал климаттық жағдайлар температураның қатты төмендеуімен, далада терең оппа қардың қордалануымен, күзде мол ылғал сіңген жердің бірнеше метрге дейін тоң болып қатуымен қатар жүреді. Мұның бәрі төрт түлік малды азық-түлігінен айырады, жайылымдарды жарамсыз етеді", – деп жазады "CentralAsia.media" порталы.
3,5 миллиондай халқы ғана бар Моңғолияда тұрғындардың он пайызға дейінгісі – шамамен 300 мың адам дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, күн көреді.
Олар әсіресе, алдына салып айдайтын сиырларына, қой-ешкілеріне, жылқыларына тәуелді: оларды тамақ ретінде тұтынады, базарға сатып, тауар етіп, табыс табады.
Кейінгі кезеңде, дүниежүзілік климаттық кризис аясында қайталана бастаған жұт Моңғолияның мал шаруашылығына жойқын соққы беріп, алапат экономикалық залал келтіруде.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жұт сондай-ақ туризмнің дамуына кедергі келтіріп, жолға қойылған саяхаттарда кідіріс пайда болған. Сондай-ақ сауда саласын шектеді. Жұт салдарынан көптеген моңғолдардың, әсіресе, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты төмендеп, олардың денсаулық сақтау мен білім беруге қол жеткізуі күрделенген екен.
Қалың жауған қар қазірден көптеген елді мекенді әлемнен оқшаулап тастады, оларға апаратын жолдарды тазарту қиындаған.
Бұл жағдайға Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) сарапшылары да назар аудартты. Халықаралық қаржы институты өзінің "Өңірлік экономикалық перспективалар" атты соңғы есебінде Моңғолияның қысқа мерзімді экономикалық даму келешегін жақсы бағалады. Бірақ оның бұдан да қарқынды дамуына елді айналсоқтап кеткен жұт бөгесін болып жатқандай.
ЕҚДБ байламынша, жаһандық нарықтарда, соның ішінде Қытайда осы елдің экспорттық өнімдеріне, соның ішінде шикізаттық тауарлары тобына деген сұраныстың өсуі және әлемдік бағаларының қымбаттауы, мемлекеттің инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салуы және жеке инвесторларды тартуы, нарықтық реформалардың ары қарай өрістеуі есебінен алдағы уақытта да Моңғолия экономикасы және тұрғындардың табысы жоғары қарқынмен өсуге тиіс.
Қаржылық ұйымның бағалауынша, экстремалды ауа райы жағдайына, соның ішінде Моңғолияда мал шығынына соқтырған былтырғы-биылғы жұтқа қарамастан ел экономикасы қарқынды өсуде.
Ақша аударымдарының орнықты ағыны, жалақылардың жоғарылауы, көшпелілер өміріне қаныққысы келетін шетелдік туристердің үлкен қызығушылығы да өсімге серпін берді. Соңғы фактор 2024 жылы қонақүй секторының және қызмет көрсету салаларының өркендеуінің драйверіне айналды.
Есепте сондай-ақ биліктің көлік, логистика және энергетика инфрақұрылымдарын одан әрі дамыту жоспарлары атап өтілген. Ол жобалар да ЖІӨ көрсеткіштеріне оң әсер етеді.
"Сұрапыл, экстремалды ауа райы жағдайларынан Моңғолияда өткен қыста 8,1 миллион бас мал қырылып қалды. Салдарынан, бұл 2024 жылдың бірінші жартысында ауыл шаруашылығы салалары көрсеткіштерінің қысқаруына соқтырды. Бұл экономикалық өсімді баяулатты. Сонымен бір мезгілде елге ағылған шетелдік туристер санының күрт артуы қонақүй, азық-түлік, көлік салаларының, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру желілерінің кеңеюіне ықпал етті", – дейді Еуропа қайта құру және даму банкінің сарапшылары.
Олардың түсіндіруінше, пайдалы қазбаларды өндіру және карьерлерді игеру секторларындағы, жалпы, өнеркәсіп салаларындағы жоғары өндірістік көрсеткіштер де Моңғолия экономикасының өсімін қуатты қолдады.
ЕҚДБ Моңғолияның ЖІӨ-сі 2024 жылы кем дегенде 5%, ал, 2025 жылы 8%-ға өседі деп күтуде.
Мұны ресми статистика да растайды: елдің Ұлттық статистика комитетінің хабарлауынша, 2024 жылғы ІІІ-тоқсанның қорытындысында Моңғолияның жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өсті.
Халықаралық сарапшылардың ұстанымынша, бұл елмен ынтымақтастығы тығыз әрі жан-жақты Қытай экономикасының өсуі де моңғол тауарларына сыртқы сұранысты ынталандырады.
Дегенмен, Моңғолия экономикасының өсуі сондай-ақ шикізат тауарлары және энергия көздері бағаларының құбылуына да тәуелді болады.