Мұғалімнің айлығын сағат санына байламау керек

15680

Қазақстанның бюжет-қаржы саясатына шолу жасаған Дүниежүзілік банк сарапшылары Үкіметтің есіне Грекиядағы дағдарысты салды, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Мұғалімнің айлығын сағат санына байламау керек  Фото: inbusiness.kz

Шолуда салық, әлеуметтік төлем, банк жүйесі, жергілікті бюджет сияқты салалардағы билік ескергісі келмейтін кемшіліктер көрініс тапқан.

8,2 трлн теңгенің сұрауы кімде?

"Мемлекет қаржысын халықтың талап ету құқығынсыз банктерге көмек ретінде беру тәсілі әділетсіз. Мұндай тәжірибені шектеу керек. 2009-2020 жылдары мемлекет банктерге салық төлеушілердің 8,2 трлн теңгесін көмек ретінде берді. Бұл 2020 жылғы жалпы ішкі өнімнің 11,6%-ына жуық. Мұндай жайт көп жағдайда Проблемалық кредиттер қорының банктерден қайтарылмай жатқан несиелерді 100 пайыз бастапқы құны бойынша сатып алғанының арқасында мүмкін болды. Тіпті кей жағдайда аталмыш қор банктерге төмен мөлшерлемемен шығарған қарыз міндеттемелерді сатып алу арқылы көмек көрсетті. Мысалы, 2020 жылы АТФ банкке  0,1% купон түрінде көмек көрсетілді. Мұны салық төлеушілердің ақшасын банкке тегін қарыз ретінде беру деуге болады. Салық төлеушілер мемлекеттен көмек алған банктерден табыстылық талап етуге хақылы болу керек", - делінген шолуда.

Дүниежүзілік банк Қазақстанға Ұлттық қор қаражатын өз бетінше пайдаланудан бас тартып,  мұндай тәжірибені жою туралы ереже қабылдауды, бюджет саясатын бағалайтын тәуелсіз бюджеттік орган құруды ұсынып отыр.

"Ол ережені техникалық тұрғыда жалпы ішкі өнім өсімінің ұзақ мерзімді тенденциядан ауытқуы немесе жұмыссыздықтың артуы сияқты нақты өлшем шарттармен байланыстырып қоюға болады. Ал тәуелсіз макроэкономикалық болжамдар жасап, бюджетті игерудің тиімділігі мен бюджет саясатының бағытына тәуелсіз талдау жасай алатын тәуелсіз бюджеттік мекеме құра алады. Оның міндеттері айқын бекітілу керек", - делінген есепте.

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанның борыштарды басқарудың орта мерзімді стратегиясын жарияламай отырғанын атап өткен. Әлемдегі 69 дамушы мемлекет мұндай стратегиясын жариялап қойғаны да айтылған.

"Бұл Үкіметке өзінің қарыз саясатын, мемлекеттен қаржыландыру ісін неғұрлым аз шығынмен қалай іске асыратынын түсіндіру үшін маңызды", - дейді халықаралық қаржы ұйымының мамандары.

Құжатта елдің білім беру саясатындағы реформалардың осал тұстары да қамтылған.

"Елдегі шағын мектептердің 40 пайызында бір мұғалімге 4,4 оқушыдан келеді. Тіпті кейбірінде мұғалім саны оқушыдан көп. Мұғалімдердің ресми жүктемесін ескерсек,  оқушылардың аздығы білім жүйесін, оларға айлық төлеу тәсілін тиімсіз етіп тұр. Оның үстіне айлықты сағат санына қарай төлеу тәсілі мұғалімді сабақтан тыс уақытта ізденуге ынталандырмайды.  Сондықтан айлықты жай ғана көтеру мұғалімдердің біліктілігінің артуына әсер етуі екіталай. Жүктемені азайтып, сағат санына қарай айлық төлеу жүйесі өзгеру керек", - делінген шолуда.

Дүниежүзілік банктің аға экономисі Самсу Рахарджа Қазақстандағы элиталы мектептердің жалпы орта білімнің сапалы болуына пайдасын тигізе алмай отырғанын айтады.

"Қазақстанда білім беру саласына бөлінген ақшаның кенет өскенін көруге болады. Бұл – өте жақсы бағыттағы даму. Өйткені білім деген дамудың өте маңызды аспектісі. Бірақ бізге осы шығындарды көбейте отырып сапалы білім алуға жақсы жағдай жасау маңызды. Сапалы білімге бәрінің қолы жету керек.

Бұл неге маңызды? Бұған дейінгі жүйе "үшке" оқитындардың қалың нөпірі мен ат төбеліндей "озаттарды" қалыптастырды. Бұл озаттардың Назарбаев зияткерлік мектебінің жүйесінде оқуға басым мүмкіндігі бар. Pisa зерттеуінің қорытындысын көрген шығарсыздар. Оқушылар сұраққа жауап бермек түгіл, оның мағынасын түсінуге сауаты жетпеген. Жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың 67 пайызы "сауатсыз" ретінде көрсетілген. Ал үздік мектептердің оқушылары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткіштерінен жақсы көрсеткіш байқатқан. Бірақ бұл жалпы мектептердің жағдайын көрсетпейді", - деді ол.

Экономист мұның бәрі өткен жүйеден қалған "мұра" екенін атап, жүйені жақсарту жағын ойлау керегін айтты.

"Елдегі элиталы мектептерге баратын оқушылардың 8 пайызы ғана халықтың төменгі қабатындағы отбасынан шыққан. Яғни, әлеуметтік мәртебесі бойынша төменгі қабатта тұрған 40 пайыздың ішінен шыққан. Бұл жерде біз элиталы зияткерлік мектептер жалпы оқушылардың білімін сапалы етуге көмектесе алмай отырғанын көреміз", - деді Самсу Рахарджа.

Банк сарапшылары мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жүрген қазақстандықтардың 46%-ы кедей емес екенін айтады.  

"Үкімет көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек пен атаулы әлеуметтік көмек сияқты түрлі санаттағы бағдарламалардың басын қосып, кедейлікпен күреске бағытталған бір бағдарламаға айналдыра алады", - деп жазады ұйым экономистері.

"Мемлекеттік сатып алу мәліметтері жаңылтпаш сияқты"

"Мемлекеттік сатып алулар және үкіметтің өзге де іс-қимылы туралы ақпарат  үкіметтік сайттарда жарияланады. Бірақ ол ақпарат қоғам түсінетін етіп ұсынылмайды. Азаматтық бюджеттер жалпы форматта беріледі, халық кері байланысқа шыға алмайды", - делінген құжатта.

Мысалы, 2020 жылы білім саласына бөлінген жергілікті шығындардың 27,5%-ы "өзге де шығындар" деген санатпен, ешқандай түсіндірмесіз жұмсалған.

"Бұл бюджет шығындарының ашықтығын шектеп, халықтың Үкіметке деген сенімін азайтады", - дейді мамандар.

Дүниежүзілік банк өкілдері әкімдердің өзінен жоғары тұрған басшыға тәуелділігі бюджеттің халық қажеттіліктеріне сай жұмсалмауына себеп болып отырғаны айтылған.

"Қазіргі таңда трансферттерді бөлу жүйесі шектен тыс күрделі. Қажетті шығындарды есептеу әдіснамасын әлемдегі ең қиын тәсіл деп есептеуге болады.  Өйткені бүкіл елде мемлекет көрсететін қызметтердің деңгейін біркелкі ете алмай отыр.

Облыстарда салықтар мен орталықтан берілетін бюджетті қайда жұмсау керектігі туралы шешім шығаратын нақты өлшемшарттар жоқ. Бұл әкімдердің  өзінен жоғары деңгейдегі басшылардан қажетті ресрусты алуға келісуіне әкеледі", - деп жазылған шолуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу