Мұғалімдер киберпедагог құзыретін алады

11312

Дәстүрлі білім беруге көшудің стратегиясы әзір. 

Мұғалімдер киберпедагог құзыретін алады

Бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушылары қашықтықтан білім алатынын мәлімдеген болатын. Министрдің айтуынша, елде эпидемиологиялық жағдай 1-тоқсаннан кейін жақсаратын болса, дәстүрлі түрдегі білім беру форматына көшудің стратегиясы әзірленіп қойған.

"Қазір індеттің таралуы "қызыл" деңгейде болып тұр. Сондықтан қашықтықтан білім беру өте маңызды. Одан кейін жағдай жақсарып, "қызғылт сары түс" немесе "сары", "жасыл" деңгейге жеткен кезде, білім беруді ұйымдастырудың басқа бірнеше нұсқасын қолданатын боламыз. Осы нұсқаларға көшу арқылы кезең-кезеңмен дәстүрлі түрде білім беруге қайта ораламыз. Бұл стратегия дайын. Ол бекітіліп, сәйкес министрлікпен келісілді. Сол себепті, эпидемиологиялық ахуалға байланысты жұмысты жалғастыра береміз", – деген Асхат Аймағамбетов. 

Министрдің сөзінше, індет тарамаған шалғай жатқан ауылдардағы шағын жинақты мектептерде бұрынғыдай дәстүрлі түрде білім беруге рұқсат бар. Ал егер балалар мен ұстаздардың денсаулығына қандайда бір қауіп төне қалса, білім беру үдерісі теледидар және басқа да құралдар арқылы қашықтықтан жалғасады.

Сондай-ақ, дәстүрлі форматта білім алуға бастауыш сынып балаларының да мүмкіндігі бар. Оларға тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып білім берілмек. Алайда осындай қауіпті кезде баланы мектеп қабырғасында оқыту үшін ата-анасы жазбаша өтініші беруге міндетті.

Ал қыркүйек айынан бастап көптеген оқушы білім алуға үйіндегі компьютерінің алдында отырып кіріседі. 

"Шынымен де мектептегі компьютерлердің көбі ескіріп қалды. Қажет еткен балаларға уақытша пайдалануға беруге болатын осы тәрізді құрылғылар жеткіліксіз. Сол себепті 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды. Ал 1 қыркүйекке дейін өңірлердегі әкімдіктер керегінше қосымша компьютерлер сатып алуы керек. Бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Қашықтықтан білім беру кезінде интернет платформалардың атқаратын маңызы өте зор екені белгілі.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл тұрғыда да бірқатар іс атқарылған.

"Біз ІТ-компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Олар бүгінгі күнге дейін платформаларын жетілдірді. Платформалар әлдеқайда қолайлы бола түсті. "Күнделік" және басқа жүйелерге жақсырақ интеграцияланды. Айта кетерлігі, бұл интернет платформалар да келер оқу жылының 1-2 тоқсаны үшін материалдар дайын. Қазіргі кезде осы сайтттар ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап икемделуде", – деген министр, теледидарға арналған бейнесабақтар да түсіріліп жатқанын айтты.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, қашықтықтан білім беру форматында жұмыс істеу үшін педагогтен бірнеше құзыреттілік талап етіледі. Ол үшін педагогтер біліктілігін арттыру курстарында оқиды.

"Біріншіден, педагогтің ІТ-технологиялар жөнінен құзыреттілігі керек. Интернет жүйелерді және технологияларды білуге тиіс. Сол себепті, педагогтерге әзірленген курстар аясында міндетті түрде біліктілігін арттыру мүмкіндігі беріледі. Екіншіден, жаңа жағдайда білім беру әдістемесін, киберпедагогиканы білу мәселесі тұр. Өйткені дәстүрлі түрде сыныпта және қашықтықтан сабақ берудің айырмашылығы жер мен көктей. Әріптестеріміздің барлығының біліктілігін арттырамыз", – деді.

Айта кетсек, білім берудің жаңа форматы тек мектепке ғана қатысты емес. Елдегі колледждер мен университеттер де жаңа оқу жылын қашықтан білім беру арқылы бастайды.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу