Ойын бизнесі мемлекетті бопсалап отыр

1644

Қазақстан заңнамасына ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттейтін түзетулер әзірленіп жатыр.

Ойын бизнесі мемлекетті бопсалап отыр

Лудомания дейтін індеттің кесірінен ойрандалған отбасылардың санын мемлекет осы заң арқылы азайтпақшы. Бірақ кейде заңның қағазда мінсіз көрінгенімен, іс жүзінде пәрменсіз болып шығатыны бар. Inbusiness.kz тілшісі аталған заң жобасында ауыз толтырып айтуға тұрарлық қандай жаңашылдықтар барын, ондағы шектеулер мен тыйымдарға ойын бизнесінің лоббиінде жүрген жандар қалай қарсылық танытып жүргенін талдап көрді.

Мәжілістің сегізінші шақырылымының депутаттары лудоманияның халыққа тигізіп жатқан зардабы туралы дабыл қағып, біраз ұпай жинаған. Жалпы бұл мәселе әр отбасының жеке қайғысы болғандықтан, биік мінберде, ресми кездесулерде көп айтыла бермейтін. Әр үйдің өзгеге айта бермейтін, іштегі бітеу жарасын Парламент мінберінен көтеріп, пайдасынан зияны басым индустрияны ауыздықтау туралы ұран тастаған депутаттарға халықтың ішіп жылып-ақ қалған. Әсіресе, Respublica партиясының тең төрағаларының бірі Руслан Берденов көзге түсіп жүрді. 

Алайда сол Руслан Берденов бастаған лудоманиямен күресуші депутаттарды Мәжіліс ғимаратында осы мәселеге байланысты өткен пікірталас ортасынан таппай таңғалдық.

Үкіметке депутаттық сауалды қарша боратып, әлеуметтік желіде елдің қолдауына ие болып жүрген "күрескер" депутаттар талқылауда төбе көрсетпегені ойын бизнесінің өкілдеріне жақсы болды. Салаға жауапты вице-министрлер мен департамент басшыларының баяндамасына қарсы уәждерін қарша боратып, ауыздарын аштырмады. Пікірталасты сырттан бақылаған біздің көкейде ойын бизнесі мемлекет сызып берген ережемен жүруге тіптен құлықсыз екен деген ой қалды. Оны тезге салуға мемлекеттік органдар да аса бір құлықты боп отырмағандай.

Ойын бизнесінің өкілдері ерін бауырына алып тулайтындай жаңа заң жобасында қандай қорқынышты баптар бар екен деп құжатқа үңіліп көрдік. 

Мемлекет ойын бизнесін реттеу үшін заңнамаға 64 түзету енгізетін 3 заң жобасын ұсынып отыр. Ондағы нормалар интернетте ойын мекемесін заңсыз ашып, ұйымдастырғаны үшін қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік бермек. Ал 21-ге толмаған адамды құмар ойынға тартқандарға әкімшілік жауапкершілік қана қолданылмақ. Құжатта берешегі бар адамдардың құмар ойынға қатысуын шектеу, лицензиясы мен "KZ" ұлттық домені жоқ, Қазақстанда тіркелмеген шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстары мен электрондық кассаларына тыйым салу сияқты баптар да бар. 

Мемлекет Қазақстан аумағында қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ұйымдастырушылардың тізімін қалыптастырмақшы. Ол тізімдегі компанияларға ақша аударуға да тыйым салынбақ. 

Заң жобасын оқи отырып, мемлекет бұған дейін ойын бизнесінің бар пәлекетін Қапшағай мен Бурабайға аударып жібердік деген сеніммен қараусыз қалдырғанын көруге болады. Оны Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев та мойындап отыр.

"Букмекерлік кеңселердің Қонаев пен Бурабайда ғана жұмыс істемей, онлайн платформаға көшіп алуы қисынды. Мысалы, футболға ұтыс тіккен адамға матчты Бурабайға барып көрген ыңғайлы ма, әлде үйінде отырып онлайн ұтыс тіккені ыңғайлы ма? Ауруын жасырған өледі дегендей, бұл істі енді ғана қолға алып жатырмыз. Дер кезінде реттеуге көшкенде лудомания Қазақстанда бүгінгідей белең алмайтын еді", - дейді.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, мөлшерлемелерді қабылдау мен құмар ойын өткізудің үлгілік ережелерін бекіту көзделіп отыр.

Заңдағы бір бапта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимаратының сыртында ойын бизнесінің жарнамасын жарқыратып қоймауы керектігі жазылған. 

Бұл заң осы қалпында қолданысқа енсе, букмекерлік кеңселер өзінің аппараттық-бағдарламалық кешенін салық органдарының ақпарат  жүйесімен интеграциялауға міндеттелмек. Сондай-ақ,  ойын автоматтарының жеке залдарын ашуға тыйым салынбақ. 

Ал "Аmanat" фракциясының депутаттары құмар ойынға қатысуға тыйым салынған адамдардың жас шегін 25-ке дейін ұлғайтуды ұсынған.

Әзірленіп жатқан заңның ең пәрменді деген нормалары осындай. Лудономаниямен күрескіш депутаттардың атой салып ұрандаған мәлімдемелеріне қарағанда әлдеқайда солғын. Соның өзін ойын бизнесінің өкілдері көп көріп отыр. Оларға салса, ойын бизнесінің ісіне мемлекет килікпеу керек. Килігетін болса, бәрі жаппай көлеңкеге кете салмақ. Ал бұл мемлекетті салықтан ғана қағып қоймай, нарықта не болып жатқанын біліп отыру мүмкіндігінен айырмақ.

Кезінде Қазақстан нарығына мысықтабандап кірген букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолары интеренттің шексіздігін, 30 жылдың ішінде біраз қалың аудитория жинап алғанын пайдаланып, мемлекетті бопсалай бастады.

"Букмекерлік және лотерея бизнесінің өзін-өзі реттейтін ұйымы" дейтін аты әдемі қауымдастықтың президенті Ғалымжан Дуамбеков депутаттар ұсынып отырған шаралар саланы реттеудің орнына нарықты көлеңкелі арнаға ығыстырып жібереді деп қорқытады.

"Кейінгі кезде елдегі заңды букмекерлік ұйымдардың қызметі реттеу тетіктерінің қатаңдауынан тұрақсыздыққа ұшырауда. Қабылданып жатқан және ұсынылып отырған шектеулер мен талаптарды тек заңды жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер ғана орындайтын болады. Ал Қазақстанның интернет кеңістігінде заңсыз букмекерлік кеңселер мен казинолар өте көп. Сондықтан ұсынылып жүрген шектеу мен тыйым нормалары лудоманиямен күресте тиімсіз болады. Бұл нормалар көлеңкелі онлайн бизнеске қолайлы жағдай жасайды", – дейді ойын бизнесінің өкілі.

Ғалымжан Дуамбеков Қытай мен Оңтүстік Корея ойын бизнесіне түбегейлі тыйым салғанымен, мәселені шеше алмай отыр деген мәлімет айтты. Оңтүстік Корея азаматтары онлайн казинолар мен ұтыстарға қойылған тыйымды кәдімгі VPN технологиясы арқылы айналып өтіп жүрген көрінеді. Қытайдың бұл мәселедегі саясаты бізге ұқсас. Ресми казиноның бәрі Макаое мен Гонконгке шоғырларған. Қауымдастық басшысы Қытайдың ойынқұмарлары филиппиндік офшорлық компания арқылы табысының бәрін ұтысқа салып жатқанын айтады. 

Оның айтуынша, Қытайдан 2019 жылы құмарға ойындар арқылы 147 млрд сыртқа шығарылған. 

"Бұл ақшамен NASA Марсқа 10 рет кеме ұшыра алады", - дейді бизнес өкілі. 

Ал "Қазақстан букмекерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің сарапшысы Ирина Давыденко ойын бизнесін реттеуге бағытталған заңнама әбден ескіргенін айтады.

"Бұл заң ойын бизнесі онлайн алаң дейтін дүниені білмей тұрған кезде қабылданды. Ол кездің барлық қатеріне жауап беретін. Ал қазіргі реалиге оның мүлде пәрмені жүрмейді. Сондықтан заңды өзгерту керектігі айқын дүние. Бірақ заңды өзгерту деген ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу емес қой. Қазақстанда онсыз да онлайн казиноға тыйым салынған. Бірақ бұл нарықтағы үлесі заңды түрде тіркелген ойын бизнесімен бірдей. Яғни, айналымдағы ақшаның тең жартысы бюджетке салық ретінде бармайды. Спортты дамытуға, әлеуметтік жобалардың демеуге жұмсалмайды. Көлеңкеде тұрған қалаталарға ғана кетіп жатыр. Мемлекет реттегіш болса, осы жағын реттеп алсын. Сондықтан тыйым салу деген мәселеге үзілді-кесілді қарсымыз", - дейді сарапшы.

Ойын бизнесінің өкілдері мемлекеттік органдарды ойын бизнесіндегі жарнаманы реттеуде өте байыпты болуға шақырып отыр. 

"Медиа жарнама нарығында ойын бизнесінің үлесі 10 пайызға жеткен. Бұл жақсы ақша. Бұл 10 пайыздан бөлек телеарналардағы спорт көрсетілімдеріне ойын бизнесі демеуші болып отыр", - дейді Ирина Давыденко.

"Сәтті жұлдыз" ұлттық лотореясының өкілі Шынболат Пазылдың айтуынша, Мәжілістің жетінші шақырылым депутаттары елге лотореядан түсетін салық туралы қате ақпарат берген көрінеді.

"Көптеген қоғам қайраткерлері болсын, жетінші шақырылым депутаттары қате пікір таратуда. Олар да сол кезде толығымен зерттемей жатып тақырыпты қозғады. Депутаттар бір жылдағы айналымы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 267 млрд теңге болды. Сол ақшадан салық ретінде 4,4 млрд теңге ғана төлеген. Бұл неге одай деп сұрайды. Қысқаша түсіндіре кетейін. Жалпы "Ұлттық лоторея" өз қызметін бастағаннан бері жалпы айналымымыз 709 млрд теңге болды. Бірақ бұл өте ерекше бизнес қой. Оның 70-75 пайызы біздің жеңімпаздардың ақшасы – ұтысқа жұмсалады. Осы ұтыстан қалған сомадан 10 пайызы "Қазақстан халқына" қорына, Спортты қолдау қорына аударылып отырады. Мемлекет бюджетіне біз осы уақытқа дейін 10,5 млрд теңге қосымша құн салығын төледік", – деді одақ сарапшысы.

Сарапшы Рауан Қалиев ойын бизнесінің өкілдері төлеп отырған салықты бұлдай бермесін деп отыр.

"Бұл ақшаны олар сырттан әкеп жатқан жоқ. Өз азаматтарымыздың қалтасындағы қаражат. Ойынға салмаса, басқа бір пайдалы іске жұмсайтын еді. Бәрі өзімізде қалатын, салық боп қазынаға түсетін қаражат. Ондай сандармен манипуляция жасамасын", - дейді.

Оның сөзінше, ойын бизнесіне салынатын салық кейінгі 6 жылда өзгермеген. Сондықтан қауымдастық өкілдерінің төлеген салығын айтып бұлдануы орынсыз деп есептейді.

"2017 жылдан бері букмекерлік кеңселер мен котализаторлардың салық мөлшерлемесі көтерілмеген. Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, 2017 жылдан бері ойын бизнесінің қаржы айналымы 35 есе өскен", - дейді Рауан Қалиев.

Қорыта айтсақ, ойын бизнесін жаңаша реттейтін заң әзірленіп жатқанымен, ол елдегі ахуалды өзгерте қоймайтындай. Өйткені қазіргі тым байыпты әзірленген баптардың өзіне ойын бизнесінің лоббиі өре түрегеліп, қарсылық білдіруде. Мемлекет ойын бизнесінің "Тынысымызды тарылтсаңдар, жаппай көлеңкеге кетеміз" деген бопсасына көніп отыр деуге болады. 

"Бұл шынымен де мүмкін. Заңды букмекерлік кеңселерге қазір тыйым салып тастасақ, қолындағы инфрақұылым мен клиенттер базасын көлеңкелі салаға бағыттай салады. Өзгерістер енгізудің басты қатері осында. Сондықтан біз заңды жұмыс істеп жүрген ойыншыларды нарықта сақтап, тәртібін қатаңдату керектігін, ашық есебін жүргізу қажеттігін айтып отырмыз. Қазір заңды жолмен жүрген ойыншылар көлеңкелі салаға кетсе, бүкіл мәліметті жоғалтамыз. Кімдер құмар ойнап жүргенін, олардың жас аралығы қандай екенін, қанша ақша ұтысқа салынып жатқанын, ол ақшаның шығу көзін біле алмай қаламыз. Тіпті оқушылар да ойынға салынып кетуі мүмкін. Қазір мемлекеттік органдар бұл мәліметтерді көріп отыр. Ойын бизнесінің көлеңкеге кетуінде осындай қауіп бар", – дейді вице-министр Ержан Еркінбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу