Украина дағдарысының астарында бір жұмбақ жатыр. Ресей Президенті Владимир Путин Батыстан жоқ нәрсені талап етіп, Еуропаны соғысқа итермелеп отыр. Неліктен?
Ресей Америка бастаған НАТО 30 жыл бұрын Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Украинаға ешқашан мүшелік ұсынбауы керек дейді. Украинаның ұзақ жылдар бойы НАТО-ға кіруге ұмтылып келе жатқаны рас. Бірақ Украина басшылығындағы сыбайлас жемқорлыққа, қорғаныс жүйесіндегі кемшіліктерге және халықаралық шекараларындағы бақылаудың жоқтығына байланысты Солтүстікатлантикалық альянс бұл мемлекетті өз қатарына шақырып отырған жоқ.
Сонда Мәскеу қазір Украинаның НАТО-мен қарым-қатынастары жайлы мәселені неге көтеріп отыр? Бұл сауалдың жауабы өте күрделі.
ПУТИН НЕГЕ УКРАИНА НАТО-ҒА КІРЕДІ ДЕП АЛАҢДАУЛЫ?
Кремль мәлімдеген себеп сол, НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Вашингтон мен оның одақтастары болса, мұның орынды алаңдаушылық екенін жоққа шығарып келеді. Олардың айтуынша, НАТО-ның ешбір елі Ресейге қарсы күш қолданайын деп отырған жоқ.
Кең мағынасында Путин постсоветтік Литва, Латвия және Эстонияда жүйелі түрде ауысым тәртібімен жаттығулар өткізіп тұратын НАТО-ның Шығыс Еуропадан кеткенін қалайды. Балтық елдерінде АҚШ-тың тұрақты әскері жоқ. Пентагонның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Литвада 100-ге жуық, ал Эстония мен Латвияда 60-қа жуық америкалық жауынгер ротациялық тәртіппен ғана қызмет етіп жатыр.
Путин НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс базаларының бұрынғы КСРО-ның серіктері (Варшава келісімі аясындағы – авт.) – Румыния мен Польшада орналасқанына қарсы. Кремль басшысының сөзінше, бұл әскери нысандар күндердің күнінде Ресейге қауіп төндіретін шабуылдаушы қаруға айналып кетуі ғажап емес. Президент Джо Байден болса, осы аптада Шығыс Еуропаға қосымша америкалық 3 мыңдай жауынгер жіберуге кірісті: Польшаға 1 700, Румынияға 1 000, Германияға 300.
Украинаның Ресеймен терең тарихи және мәдени байланыстары бар. Ал Путин орыстар мен украиндар "бір халық" екенін бірнеше рет айтты. Оның сөзінше, Украина территориясының айтарлықтай бөлігі Ресейдің тарихи жеріне кірген. Бірақ ол аумақты Кеңес Одағының басшылары бір кездері Украинаға беріп қойыпты-мыс.
Не болса да Путиннің әрекеттері украин халқының ұлттық сана-сезімін нығайтуға қызмет етіп отыр. Ресей 2014 жылы Қырым түбегін басып алып, Украинаның шығысында бүлік шығарғаннан кейін, Украинаның Батыспен бірігуге, НАТО-ға қосылуға деген ұмтылысы тіпті күшейді.
Путин жақында өзінің Украина жайлы алаңдаушылығын нақтырақ сипаттады. Оның айтуынша, Украина Қырым түбегі мен ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аудандарды қайтарып алу үшін әскери күш қолдануы мүмкін.
"Украина НАТО-ға мүше болып, әскери операцияларды бастады деп елестетіп көріңізші. Сонда біз НАТО-мен соғысуымыз керек пе? Бұл туралы біреу ойланды ма?", – дейді Путин.
Айта кетсек, теориялық тұрғыдан НАТО-ның бір еліне жасалған шабуыл – бәріне жасалған шабуыл болып есептеледі.
УКРАИНАНЫҢ НАТО-ҒА КІРУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ ҚАНДАЙ?
Болжамдарға жүгінсек, Украинаның таяуда НАТО-ға кіруі екіталай.
Украина НАТО-ға мүшелік туралы әлі ұсыныс алмаса да, Киев трансатлантикалық альянспен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін 1997 жылы НАТО-Украина хартиясын қабылдап, уақыт өте келе батыстық әскери одаққа жақындай түсті.
НАТО елдерінің үкімет басшылары 2008 жылы Украина мен Грузияның "НАТО-ға мүше болатынын" ашық жариялады. Осынау жоспардың қашан және қалай жүзеге асатыны сол кезде айтылған жоқ. Бірақ бұл мәлімдеме Мәскеуде Киевтің ақыр соңында альянсқа қосылатыны жайлы алаңдаушылықты күшейтті.
Екінші жағынан, 2008 жылы Украина мен Грузия туралы мәлімдемеге қол қойған АҚШ пен НАТО мемлекеттерінің басшылары, Киев пен Тбилисиге мүшелік іс-қимыл жоспарын беруден бас тартты. Германия мен Франция Украинаның НАТО-ға өтуіне үзілді-кесілді қарсы болса, НАТО-да Украина мүшелікке кандидат (!) болмас бұрын саяси реформаларын аяқтауы керек деген көзқарас қалыптасты.
Бұл қарама-қайшылық әлі шешімін таппағандықтан, НАТО-ның есігі қанша жерден ашық тұрса да, оған Украина жақын арада кіруі мүмкін емес.
ПУТИН УКРАИНАҒА ҚАЛАЙ ҚЫСЫМ ЖАСАП ЖАТЫР?
Мәскеу Украинаға басып кіру ниеті жоқтығын мәлімдегенімен, соңғы бірнеше айда Украина шекарасының бойына жауынгерлік күштерін жинап, Вашингтон мен НАТО талаптарын орындамаса, қандай да бір шара қолданамыз деп сендіріп отыр. Байден әкімшілігі Ресейдің қазір кең ауқымды әрекеттерге, соның ішінде Киевті басып алу үшін ауқымды басқыншылыққа қабілетті екенін айтады.
Путиннің сөзінше, НАТО Украинаны қару-жарақпен және әскери дайындықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, Шығыс Еуропаның басқа елдеріне де күштерін орналастыру арқылы шектен шығып кетті.
Дегенмен соңғы онжылдықта АҚШ пен НАТО-ның Шығыс Еуропада әскери әлеуетінің артуына Ресейдің Қырым түбегін аннексиялауы, 2014 жылы Украинаның шығысына басып кіруі себеп болғаны да рас. Ресейдің бұл әрекеттері НАТО-ны ұжымдық қауіпсіздікті күшейтуге итермелеп отыр. 2014 жылдың қыркүйегінде НАТО жетекшілері бірнеше күн ішінде соғысқа аттана алатын жылдам әрекет ету күштерін құрып, қорғаныс шығындарын ұлғайту туралы уәделескені белгілі.
Арыс Әділбекұлы