Монооблыс: Жалғыз кәсіпорынға күні қараған аймақ қайтып күн көреді?

3357

Ұзақ ойланған Үкімет ақыры ең жас өңірді қалай дамытуға болатынын анықтады.

Монооблыс: Жалғыз кәсіпорынға күні қараған аймақ қайтып күн көреді?

Ал Ұлытау облысында шенеуніктерді тағайындау, әкімдіктерді, орталық меморгандардың аумақтық бөлімдерін жайластыру сияқты ұйымдастырушылық жұмыстар жалғасуда.

Бұрынғы замандарда ауылдар мен болыстардың (қазіргі облыс) үлкендігі онда тұрып жатқан отбасылармен – "шаңырақ" немесе "түтін" санымен есептелген екен.

Бұл тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде Ұлытау облысында 74,2 мың отбасы ғана тұрып жатыр. Бұл аз ба, көп пе? Бүкіл Қазақстанда жалпы саны 6 миллионнан астам отбасы тұрады. Яғни шамамен 19,7 миллион халқы бар республикамыздағы барлық отбасылардың небәрі 1,2%-ы осы жаңа облысты мекен етуде.

Бір қызығы, Еңбекмині осы жаңа өңірде қанша үйбике (домохозяйка) жұбайының көңілін табамын және бала бағамын деп жасы келгенше үйінде отырып қалғанына дейін біледі. Негізі, бұл өте маңызды дерек.

"Бүгінде республика бойынша 50-60 жас аралығындағы 325 мыңға жуық әйел бар. Соның ішінде Ұлытау облысында 4,3 мың әйелдің еш табысы жоқ. Олар өмірінде жұмыс істемеген. Содан еңбек өтілі жоқ болғандықтан және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспағандықтан олар болашақта аз мөлшерде ғана зейнетақы алады. Зейнеткерлік жасқа жақындаған, табыс көзі жоқ әйелдердің жағдайын түзеу және табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан қосымша қолдау шаралары пысықталуда. Осыған байланысты жергілікті әкімдік әйелдердің осы санатын жұмысқа орналастыру жұмысын жандандыруы қажет", – деді министр Тамара Дүйсенова.

Сонымен жаңа Ұлытау облысының тұрғындарының саны қазір, 2022 жылы 229,1 мың адамға жетті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 227 мың адам болған. Соның ішінде 2022 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша өңір халқының 27,9 мыңы немесе 12,18%-ы – зейнеткерлер. Бұл өңірдің жастарын ұзақ жыл бойы Астана, Қарағанды, сондай-ақ Ресей өңірлері өзіне тартып отырды. Себебі жұмыс орындары жоқтың қасы, Бәлкім, облыс болып құрылған соң жағдай өзгеретін болар. Өзгермесе, Ұлытаудың қарттар өңіріне айналуы ғажап емес.

Еңбекмині облыс шенеуніктерінің шабан ісін сынады. Тамара Дүйсенованың айтуынша, осы жылдың 9 айында Ұлытау облысында 6 936 адам ғана жұмысқа орналастырылған. Соның ішінде жұмыспен қамту орталықтары – 4 126 адамға жұмыс тауып берді. Бағдарламалар аясындағы белсенді жұмыспен қамту шараларымен – 2 210 адам қамтылған, ұлттық жобалар аясында – 600 адам жұмысқа орналасқан. Дегенмен осы сандардың ар жағында бос сергелдең жасырын жатыр. Өйткені жұмыс тапты деп көркем есептерге кірген ұлытаулықтар артынша жұмыссыздар армиясының сапын толтырған көрінеді. Мұны елордадағы билік БЖЗҚ-ға сол адамдар үшін зейнетақы жарналарын аударудың доғарылуынан біледі. Есепті әсем ететін уақытша орын көп, тисінше тұрақты жұмыстар аз.

"Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес, азаматтардың жұмысқа орналастырылуы олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталуға тиіс. Өңірде бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Облыстық деңгейдегі ең төменгі көрсеткіш Жаңаарқа ауданында – 58%. Ұлытау облысының өңірлік картасында көзделген 1 137 тұрақты жұмыс орнынан 9 айда тек 378-і, яғни 33%-ы ғана ашылған. Ал Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданында бұл көрсеткіш өте төмен", – деді Т.Дүйсенова.

Электрондық еңбек биржасына енгізілген ұлттық жобалар шеңберінде жарияланған жұмыс орындарын талдау нәтижелері Ұлытау облысы бойынша 894 орын ұсынылғанын көрсетті. Оған тек 156 адам жұмысқа орналасыпты. Шарттары жұртты қызықтырмаған.

Өзге салаларда да жағдай оңып тұрған жоқ. Бірақ Президенттің бұл өңірді жеке облысқа бөліп шығару туралы шешімі Ұлытаудың бағын ашуы, қордаланған проблемаларынан арылуына септесуі мүмкін. Мысалы, өңірде дені дұрыс өрт сөндіру депосы жоқ. Таяуда Ұлытау облысына сапарлаған Төтенше жағдайлар министрі Ильин Юрий бұл мәселені бұрын білмегендей, қабағын керіп, қайран қалып кетті. Оның мәліметінше, биыл Жезқазған және Сәтпаев қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысын бастау жоспарланған. 

Негізі, өңірде көңілге кірбің түсіретін жайттар сыртында, жақсы құбылыстар да бой көрсетуде. Мысалы, Ұлытау облысы – еліміздегі ең жоғарғы урбанизация деңгейіне жақындаған өңірлердің бірі. Мұнда халықтың 77,1%-ы қалалық жерде шоғырлана тұрады. 

Қалалық бикештер баланы аз туады деген қағида бар, бірақ қасиетті Ұлытау жерінде басқаша. 2021 жылдың қорытындысында, бала туу көрсеткіші 9,3%-ға өсті. 

Қынжылтатыны сол, демографиялық дүмпуді паш етіп отырған осы өңірде балабақша тапшылығы мәселесі өткір тұр. Жаңа облыста 49 балабақша мен мектепке дейінгі мекеме және 59 миниорталық бар. Оларға 6 557 бала ғана барады. Бұдан бөлек, 6 жасқа дейінгі 3 770 бала балабақша кезегінде тұр. Кезегі келгенше, балдырғандар есейіп те қалады. Әйткенмен, мәселе шешімін тапқаны жөн, ол балалардың тұяғын бөбектер толқыны басады.

Облыста 35 854 оқушыны қамтитын 87 мектеп бар, оның 14-інде спорт залы жоқ. Облыста 236 мұғалім жетіспейді.

Жалпы орталық Қазақстан да, еліміздің шығысы мен солтүстігі сияқты Кеңес кезінде қатты орыстанған өлке саналады. Бірақ бүгінде жағдай өзгере бастаған.

Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың хабарлауынша, биыл, 2022-2023 оқу жылында шамамен 400 мың бала бірінші сыныптың табалдырығынан аттады. Балалардың 70%-дан астамы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.

"Балалары қазақ тілінде оқытатын сыныптарды таңдауы жөнінен Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%), Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстары алға шықты", – деді Гүлмира Кәрімова.

Ұлытаулықтардың қабырғасына бататын ауыр тақырып бар. Өңірде өлім-жітім көбейіп барады. Облыс Ресейге 2050 жылға дейін жалға берілген "Байқоңырдың" зымырандар ұшыру аумағында орналасқан. Мысалы, ғарыш айлағынан ұшырылған "Протон-М", "Союз" зымыран-тасығыштарының қалдықтары Жезқазған жаққа құлап тұрады. Бұған қоса, облыс аумағында Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігіне жалға берілген зұлматты "Сарышаған" сынақ полигоны орналасқан. Бұл алып полигон Ұлытау сыртында, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарына да көсіліп жатқаны мәлім.

Денсауминінің дерегінше, "соңғы үш жылдағы денсаулық сақтау саласының динамикасы көрсеткендей, Ұлытау ауданында тұрғындардың өлім-жітімі 11,5%-ға, балалар өлімі 17,8%-ға, аналар өлімі 6,3%-ға, қатерлі ісік ауруларынан өлгендер саны 6,3%-ға артқан".

"Бұған теріс ықпал еткен негізгі проблема – экологиялық нашарлығы, өңірде заманауи медициналық мекемелердің жоқтығы, дәрігер кадрлардың жетімсіздігі және басқасы. Су деңгейінің төмендеуі, ауызсу сапасының нашарлығы және ауаның ластануы адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға зиянын тигізуде. Экологияның көкейкесті мәселелерінің бірі – тұрмыстық қалдықтарды жоюға және өңдеуге арналған полигондардың жетіспеушілігі. Қалада және ауылдық елдімекендерде заңсыз қоқыс тастау орындарының көбеюі олып отыр", – деп түсіндірді ведомство.

Ұлытау облысында бомж демейік, "жетімбұрыш" жағалағандар көп. Тек әкімдіктегі үй кезегінде 6 044 баспанасыз адам тұр. Өңірде жаңа тұрғын үй көп салынбайды. Тұрғындар кезектің жылына жүз-екі жүз адамға азаятынын айтады. Осы және басқа мәселелер енді кешенді жоспар аясында шешілуге тиіс.

Жасыратыны жоқ, бұл облыс бір алпауытқа қатты тәуелді. Өңірлердің дамуына жауап беретін Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Ұлытау облысының негізгі өнеркәсіптік өндіріс көзі – мыс металлургиясы болып табылады.

"Облыс статистикасы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 711 млрд 706,9 млн теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылғыдан 113,5% көп. Бұл ретте өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемінің 95%-ы – бір ғана ірі тау-кен және металлургиялық компанияның, яғни "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің үлесіне тиді", – деп түсіндірді экономика министрлігі.

Ұлытау облысының Қаржы басқармасының мәліметінше, "Қазақмыс" компаниялар тобы өзінің 9 кәсіпорнын Ұлытау облысы аумағына қайта тіркепті. Осының арқасында облыс бюджетінің салық базасы күрт өсіп, биыл 8 миллиард теңгеден астам профицит қалыптасты. Жалпы алғанда, биыл Ұлытау облысы бюджетінің шығысы 95 млрд 320,3 млн теңгені құрады. Бұл шығыстар алда артуы мүмкін.

Ұлттық экономика министрлігі Үкімет пен қоғам назарына "2022-2026 жылдарға арналған Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары" жобасын ұсынды. Мұндай құжат алғаш рет әзірленіп отыр. Бұған дейін "Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары" ғана болатын. 

"Аймақтағы демографиялық серпінді, жаңадан құрылған облыстың өркендеуін ескере отырып, бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың тұрмысын көтеру, экологияны жақсарту, әлеуметтік салаларды, баспана, инфрақұрылым, жол секторын дамыту шараларын қабылдау талап етіледі. Кешенді жоспар аймақтағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешумен қатар, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, бизнестің экономикалық белсенділігін арттыруға қажетті жағдай жасауға бағытталады", – деп мәлім етті экономика ведомствосы.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бұл кешенді жоспарды қабылдау республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан және бюджеттен тыс қаржы көздерден қаржы шығындарын талап етеді. 2026 жылға дейін Ұлытау облысындағы жобаларды, шараларды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 204,7 миллиард тенгені құрайды. 

Ұлытау бірнеше бағытта дамытылмақ. Мысалы, оның туризмін өрістетуге мән беріледі. Бұл аймақта Қазақстанның логистикалық орталығы болатындай әлеует бар, өйткені облыс республиканың қақ ортасында: еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстырып жатыр. Шикізат пен адамдарды Жезқазған транзиті бойынша тасымалдау өте тиімді. Бұл – төте жол. Бірақ бұл үшін жолдарды жөндеу керек, ал олардың сапасы нашарлау. Жергілікті автомобиль жолдарының 23% немесе 277,4 шақырымы, қалаішілік және ауылішілік жолдардың 30%-ы немесе 163,4 шақырымы ойдым-ойдым, қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Сонымен қатар Ұлытау облысы металлургиялық, химиялық салаларды, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау өндірісін дамыту мүмкіндігіне ие. Қажетті минералдық базасы мен кадрлық әлеуеті бар. Тек облыс басшылығы оны ұқсата білсе, болғаны.

Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, Ұлытау облысының жалпы ауданы ұлан-ғайыр. Өңір 18 млн 893 мың 661 гектарды алып жатыр. Облыс бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлер 16 млн 964,7 мың гектар. Демек, қалауын тапса, осы байтақ далада мыңғыртып мал айдап, жайқалтып егін егуге болады. Қыркүйек соңындағы жағдай бойынша өңірде 48 гектардан картоп (68%-ы жиналды), 17,85 мың гектардан бидай (85,8%), 10,3 мың гектардан арпа (99%) жиналды. 15,8 мың тонна бидай бастырылды (жалпы көлемнің 88,5%-ы).

Таяуда аппараттық жиында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыс аудандары мен қалаларында жайылым жерлер жетіспейтінін айтты.

"Енді Қаражал қаласы мен Атасу, Жәйрем кенттерін мал жаюға арналған жермен қамту мәселелерін пысықтауымыз керек. Жердің жетіспеушілігі – әлеуметтік шиленіс пен тұрақсыздық туғызады. Сондықтан бұл проблеманы тез арада және әділ шешу қажет. Шаруа қожалықтарына жер телімдерін беріп, халықтың мал өсірумен айналысуына көмектесуіміз керек. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – өңірдегі басым бағыт", – деп белгіледі облыс басшысы.

Жұмыс дұрыс жолға қойылса, кешенді жоспары тиімді жүзеге асса, халқы жөнінен шағын саналғанымен, біраз территорияға ие Ұлытау облысы елдегі лидерлер шыңын шабуылдауға қауқарлы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу