Мұнайға малданып отырмыз

4951

2017 жылы Қазақстанда 86 млн тоннадан астам мұнай өндіріліп, тарихи рекорд орнатылды. Бірақ Ұлттық қордағы қаржы 765 млрд теңгеге қысқарды.

Мұнайға малданып отырмыз

Brent маркалы мұнайдың құны ай сайын емес, күн сайын құлдырап жатыр. 5 ақпанда баррелі 67 доллардан сатылған мұнай бағасы 6 ақпанда 66,82 долларға бағаланды.

Лондонның ICE Futures биржасында сәуір айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерсі 0,96 долларға дейін арзандап, бір баррель мұнайдың бағасы 67,62 долларды құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) WTI маркалы мұнайдың наурыз айында жеткізілетін фьючерсі 1,3 долларға түсіп,  баррелі 64,15 доллардан сатылды.

Бағаның күн сайын құбылуына АҚШ-тың мұнай өндірісін тәулігіне 9,91 млн баррельге жеткізуі бірден-бір себеп болып отыр. Бүгінгі таңда АҚШ-та 765 мұнай қондырғысы күні-түні жер астынан мұнай айдап жатыр.

JPMorgan қаржы холдингінің болжамынша, биыл мұнайдың орташа жылдық құны Brent маркасы үшін 70, WTI маркасы үшін 65,63 доллар болуы мүмкін.

Бұған қоса холдинг сарапшылары 2018 жылдың II тоқсанының басында әлемдегі мұнай қорының азаюына байланысты Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 78 долларға жетеді дегенді алға тартуда. Ал Goldman Sachs банкінің сарапшылары тақтатас мұнайының өндірісі қарқын алатын болса, 2020 жылға қарай мұнай бағасы барреліне 60 долларды құрайды деп отыр.

Жалпы, мұнай өндіруге және оның құнына қатысты мәселе 2016 жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын желтоқсан айында ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан жылдың ортасына дейін мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімге келді. Бұл келісімді Қазақстан да құптады. Алайда ОПЕК+ алдында мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге азайту туралы міндеттеме алған энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа Нұрсұлтан Назарбаев Қашағанның іске қосылуы мен Теңіз кен орнындағы өндірістің күшеюін пайдалана отырып, Қазақстанның мұнай экспортын арттыру туралы тапсырма берді. Осылайша Қанат Бозымбаев ОПЕК+ шартын ысырып қойып, мұнай өндірісіне қарқын берді. Ізінше халықаралық энергетикалық агенттік Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша ОПЕК алдындағы міндеттемесін орындамай отыр деп мәлімдеме жасады.  

"Қазақстан мұнай өндірісін 2016 жылдың қазанымен салыстырғанда тәулігіне 20 мың баррельге азайтуға тиіс болғанымен, іс жүзінде 80 мың баррельге көбейтіп жіберді. Қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мұнай мен конденсат өндірісін тәулігіне 40 мыңға арттырып, тәулігіне 1,7 млн баррельге жеткізді. Оған Қашағанның іске қосылуы түрткі болды. Нақтырақ айтар болсақ, Қашаған кен орны қосылғаннан кейін 5 ай ішінде өндіріс көлемін тәулігіне 170 мың баррельге жеткізген. Алдын ала есептеу бойынша, бұл көрсеткіш 2018 жылға қарай 360 мың баррельге дейін ұлғаймақ", – деді шетелдік сарапшылар. Бұған ҚР энергетика министрі: "Қазақстан ОПЕК алдындағы міндеттемесі бойынша мұнай өндіру көлемін ай сайын белгілі бір көлемде азайтып отыруы тиіс емес, тек жарты жылда көрсетілген көрсеткішке төмендетуі керек. Нақтырақ айтар болсақ, 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 1,7 млн баррельден асырмауымыз қажет. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20 мың баррельге төмен", – деп жауап қатты.  

Сол кезде Қанат Бозымбаев ОПЕК-тің шартын орындамауға жыл мезгілі әсер еткенін айтты.

"Келісіммен келіскенде осы фактор ескерілді. Өйткені Қазақстандағы ауа райына байланысты жазда өндіріс азаяды", – деді министр.

Ұрымтал тұста Ресей Орталық банкі мұнай бағасының құбылуына Қазақстан кінәлі дегенді айтты.  Банкирлер ресми Астана мұнай өндіруге қатысты ОПЕК+ шарттарын орындамай отыр деп салды. Қанат Бозымбаев ресейліктерге де жауап берді.

"ОПЕК+ талаптарын толық орындап отырмыз және оны бұзу ойымызда жоқ", – деді ол.

Ал 2017 жылғы 25 мамырда Аустрияда ОПЕК-ке мүше 14 ел мен картельге кірмейтін мемлекеттер мұнай өндірісін 2018 жылдың наурызына дейін азайтуға келісім жасады. Бірақ кейбір мемлекеттер бұл келісімді орындаған жоқ. Осыған қатысты Сауд Арабиясындағы минералды ресурстар мен өнеркәсіп және энергетика министрі Халед Әл-Фалех ОПЕК жанындағы мониторингтік комитеттің отырысында: "Мұнай нарығы қазір толқымалы кезеңді басынан кешіруде. Бұған Ливия, Нигерия, АҚШ сияқты елдердегі өндіріс көлемінің артқаны әсер етіп отыр..." деген пікір білдірді.

2017 жылғы 29 қарашада өткен ОПЕК конференциясында 2018 жылдың наурыз айының соңына дейін  ұзарту туралы шешім қабылданды.

Қазір жоғарыда көрсетілген мерзімді 2019 жылға дейін созу жайы қозғалып жатыр. Себебі экспорттаушы елдер ұйымының мәліметінше, 2022 жылға қарай әлем бойынша мұнайға деген сұраныс тәулігіне 102 млн баррельге жетуі мүмкін. Бұған дейін мұнайға деген сұраныстың орташа жылдық өсімі тәулігіне 1,2 млн баррельді құрайды.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың дерегінше, 2017 жылы Қазақстанда 86 млн тоннадан астам мұнай өндіріліп, тарихи рекорд орнатылған. Бұған дейін біздің елде жер қойнауынан дәл осындай көлемде мұнай алынбаған. 2016 жылмен салыстыратын болсақ, былтыр 8 млн тонна мұнай артық өндірілген.

"Біздің ел әлемдегі 10 үздік мұнай өндіруші мемлекеттің қатарына қосылуға жақындап келеді. Әзірше биткойн емес, мұнай ең басты стратегиялық ресурс болып тұр. Кейінгі уақытта мұнай баррелінің бағасы 70 долларға жетіп жығылды. Мұндай көрсеткіш нарықта соңғы 3 жылда болған емес. Бұған дейін мұнай өндірудің рекордтық көрсеткіштерін қуана қарсы алатынбыз. Қазір қатты қуанбаймыз. Өйткені антирекордтың бірнеше себебі бар", – деді депутат.

Оның ойынша, жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, сұйық отынның құны шарықтап жатқан кезде мұнай өндірісінің рекорды жайлы сөз қозғау әбестік.

"2017 жылы мұнай шикізатының экспорты шамамен 11%-ға артты. Есесіне жанар-жағармайдың импорты 26%-дан асып кетті", – деді Айқын Қоңыров.

Халық қалаулысының пікірінше, мұнай өндірісі артқан кезде мұнайдан түскен табыстың көлемі еселенуі керек. Бізде бұлай болмаған.

"Қорытындыда біз Ұлттық қордағы қаржының еселенгенін емес, 765 млрд теңгеге қысқарғанын білдік. Біз қаржыны толтырып, көбейтіп отырған жоқпыз, жұмсап жатырмыз. Бұл түсініксіз жағдай", – деді мәжілісмен.

Шикізатқа тәуелділіктен құтылмасақ және мұнайдың бағасы алдағы уақытта тағы құлдырайтын болса жағдайымыз қиындайтынына назар аударған депутат: "Мұнайдан түскен табысты басқарудың жаңа саясатын ойлап табу керек және ол қоғамға түсінікті болуы тиіс", – деді.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу