Мүгедек балалар екі бірдей жәрдемақы алатын болды

3611

Жаңа заң қазақстандықтарға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға, сондай-ақ тұрғын үй алу кезегін сақтауға мүмкіндік береді.  

Мүгедек балалар екі бірдей жәрдемақы алатын болды

Парламент Сенаты азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Күтім жасайтындарға жәрдемақы

Жаңа жәрдемақыны бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындар ала алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов хабарлағандай, бүгінде бірінші топтағы 66 мың мүгедек адамның әрбір үшіншісі күтім бойынша жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтамасыз етілмеген. Олардың ішінде комадағы науқастар да бар. Түзетулер күшіне енсе, бөгде адамның күтіміне мұқтаж қосымша 24 мың адам жәрдемақымен қамтылады. 

Сонымен қатар, заң жобасы аясында мүгедек баланы күту мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылады (бұрын бұл мерзім 16 жыл болған). Бұл мүгедек балаға қамқорлық жасайтын адамның зейнетақысына оң әсер етуі керек.

"Мүгедектік топтарына қарай жәрдемақы мөлшері ұлғаяды"

"Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты болады", деді Серік Шапкенов.

Бір қолға екі жәрдемақы

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мүгедек балалар ата-аналары ажырасқан жағдайда бір мезгілде алиментпен қатар мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Ал асыраушы ата-анасының біреуі қайтыс болған жағдайда, балаға асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы немесе мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындалып келген.

Жаңа құжатты қабылдаушылар "бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасылардағы табыс деңгейін арттырады" деп санайды.

"Жәрдемақының екі түрін бір мезгілде тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітушілік практиканы жоюға мүмкіндік береді. Осы норманы енгізу кезінде екі мыңға жуық бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады", — деп мәлімдеді Еңбек министрі. 

Еңбек жарақаттары кезінде әлеуметтік қорғау

Қазір жұмыс беруші өз қызметін тоқтатқан жағдайда оның міндеттемелері мемлекетке көшеді. Ал мүгедектер кәсіпорынның қызметі тоқтатылған немесе банкроттық рәсімі жүріп жатқан кезеңде оңалтуға арналған техникалық құралдарды ала алмайды.
Сондықтан жаңа заң бойынша жұмыс беруші жасай алмаса, еңбек жарақатынан мүгедек болғандарға оңалту құралдары мен қызметтерін қамтамасыз ету мемлекет есебінен ұсынылатын болды.

"Көбінесе банкроттық рәсімі бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін. Көрсетілген кезеңде өндірісте мүгедек болған адам техникалық оңалту құралдарына мұқтаж болады. Сондықтан жаңа заң қабылданды. Ол екі мыңға жуық адамды техникалық оңалту құралдары және қызмет түрлерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді", — деп түсіндірді министр.

Тұрғын үйге кезегі мерзімін ұзарту

Заңның тағы бір артықшылығы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегін сақтайды. 

"Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде он жылға дейін тұр. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедек кезекке қайта тұруға мәжбүр. Сондықтан осы қабылданып отырған норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда",– деді министр.

Сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар баспана алуы үшін "Бақытты отбасы" бағдарламасына 20 млрд теңге бөлінеді.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу