Қойдың еті Қытай аспақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4976

Мұздатылған қой етін Қытайға экспорттауға жол ашылды.

Қойдың еті Қытай аспақ

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдылдановтың айтуынша, 20 наурыз күні Қытайдың сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасының сайтында Қазақстанның тоғыз облысынан мұздатылған қой етін импорттауға рұқсат берілгендігі туралы ресми ақпарат жарияланған.

"2017 жылы Қытай тарапы Қазақстанға арнайы келіп, ет экспортымен айналысатын кәсіпорындарды тексерді. Соның нәтижесінде отандық 5 кәсіпорын Қытайдың ет импорттауға рұқсат етілген кәсіпорындарының арнайы реестріне тіркелді. Осылайша, мұздатылған қой етін Қытайға экспорттауға жол ашылды", – деді Тұрсын Қабдылданов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, әзірше қанша көлемде ет жеткізілетіні нақтыланбаған. Ет көлемі қос тараптың келісіміне сәйкес анықталмақ.

Нодулярлық дерматит бойынша қойылған шектеулерге байланысты мұздатылған қой етін экспорттау әзірге тек темір жол арқылы, атап айтқанда Алтынкөл, Достық бекеттері арқылы жүзеге асырылатын болады.

Тізімге енген облыстардың қатарында Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан өңірлері бар. Бұлар – аусыл ауруына вакцина егілмейтін таза аймақтар.   

Еске сала кетейік, Қазақстан Қытайға ет экспорттамайды. Мамандардың пікірінше, мұздатылған қой етін экспорттау бойынша қол жеткізілген осы келісімнің өзі біздің ел үшін үлкен жетістік. Отандық мамандар енді ауқымды нарығы бар көрші елге сиыр мен түйе етін және басқа да мал түрлерін экспорттау талаптары бойынша келіссөздерді қайтадан қолға алмақ.

Тұрсын Қабдылдановтың айтуынша, қой етін экспорттайтын кәсіпорындардан бөлек, Қытайдың реестріне балық шаруашылығымен айналысатын 48 кәсіпорын еніпті. Сондай-ақ, бал шаруашылығымен айналысатын 6 кәсіпорынның анкетасы Қытайға жіберілген. Сәуір айында қытайлық мамандар Қазақстанға келіп, тексеру жүргізбек. Олар бал шаруашылығының 6 кәсіпорынын, балық шаруашылығының 4 кәсіпорынын тексереді деп жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Азамат Сағынбаевтың сөзінше, Қытай 2008 жылы шамамен 20 мың тонна ет импорттаған. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 2 млн тоннаға жеткен. Яғни, сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бұл ретте, Қазақстанның Қытай нарығын жаулауға мүмкіндігі көп. Өйткені, біздің ет сапа тұрғысынан Қытай мемлекетінің талаптарына толықтай сәйкес келіп отыр.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстан Ресей, Иран, Бахрейн, БАӘ, Кувейт елдеріне барлығы 895,4 тонна ет қой етін экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 4,2 есеге жоғары. 2017 жылы Иранға 4800 бас, Біріккен Араб Әмірліктеріне 3400 бас қой тірідей жеткізілген.    

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу