Мұнай құбырларын роботтар қарауылдайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3472

Болашақта Қазақстанда тұрба-құбырларды толығымен роботтар бақылауға алуы ықтимал. 

Мұнай құбырларын роботтар қарауылдайды

Бүгін "үкімет үйінде" өткен баспасөз конференциясында журналистермен кездескен "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы басшылығының өкілі мұнай мен суды құбырмен тасымалдауға жауапты ұлттық оператордың өзінде ендіріп жатқан жаңа технологияларына тоқталды.

Қазір қола алынып жатқан бірнеше жаңа технологияларды елімізге Аустрия мен Словакия жеткізбек. Және олармен ұлттық компания Астанада өткен "Экспо-2017" көрмесі аясында танысыпты.

"ҚазТрансОйл" АҚ-ының эксплуатациялау-пайдалану департаменті директорының орынбасары Сергей Костин ұлттық компанияның Қазақстандағы мұнай тасымалдайтын ірі компания ретінде көптеген жылдар бойы өзінің нысандарына энергия ресурсын үнемдеуші технологиялар мен жабдықтарды енгізумен айналысып келе жатқанына назар аудартты. Мәселен, жақында өткен "Экспо-2017" халықаралық көрмесі аясында компания өкілдері барлық дерлік павильонды аралап, өз жұмыстарында қолдануға болатын Аустрия мен Словакияның технологияларын іріктеп алған екен.

Соның ішінде, жылыту мен салқындатудың ірі гелиожүйелерінің жетекші әлемдік жеткізушісі, австриялық Solid компаниясының технологиясы таңдалды. "ҚазТрансОйл" Solid өкілдерімен тәжірибелік сынақтар жүргізуді және келешекте аталған технологияларды өздерінің кеңселік, тұрғын және өндірістік ғимараттарында қолдануды жоспарлап отыр.

"Аустриялық Solid компаниясының гелиожүйесін таңдап алып отырмыз. Себебі, бұл компания нарықта гелиожүйені тұрмыстық жағдайларда да, сондай-ақ өндірістік мақсаттарда да пайдалануға жол ашады. Оның құрылғыларын ғимаратты жылытуға да, оны салқындатуға да қолдануға болады. Біз компанияның зауыттары өкілдерімен хабарластық. Қазір "ҚазТрансойл" объектілерінде тәжірибелік-өндірістік сынақтар жүргізуге әзірленудеміз. Содан кейін ендіруге кірісеміз. Гелиожүйелер желдету-баптау, жылыту, жарықтандыру жүйелерін қуатпен қамтамасыз ету үшін біздің кеңселік ғимараттарда да, персоналға арналған тұрғын үйлерде де, өндірістік нысандарда да орнатылатын болады", – деді Сергей Костин.

Сондай-ақ, "ҚазТрансОйл" словакиялық EcoCapsule компаниясының технологиялық шешімдерін таңдап алды. Ол желдік генератор мен фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған мобильді тұрғын модульдерінің өндірушісі болып табылады.

Модульдерді қоршаған ауа температурасы -50 С-ден +50 С аралығында пайдалануға болады. Олар мұнай өндіру және магистралды мұнай-газ құбыры нысандарын бақылаудың, мониторинг және күзеттің уақытша немесе тұрақты бекеттерін монтаждау қажет болған кезде өте ыңғайлы.

"Олардың құрылғыларын трасса бойында орналастыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте стационарлық коммуникациялардың болуы, жылу және электрмен жабдықтау қажет етілмейді. Бұл капсулалар да "ҚазТрансОйл" объектілерінде сынақтан өтеді. Олар телекоммуникация желілерін тарту, күзет бекеттерін қою, қандай да бір апаттық-профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет болатын жерлерде қолданылады", – деді ұлттық компания басшылығының өкілі.

Бұдан өзге, "ҚазТрансОйл" австриялық 1stLevelSolar компаниясының технологиялық шешімдерін қолдану туралы шешім қабылдады. Компания мобильді күн электр стансаларын шығарумен айналысады. Sundrops-ты жабдықтарды қуаттандыруға және коммуникациясы жоқ, қашықта орналасқан нысандардың дала жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануға болады. Сонымен қатар станса шуыл және зиянды қалдықтар шығармайды.

Айта кету керек, қазіргі кезде дамыған елдерде далалар мен су астын бойлай өтетін мыңдаған шақырым мұнай-газ құбырларының бүтіндігін арнайы роботтар бақылайды. Бұлар да алда Қазақстанның игілігіне қызмет ете бастамақ. Әзірге елімізде бұл іске дрондар тартылуда. Бірақ олардың биіктен әрі үстірттеу қарайтыны мәлім. Ал роботтар тұрбақұбырының ішімен қозғалады және деректерді шынайы уақыт режимінде жолдап отырады. Алынған ақпарат жедел әрі дұрыс шешімдер қабылдау үшін аса қажет. Әлемде қазіргі бар мұндай роботтар ұтқыр болып келеді және түзу құбырларда ғана емес, бұрылыс-қиылыстарда да еркін қозғалады. Олар сондай-ақ қуатты қысымды сезінетін суасты құбырларында да жұмыс жасайды екен. Бұл бағыттағы жаңа технологиялар қазір ғана сынақтан өтуде. Қазақстандағы сала мамандары оны қадағалап отыр екен.  

Мәселен, "ВостокНефтегаз" бас директоры Фанзиль Мугаллимов "ҚазТрансОйлға" мұнай ағынында құбырға заңсыз қосылудың орнын анықтаудың инновациялық технологиясын ұсынды. Құбыр ішімен қозғалатын "Зонд-Скан" құрылғысын пайдалану құбырдың өне бойындағы метал қысымының деңгейін анықтау арқылы кесіп-кірулерді анықтау мүмкіндік береді. Фанзиль Мавлявиевич заңсыз қосылулар кезінде болатын құбырға жасанды зақым келтіру үлгісінде өткізілген зерттеулерінің қорытындыларын мәлім етті.

"Заңсыз кесіп-кірулерді анықтайтын басқа құрылғылармен салыстырғанда "Зонд-Скан" бірқатар басымдыққа ие: біріншіден, мұнай құбырларын тексерудің жоғары өнімділігін береді: ол секундына 4 м дейін анықтайды. Екіншіден, мұнайды ауыстырып құю кезінде еш кедергісіз кесіп-кірудің орнын да дәлдікпен анықтайды. Үшіншіден, Зонд-Скан технологиясы ішкі құбырлы диагностика құрылғысының құнынан 5-10 есеге арзан", – дейді Фанзиль Мугаллимов.

Ал "РауаНалко" ЖШС техникалық директорының орынбасары Тимур Бекбасов "ҚазТрансОйлмен" бірлесіп, "Құмкөл – Қарақойын – Шымкент" учаскесінде отандық өнім – "РАНДЕП-5102" депрессорлық қоспасын қолданып жатқандарын айтады. Осы бағыт бойынша мұнай шамамен +9 – +15⁰С орташа жылу температурасымен тасымалданады. Алайда қыс мезгілінде бұл аймақтағы ауа райы +2 градусқа дейін суиды. Ал осы құбыр учаскесінде жылыту-қыздыру құрылғылары орнатылмаған. Сондықтан мұнайдың қоюланып, тіпті қатып қалу мәселесін шешу үшін жер қойнауын пайдаланушылар "Құмкөл – Қарақойын – Шымкент" құбырына мұнай тапсыру кезінде, күн қатты суытқан уақытта нарықта кең таралған депрессорлық қоспаны қолданады. Дегенмен, ол өнімдердің Қазақстан жағдайында бірқатар кемшіліктері анықталған.

"Ғылыми-технологиялық орталық филиалының мамандары "РауанНалко" компаниясымен бірлесе отырып, үш жыл ішінде "Құмкөл – Қарақойын – Шымкент" құбыры арқылы тез суып қалатын мұнай қоспасын жөнелту үшін депрессорлық қоспаның оңтайлы құрамын әзірледі. Сонымен қатар қоспаны құбырға жеткізу үрдісі де автоматтандырылды", – деп түсіндірді компанияның бас директорының бірінші орынбасары Алексей Пирогов.

Осы бағытта бұрын қолданылған қоспалардың қандай кемшіліктері болған? Мұнай құбырына құймастан бұрын ол қоспаны қыздырып, дизель отынымен араластыру талап етіледі екен. Ал қазір жанар-жағар май қымбаттауда, демек, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша шығынын арттырады: олар қосымша жанармай және қыздыру құрылғыларын сатып алуға мәжбүр болатын. Бұл ретте қоспаның мөлшерлемесі бір тонна мұнайға 500 грамын құюды қажет ететін көрінеді.

Бұл қиыншылықтан құтылу үшін отандық инноваторларға үш жыл қажет болды: барлық өндірістік-тәжірибелік сынауға осынша уақыт кеткен. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан қоспаның үйлестірілген құрамын алды, сондай-ақ тасымалданатын мұнайды қоспамен араластыру технологиясын толықтай автоматтандырып отыр. Оның үстіне доза-мөлшерлемесін де азайтуға қол жеткізіліпті: қазақстандық өнім 1 тоннаға тек 200 грамын құюды қажетсінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу