НАТО бұл жолы Украинаны өз қатарына шақыра ма?

745

Вашингтонда Солтүстікатлантикалық одақтың саммиті ашылады. Онда талқыланатын басты тақырыптардың бірі – Киевке жәрдемдесу.

НАТО бұл жолы Украинаны өз қатарына шақыра ма? Фото: Reuters

НАТО-ға мүше 32 елдің лидерлері осы аптада Вашингтонда Трансатлантикалық қауіпсіздік альянсының саммитіне жиналып, Ресейдің басқыншылығына қарсы соғыста Украинаны одан әрі қолдауды күн тәртібіндегі басты мәселеге айналдырмақ.

Саммитке шақырылған президент Владимир Зеленский 9-11 шілдеде өтетін жиыннан не күте алады?

НАТО УКРАИНАНЫ ӨЗІНЕ МҮШЕЛІККЕ ШАҚЫРА МА?

Жоқ. НАТО шешімді консенсуспен қабылдайды және одақтың 32 мүшесінің арасында Украинаны альянсқа шақыру туралы ортақ келісім жоқ. Алайда НАТО-ның көптеген мүшелері, солардың ішінде әсіресе Шығыс Еуропа елдері Киевтің мүшелікке жақындап қалғанын ұқтырғысы келеді.

Өткен жылы Литва астанасы Вильнюсте өткен саммитте НАТО жетекшілері "Украинаның болашағы НАТО-да" деп мәлімдеп, Киев альянсқа қосылуы керек деген уәделеріне (2008 жылы Бухарестте берілген) берік екендіктерін қуаттай түсті.

Дегенмен, дипломаттардың айтуынша, Америка Құрама Штаттары мен Германия - Украинаны Солтүстікатлантикалық одаққа қабылдаудан қауіптенетіндер қатарында. Егер Украина НАТО-ға қосылса, осы альянстың 5-ші бабы бойынша Ресей шабуыл жасаған жағдайда басқа мүшелер Украинаға көмектесуге міндетті болады.

Өткен айда Time журналына берген сұхбатында АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы бейбітшілік Ресейдің бұл елге енді ешқашан шабуыл жасай алмайтындығына көз жеткізуді білдіреді" деп атап өтті. Бірақ, оның айтуынша, "бұл Украинаның НАТО-ға кіретінін аңғартпауы керек. Мұндай мәлімдеме әрине Киевтің альянсқа кіру үмітін сөндірді. Сонымен қатар, интервью барысында Байден "Украинаның НАТО-ға қосылуын қолдауға дайын еместігін" бұрын да айтқанын ескертті.

Десек те, НАТО лидерлері осы саммитте Украинаға "мүшелікке апаратын көпір" ретінде оған ұсынылатын көмек шараларын жариялайды деген болжам бар.

ПАКЕТКЕ НЕ КІРЕДІ?

Оған қаржылық қолдауды жалғастыру туралы уәде мен НАТО-ның Украина күштерін қару-жарақпен қамтамасыз ету және жаттықтыруды үйлестіруді өз қолына алу жөніндегі қадамдар кіреді.

НАТО ұйым ретінде Украинаға тікелей қару бермейді, бірақ альянстың көптеген мүшелері - Киевтің ең ірі қару-жарақ жеткізушілері санатында. Америка Құрама Штаттары кейбір одақтастарымыен бірлесіп, саммитте Украинаға көбірек қару-жарақ, соның ішінде Patriot әуе қорғаныс жүйелерін жөнелту жоспарын жариялауы мүмкін.

ҚАРЖЫЛЫҚ КЕПІЛ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Батыс еуропалық екі дипломат Reuters агенттігіне өткен аптада айтқандай,  НАТО елдері арасында Украинаға алдағы жылы 40 миллиард еуро көлемінде әскери көмек көрсету туралы келісім мақұлданады деген болжам бар.

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаға қатысты 100 миллиард еуро көлеміндегі бес жылдық міндеттеме ұсынды. Бірақ көптеген одақтастар олардың бюджет ережелері мұндай ұзақмерзімдік міндеттемеге жол бермейтінін немесе болашақ үкіметтері атынан кепілдік бере алмайтынын айтып, бұл жобаға қарсылық білдіріп отыр.

НАТО НЕНІ ҮЙЛЕСТІРЕДІ?

Альянс Украинаға қару-жарақ жеткізуді үйлестірудің көп бөлігін АҚШ бастаған 50-ге жуық елдің арнайы коалициясынан, яғни, Германиядағы америкалық әуе базасының атымен аталатын Рамштайн тобынан өз мойнына алуға келісті.

Сонымен қатар, НАТО украин күштерін оқытуды үйлестіріп, бұл шараның басым бөлігін Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания жүзеге асырып жатыр.

Кейбір дипломаттар бұл қадамды Дональд Трамптың қараша айында АҚШ-та өтетін президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату әрекетінен сақтану тәсілі деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу