Ностальгиядан басталған бизнес

2563

Елорда тұрғыны Болат пен Гүлмира Әбдіғасеновтер "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен отбасы бизнесін бастап отыр. Олар жемістен жасалған чипсылар мен пастила өндіретін цех ашқан.  

Ностальгиядан басталған бизнес

Бүгінде Дубайға экспортқа шығуды жоспарлап отырған отбасылы кәсіпкерлермен біз "Хан Шатыр" сауда үйінде өткен бастаушы кәсіпкерлердің жәрмеңкесінде танысқанбыз. Олар өздерінің жетістіктерін сонда әңгімелеп берген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Біз "Бастау Бизнес" курсын бір айға жуық оқып тәмамдап, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (555 мың теңге) грант иеленгеннен кейін көп ойландық. Өйткені бірнеше бизнес-идеямыз бар болатын. Ақыры айналып келіп жемістен пастила мен чипс шығару ісіне тоқтадық. Жеміс кептіретін аппарат сатып алдық. Бір жақсысы жеміс-жидек елде баршылық. Екінші жағынан балалар мұндайды дүкеннен көп алып жейді ғой. Біз соның орынын пайдалы өніммен алмастыруды ойладық. Оған қант секілді зиянды қоспа қоспаймыз. Таза өнім болып саналады", – деді Болат. 

Олар Еуроодақтың тағамның сәйкестігін растайтын сертификатын алған. 

Оның айтуынша, пастила дұрыс тамақтануға арналған тағамдар қатарына жатады. Ас қорытуға көмектеседі. Тамақ арасында жүрек жалғағанға немесе таңғы шайға таптырмайтын тамаша өнім болып саналады.

"Бұрын үйімізде осыған ұқсас аппарат болған. Балалар дүкендердегі қаптамасы әдемі дүниелерге зиянына қарамай қызыға береді ғой. Сондайда үйден әзірлеп беретінбіз. Өзіміз көпбалалы ата-анамыз. Осы өнімімізді өзіміз де сүйіп жейміз. Жас кезімізде де пастила бар болатын. Ностальгия ғой", – дейді ол.

Кәсіпкерлер грантқа осындай бес аппарат сатып алған. 

"Дүкендерде саудаламасақ та, бизнеспен кәсіби түрде айналысамыз. Инстаграм желісімен өткіземіз. Арнайы кептіргіште кептіреміз, таңбалаймыз және қаптамаға орап береміз. Бәрі жолға қойылған", – деді кәсіпкер.

Жақында олар "Атамекен" ҰКП-дан тағы 5 миллион теңге алды. Ресейден автоматты түрде қаптамаға орайтын құрылғы алдырды. Бұл жұмысты жеңілдетеді және молырақ өнім өндіруге мүмкіндік береді. Содан кейін экспортқа шығуға болады.

"Дубайдағы трейдерлер өздері бізге хабарласып, сұрап отыр. Бұған дейін өнімдерімізді өздерінің халал-сынамасынан да өткізіп, көз жеткізді", – дейді кәсіпкер.

Ол кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлеріне алғыс айтады.

"Бизнес дегеннің не екенін енді көріп жатырмыз. Қалай сауда жасау керек, қалай адамдармен араласу керек – бәрін үйретті. Әсіресе, Жұмагүл Мақашева есімді бизнес-тренеріміз әрдайым жетелеп жүреді", – дейді отбасылы кәсіпкерлер.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу