– Сәуле Мақшанқызы, шынын айтыңызшы, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде саудаға бет бұрмай, кәсіпорын ашып, оның үстіне сол кезде ешкім естімеген мөр шығару ісін қолға алудан қорықпадыңыз ба?
– Өзіме таңсық жұмысты қолға алудан қалай қорықпағаныма әлі күнге дейін өзі де таңмын. Кедергілер көп болды. Нарықтың талаптарына сай болу оңай емес. Сол кезеңде тауыңды шағып, адымыңды аштырмайтындай жағдайлар көп кездесетін. Ол кезде кедендік құрылым әлі құрылмаған. Кәсіпорынға керекті мөр жасайтын құрылғыны Венгриядан сатып алып, кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын пойызбен алып келдім. Үш шекарадан өттім. Әйтеуір ешкім не әкетіп бара жатсың деп сұраған жоқ. Бірақ соның өзі көңілге бір алаң туғызатын.
– Келе мөр жасауға кірістіңіз...
– Жоқ, қайдағы, рұқсат алу үшін тиісті мекемелерді айлап күзетіп отырдым емес пе?! Қысқасы, кәсіпорынды құрып, алғашқы мөр шығаруға рұқсат алғанға дейінгі 6 ай мен үшін азапқа толы шақ болды. Талай есікті қақтым, талай табалдырықты тоздырдым. Күн құрғатпай барамын. Сонда мені сенің жүйкең бұзылған деп көрер көзге тұқыртқандар да болды. "Сен ақша жасайын деп жатырсың, ал бұның қандай қылмыс екенін білесің бе?" деп кінә таққандар да көп. Сол күні тауым шағылып қайтсам да, келесі күні қайта барамын. "Жоқ, сіздер мені түсінбедіңіздер, мен ақша шығарғалы жатқам жоқ, мөр жасаймын" деймін шырылдап. Қайдан, сөзіме құлақ асып, мені тыңдайтын адам табылмады. Бұл әрекеттерім сәтсіз болған соң, сол кездегі облыстың бірінші басшысы Өмірбек Байгелдінің қабылдауына жазылдым. Хат дайындап, мөр жасайтын кәсіпорын ашқанымды, қажетті құрылғыны әкелгенімді, бірақ ресми рұқсат алудың мүмкін емес екенін жаздым. Тіпті жақын шетелге, Қырғыз еліне кетіп, сол жақтан кәсіпорын ашуға мәжбүр екенімді жеткіздім. Міне, содан кейін ғана сең орнынан қозғалып, мен әкелген техниканы арнайы қабылдап, рұқсат берілді.
– Рұқсат алған соң, қалай болды?
– Рұқсатты алуын алдық-ау, ал алғашқы мөрді жасап шығару бір ақырет болып шықты. Арнайы мөр дайындаудың қыр-сырын жетік білетін маман жоқ. Ұйқысыз түндер енді басталды. Талай күн көрер таңды көзбен атырдық. Бір күні жасағанымыз – қамыр сияқты иілгіш жұмсақ болып шығады. Құрылғыға салып, қатты қыздырып қойсақ, қатып қалады. Содан әр күні температураны қосқан сайын кәдімгі сызғышпен миллиметрлеп өлшеп, жазып-сызып отырып, қажетті кондициға жеттік-ау.
– Тоқсаныншы жылдардың өзінде теңгемен емес, доллармен кредит алыпсыз. Қайтару қиынға соқты ма?
– 1992 жылы 25 мың доллар несие алдым. Бір жылда өтедім. 25 мың доллардың 20 мыңын инфлияция жеп қойды. Бар-жоғы 5 мың долларды өндіріске салдық. Келесі жылы 15 қарашада айналымға төл теңгеміз шықты. Бұл да бізге көп көмек болды.
Ол кезде несие алу деген ақыретпен тең еді. Міндетті түрде таныс іздеп, "шапкасын" беру керек болатын. Кәсіпорын ашқанға дейін мен де аладорба арқалағанмын. Кеңестік кезеңнің ақшасының қалай құнсыздана бастағанын сауда-саттық жасап Венгрияға, Ресейге барып жүргенімде байқағанмын. Инфлияцияның тигізген зияны да, пайдасы да болды.
– Тек, мөр ғана жасадыңыздар ма, басқа қандай өнімдер шығардыңыздар?
– Полиграфиялық өнімдердің барлық түрін шығардық. Ашық хаттарға ұлттық нақышта алғаш біз шығардық.
– Қазір ғой жарнама жасаудың түрлі жолы бар. Тоқсаныншы жылдарда өз өнімдеріңізді қалай жарнамаладыңыздар?
– Біздің қандай қызмет ұсынатынымызды, қандай өнімдер шығаратынымызды жарнамалау оңайға соққан жоқ. Ол кезде басылым беттерінде жарнама берілмейтін. Сол үшін қолдан жарнама қағаздарын жасап, кешке дейін негізгі жұмысымызды жасап, түннің бір уағына дейін жаяу аралап жүріп, аялдамаларға жапсырып шығатынбыз.
– Кәсіпорын ғана емес, жеке меншік мектеп те аштыңыз. Бас-аяғы қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Компанияда 30-ға жуық маман еңбек етеді. Бір айта кететіні, олардың бірқатары 25 жылдық еңбек өтілі бар қызметкерлер. Оларды алғаш кәсіпорын ашқан кезден менімен бірге келе жатқан сенімді серіктестерім деуге де болады. Олар жеке ісіміздің болашағына сенгендіктен әрдайым қасымнан табылды деп ойлаймын. Ал мектепте 60-тай мұғалім жұмыс істейді. Көпшілігі "A – STATUS" алғаш ашылған кезде келген мамандар. Бұл да құрылтайшыға деген сенім деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге, рахмет!
Ардақ Үсейінова