Немістің ойы – қазақтың қойы

Қажет Андас Қажет Андас
17472

"BaumanGmbh&COKG" компаниясы бір жылда 1 миллионға жуық  қой етін өңдеуді жоспарлап отыр.

Немістің ойы – қазақтың қойы

Елімізде 20 миллионға жуық қой бар, бірақ оның етін кәдеге жарататын бірде-бір  кәсіпорын  жоқ. Осы олқылықтың орнын немістің "BaumanGmbh&COKG" компаниясы толтырмақшы.

1930 жылы құрылған компания бүгінгі таңда қозы етін саудалаумен айналысады. Ол Германия  нарығының 25% етпен қамтамасыз етіп отыр. Келесі жылы немістер Жетісу жерінде қой етін өңдейтін зауытты іске қосады. Осы арқылы олар Қазақстандағы қой етінің экспорттық  әлеуетін арттыруға араласады.

Сыртқы сауда қорытындысы бойынша, жетісулық кәсіпкерлер биыл 1,5 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарды.  Бұл сан өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 318,7 млн долларға артық. Ал импорт 1,2 млрд долларға төмендеген.

Бір қарағанда көрсеткіш жаман емес сияқты, алайда еліміздің өзге аймақтарымен қатар қойғанда Алматы облысы сыртқы саудада  - 12 (үлесі 2,5 %), импортта  - 13 (үлесі 0,9 %), өңделген өнімді сыртқа сатуда -  9 (үлесі 2,2% ) орында тұр.

Жетісу жерінде өнімді өңдеу мен экспорттау саласы ақсап жатыр. Бұған қаржы қолбайлау болып тұр. Себебі мұнда қалтасы қалың кәсіпкер тапшы. Сондықтан жетісулықтар  түйіткілді шетелдіктердің қаржысымен  шешуге мәжбүр.

Осы тұста "BaumanGmbh&COKG" компаниясының Жетісуға қой етін өңдейтін зауыт салып беру туралы ұсынысы "іздегенге сұраған" болды.

"Ет өңдеу кешені құрылысының толыққанды жүзеге асуы біз үшін аса маңызды. Сондықтан шетелдік компанияға қолымыздан келгенше жағдай жасаймыз. Зауыт салынатын аумаққа электр, жылу, газ, кәріз жүйелерін тартып береміз", – деді инвесторлармен кездескен кезде өңір басшысы Амандық Баталов.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 7,1 млрд теңге. Бірінші кезеңде жылына 15 мың тонна, екінші кезеңде жылына 30 мың тонна өнім өндіріледі. Зауытта 700  адам жұмыс істейтін болады.

"Жобаның алғашқы кезеңі 2017-2018 жылдары жүзеге асады. Келесі жылдан бастап зауыттың өнімі ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа жөнелтіле бастайды. Бір жылда бір миллионға жуық қой етін өңдеуді жоспарлап отырмыз", – деп сендірді "BaumanGmbh&COKG" компаниясының бас акционері Райнер Бауман.

Жетісуға келген талай инвестордың  жобасы жол ортада қалғанын бұған  дейін сан мәрте көрдік. Осының алдын алу үшін облыс әкімі ет өңдеу зауыты аяғына нық тұрып кеткенше оған "Жетісу" ӘКК" ҰҚ" АҚ мен Алматы облысын дамыту жөніндегі "Алатау" АҚ көмектесуге тиіс деген шешім қабылдады.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу