"ӨКМ Операторының" орнын қай ұйым басатыны анықталды

4314

Алты жылдық дәуірі аяқталған "ӨКМ операторы" барлық дүние-мүлкімен, ғимараттарымен және банктердегі миллиардтарымен Үкіметке сыйға тартылады.

"ӨКМ Операторының" орнын қай ұйым басатыны анықталды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ел көптен күткен құжатты жария етті. Үкімет қаулысының ұзын-сонар атауы оның мазмұнын айғақтап тұр.

Сала үшін тарихи құжатқа "Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымдарының кейбір мәселелері және сыйға тарту шарты бойынша "ӨКМ Операторы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы қатысу үлесін жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау туралы" деген ат қойылыпты.

Осы орайда Смайылов Үкіметінің бұл істі біржақты етуге қатты асығып жатқаны байқалады. Кейбір дереккөздердің айтуынша, ақпан айының басында Президент Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында утилизациялық алымға қатысты атқарылған істердің алдын ала қорытындысы шығарылады деп күтілуде. Сондықтан қаулы жобасы тез қабылдануы ықтимал.

Ол біріншіден, "Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынышты ұйымдарды қайта ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 15 сәуірдегі Үкіметтің №241 қаулысының күшін жояды. Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл қаулы былтыр қоғам назарынан қағажу қалды. Бірақ оның маңызы бар. Ол сол кездегі Премьер Асқар Маминге "Оператор РОП"-қа бәсеке құрауы мүмкін ұйымды кетіруге мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Экология министрлігіне қарасты "Жасыл даму" акционерлік қоғамын жойып, оны "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына қосты. Бұл қайта ұйымдастыру енді тоқтатылмақ.

Екіншіден, жаңа Үкімет қаулысы "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторын айқындау туралы" Үкіметтің №565 қаулысын жояды. Асқар Мамин қабылдаған сол қаулыда: "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып "ӨКМ Операторы – Оператор РОП" ЖШС айқындалсын" деп жазылған болатын.

Айта кету керек, ел қаржысына иелік еткен бұл жекеменшік алпауыт Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрған тұста, Министрлер кабинетінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1137 қаулысымен "оператор" мәртебесін иеленді де, сала тізгінін өз қолына алды. Ал Асқар Мамин 2021 жылғы 18 тамыздағы №565 қаулысымен оны қайта бекіткен еді.

Шынар Мұхтарова деген кім?

Үшіншіден, компанияның меншік иесі атынан "Ecowaste Solution" ЖШС мен Мұхтарова Шынар Оралғазынқызы Үкіметке "ӨКМ Операторы – Оператор РОП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100%-ын республикалық меншікке беру туралы ұсыныспен шыққан екен. Бұл ретте "Оператор РОП" мемлекетке сатылмайды, тегін беріледі және алда "сыйға тарту шарты" бекітіледі.

Бір қызығы, сарапшылар да, журналистер де Мұхтарова Шынар Оралғазынқызының кім екенін нақты білмейді. Ол БАҚ-қа сұхбат берген емес. Ақпарат құралдары ол туралы "Оператор РОП" ЖШС-нің басқарма төрағасының міндетін атқарған Азамат Бекперовтан сұрастырғантын. 

"Негізі, оператордың құрылтайшылары – "Eco Waste Solutions" ЖШС және Шынар Мұхтарова болып табылады. Құрылтайшылар туралы деректер Egov.kz порталында ашық орналастырылған. Ал "Оператор РОП" ЖШС-ін Үкімет 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидатын жүзеге асыруға өкілетті етті", – деп қысқа қайырды ол.

Компания барлық журналистердің сауалдарына жауабына үнемі: "Біздің қызметіміз табыс табуды қарастырмайды" деп қайталаумен болды. Дегенмен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, "Экологиялық альянс" республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, осы жеке компания кесірінен жыл сайын ел экономикасынан шамамен 150 миллиард теңге алып қойылып отырған.

"Мысалы, шинаны алайық. "Оператор РОП" утилизацияланған әрбір шина үшін 37 теңге алым алады. Соның 7 теңгесін өзінің операциялық шығыстарына жұмсайды. Әкімшілік шығындар, шәй-пәй, уылдырық деген сияқты. Айтқандай, әлемде мұндай мәселемен мемлекеттік компания айналысады және мұндай шығыстар мүлдем болмауға тиіс. Тағы 26,5 теңгені немесе бүкіл соманың 70%-ын – тасымалдау шығынына жатқызды. Неге сонша қымбат? Шиналарды сонда "Теслалармен" тасыған ба? Бәлкім, қызмет көрсетулер арқылы ақшаны қалтаға басу оңайырақ па? Ақыр соңында қайта өңдеуге бар-жоғы 3,5 теңге ғана қалады", – деді А. Әміртай.

Атап өтетін жайт, оператор пайда болғанға дейін автошиналар жинау пункттері шикізатты 2009 жылы елорда жанында, германиялық компаниямен бірлесіп тұрғызылған зауытқа өздері таситын. Кейін "Оператор РОП" осы тасымал шығынын алым құрамына қосқандықтан, ескі доңғалақтарды жинаушылар өздері тасымалдауды доғарды. Келетін шикізат легі сап тыйыла бастаған соң зауыт шиналарды өз бетінше сатып алып, өзі тасымалдауға кірісті. Бұл кәсіпорынды шығынға отырғызды. Оның өнімінің өзіндік құнын қымбаттатты. Зауыт 2016-2017 жылдары өзі тасып, өзі өңдеген шиналары үшін оператордан 120 миллион теңге төлеуін заң аясында талап етті. Бірақ ақыры ала алмады. Салдарынан, 2017 жылы зауыт несиелерін өтей алмады, есепшоттары бұғатталды. Кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Жоғарғы соттың шешімімен, оның иелерінен барлық дүние-мүлкі – құрал-жабдықтары, ғимараттары, жер телімдері тартып алынды. Акционерлері берешек болып қалды.

"Табысты жұмыс істеген, өңдеумен нақты айналысып, халықты жұмыспен қамтып, елді қоқыстан арылтуға үлес қосып келген зауыт қолдан "өлтірілді". "РОП"-тың қалай жұмыс істегенін осы шағын мысалдан көруге болады", – дейді Азаматхан Әміртай.

"Оператор РОП" тек жеңіл көліктерден ғана емес, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарынан, қораптардан да утилизациялық алым жинап келді.

Егер Үкіметтің жаңа қаулысы жобасына оралсақ, онда ең маңызды пункт бар: құжатқа сәйкес, енді "Жасыл даму" акционерлік қоғамы – өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып белгіленбек. Яғни "ӨКМ операторы – Оператор РОП" орнын басады.

Өз тарихын 1951 жылдан бастайтын, "Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны негізінде 2012 жылы "Жасыл даму" АҚ-ы құрылды. Бұған дейін өзге жобалары сыртында, "Дарьял-У" полигоны, кеңестік зауыттар секілді иесіз, аса улы қалдықтарды, парник газдарының шығарындыларын азайту мәселесімен айналысып келді. Бас директоры – Әлімбаев Азамат Баймырзаұлы. "Жасыл даму" Директорлар кеңесінің төрағасы – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Жаңа оператор бекігеннен кейін ол утилизациялық алымның жаңа ставкаларын белгілеуге тиіс. Әзірге, ел Үкіметі "Оператор РОП" үшін белгіленген ставкаларды жинауды тоқтатып, тиісті Үкімет қаулысын жоюға қойды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу