Мұнай бағасы құлдыраса да теңге тұрақтылығының себептері

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3756

Трамп дегеніне жетіп мұнайды арзандатты, ал рубль әзірге берілер емес.

Мұнай бағасы құлдыраса да теңге тұрақтылығының себептері

Жыл ортасында 70-80 доллар дәлізінде сақталып, күздің басында тіпті 85 долларға дейін жақындаған мұнай бағасы қарашаның басынан бері үздіксіз арзандап, осы аптада Брент маркалы мұнай құны 62 долларға дейін құлдырады.

Бір кездері қара алтын құнын 100 долларға дейін жетіп қалуы ықтимал деп жорамалдаған сарапшылар енді 2014 жылдағыдай шикізат дағдарысы болуы мүмкін бе деп бас қатырып жатыр. Баға осы арзандағаннан арзандай берсе, доллардың теңгеге шаққандағы бағамының да шарықтап кететіні түсінікті. Дегенмен, өткен апта мұнай 70 доллардан 62 долларға құлдыраған кезде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 365-370 дәлізінен "мыңқ" еткен жоқ.

Теңгені ұстап тұрған үш фактор
Теңгенің мұншалықты "мықтылығының" үш себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Ұлттық банк елде келер жылға дейін ұзақмерзімді саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуі үшін валюталық интервенция жүргізген болуы ықтимал. Әрине, Данияр Ақышев мұны ашық мойындамас еді, тек арада екі-үш ай өткенде ғана "біз сол кезде осыншама қаржы жұмсап, теңгені құтқарып қалдық" деуі мүмкін. Ондай мысал болды да. Қыркүйекте мұнай бағасы осы жолғыдай болмаса да, аздап тұрақсыздық танытқанда Ұлттық банк жарты миллиард доллардай жұмсап валюталық интервенция жүргізгенін бір ай өткенде, яғни қазан айында ресми мәлімдеді. Бұл жолы да мұнай арзандап жатқанда теңгені ұстап қалуы үшін интервенция жүргізіп, қазір болмаса да, кейін жағдай тұрақталғанда мойындауы ғажап емес.

Екіншісі – науқандық себеп. Жыл соңындағы салық науқаны келгенде ірі салық төлеушілер өздерінің салықтық міндеттерін орындау үшін жаппай теңге сатып ала бастайды. Нәтижесінде нарықта ұлттық валютаға сұраныс артып, ол теңгенің бағамына әсер етеді. Әдетте тоқсан соңы мен жыл соңындағы теңге бағамының нығаюының басты себептерінің бірі осы. Олай болса, жаңа жылдан кейін, егер шикізат нарығы қазіргі қалпынан өзгермесе, қайтадан теңге әлсіреуі мүмкін деген сөз.

Үшінші себеп ретінде ресей рублінің ықпалын атауға болады. Соңғы апталардағы мұнай арзандауының кезінде рубль керісінше нығая түскені көпшілікке жұмбақ болып тұр. Ресей валютасының мұнай бағасынан тәуелсіздігінің де өзінше себептері бар.

"Рубль мұнайға тәуелді емес"
Біріншісі – Ресей орталық банкінің соңғы кездердегі ақша-валюта саясаты. Орталық банк рубльдің құнын арттыру үшін базалық мөлшерлемені көбейту саясатына жүгінгені белгілі. Бұл рубль құны үшін үлкен ықпал. Екіншіден, таяуда Ресейдің қаржы министрлігі 40 млрд рубльге екі рет мемлекеттік облигация шығаратынын мәлімдеген. Бұл өз кезегінде инвесторлардың рубльге деген "тәбетін" ашуға тиіс.

"Менің ойымша, соңғы кездері мұнай бағасы мен рубль бағамы арасындағы байланыс азайып келе жатыр", – дейді "Уралсиб" банкінің бас экономисі Алексей Девятов. Ал сарапшы Антон Табахт мұнай бағасы тіпті 50-60 доллар болса да орыс рублінің "мұрты бұзылмайтынына" сенімді.

Егер мұнай бағасы 55 долларға жақындаса, рубльдің инфляциясы 5-5,5 пайыз болатынын Ресей Орталық банкі басшысы Эльвира Набиуллина айтқан еді. Ондай кезде теңгеге де оңай болмайды.

Мұнайдың арзандау себептері
Қара алтын құнының құлдырауына тікелей әсер етіп отырған ештеңе жоқ. Сарапшылар бұл тұрғыда бағаның арзандауына психологиялық факторлардың әсер етіп отырғанын айтады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің басшысы Фатиха Бироля мұнай нарығындағы қазіргі ахуалды "бұрын-соңды болмаған алмағайып жағдай" деп бағалаған еді. Бұл инвесторлардың жақын болашаққа деген сенімсіздіктері мен нарықтағы белсенділікті азайтып, ол өз кезегінде бағаға кері әсер еткен.

Бағаның құлдырауының екінші себебі АҚШ мұнай қоры мен өндірімінің ұлғаюы болуы мүмкін. Статистикаға сүйенсек, соңғы сегіз аптадан бері АҚШ-тағы мұнай қоры мен өндіріс көлемі тұрақты ұлғайып келе жатыр.  

Нарықта ұсыныстың сұраныстан көбейіп кетуі мүмкін деген қауіп қазан айында Сауд Арабиясы мен Ресейдің шикізат өндірісін арттыру жайлы келісімге келгенінен кейін туындады. Ол кезде баға 85 доллар болған еді.

Бағаның төмендеуіне тағы бір себеп сарапшылардың жаһандық экономикалық өсімнің төмендеуі мүмкін деген болжамы. Жаһандық экономика бәсеңдесе, сұраныс та азайып, баға да төмендейтіні түсінікті.

Ары-беріден соң, мұнайдың арзандауына басты себепші Трамптың өзі болуы ықтимал. Бұған дейін де Сауд Арабиясын нарықта сұранысты жасанды көбейтіп, әдейі тапшылық тудырып отыр деп айыптаған Трамп өз дегеніне жеткен секілді. Саудиялық журналистің Түркияда өлтірілуіне басты күдікті ретінде Сауд Арабиясының қазіргі билігі АҚШ-тың қаһарына ұшырамас үшін Трамптың айтқанын істеп, өндірісті шектемей, бағаның арзандауына жағдай жасап отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу