Қазақстанда көнерген көліктер утилизацияға қайтадан қабылдана бастады. Қабылдау карантинге бола тоқтатылған-тын. Істен шыққан "темір тұлпарлар" жиналатын бекеттер алдымен Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау, Талдықорған, Семей, Көкшетау қалаларында, сондай-ақ СҚО мен БҚО-да қайта ашылды. Олардың ізін ала өзге қалаларда осындай орындар жұмысқа кірісіп жатыр.
Кәдеге жараудан қалған автомобильдерді иелері ақшаға немесе сертификатқа айырбастай алады. Мұндай сертификат тек елімізде құрастырылған машиналарды сатып алғанда ғана жеңілдік әпереді. Жеңілдіктің көлемі утилизацияға берілген автоның санат-категориясына байланысты 315 мыңнан 750 мыңға дейін барады. Мысалы, ең жоғарғы сертификаттан автобус тапсырғандар үміттене алады.
2019 жылдың қорытындысында 10 мың 673 қазақстандық ескі-құсқы көлігін табыстап, ақша алыпты. Ал 25 мың 151 автокөлік қожайыны сертификатты таңдаған. Өйткені Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері бағдарламасын басқару үшін құрылған "ӨКМ операторы" ЖШС сертификаттарды көп жарнамалайды. Көне екі машинаны тапсырғаны үшін алған қос сертификатты біріктіріп, бір жаңа көлік алуға болады екен. Сертификатты басқа адамдар атына 3 ретке дейін қайта тіркеуге мүмкіндік бар көрінеді.
Алайда оны алғандар енді өкініп отыр. Себебі сертификат 12 айға ғана беріледі. Айналдырған екі зауыт – Өскемендегі "Азия Авто" мен Қостанайдағы "СарыарқаАвтоөнеркәсіп" құрастырған автокөліктердің бағасы қымбат. Содан біраз адам олар қашан науқан жариялап, арзандатады деп күтіп жүргенде елде екі айға жуық ТЖ енгізілді.
Жамбыл облысының Шу қаласының тұрғыны, зейнеткер Құралбек Дауылбаев "ӨКМ операторының" адам құқығын таптаған өктемдігіне қапалы.
"Мен ескі көлігімді Алматы облысының Қаскелең қаласындағы қабылдау бекетіне апарып тапсырдым. Қолыма сертификат ұстатты. Машинам жапырылып, утилизацияға кетіп те қалды. Сертификаттың қолданыс мерзімі 2020 жылғы 18 мамырға дейін созылды. Алайда Қазақстанда төтенше жағдай және жүріс-тұрысқа қатаң шектеулер енгізілді ғой, сондықтан оны уақытында пайдалана алмай қалдым. Жасым 71-де. Қозғалысым онсыз да шектеулі. Карантинге орай тіпті кредит төлеуді де кейінге қалдырды емес пе?! Демек, бұлар да мүмкіндік берер деп, "оператор РОП"-қа хабарлассам, олар сертификат мерзімін сәл ұзартудан да үзілді-кесілді бас тартты", – деп қынжылады қария.
Пандемияның жайылуына, мемлекеттің карантин жариялауына қарапайым азаматтардың еш қатысы да, кінәсі де жоқ. Олай болса, мемлекет тудырған осы монополистің неге қыңырланып, елге зиянын тигізіп отырғаны түсініксіз. Нәтижесінде, қазақстандықтар адал сатып алып, қаншама жыл салығын төлеп, жөндеуіне қыруар шығын шығарып келген автомобилін осы жеке компанияға тегін тапсырған, оның ел есебінен негізсіз байи түсуіне үлес қосқан болып шығады.
Халықтың тілегі орындалмайтынын экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев растады. Ол сертификат мерзімін ұзарту туралы өзіне бағытталған өтініштерді қарағанын айтты.
"Энергетика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №697 және инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №1219 бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстанда экологиялық таза автомобиль көлiк құралдарының және олардың компоненттерiнiң өндiрiсiн ынталандыру қағидаларына" сәйкес, жеңілдікті сертификат берілген күннен бастап тек 1 жылға ғана жарамды. Бұл ретте ТЖ әрекет еткен кезеңде автосалондардың жұмысы онлайн режимде жұмыс істеді. Осыны ескере отырып, жеңілдікті сертификаттың қолданыс мерзімін ұзарту мүмкін емес деп танылды", – деп жауап берді министр Мағзұм Мырзағалиев өз блогында.
Қу қағазға айналып жатқан осындай құжаты бар Александр Буйнов "Бипэк Автоның" (Азия Авто) сертификаттарды қабылдауды тоқтатқанына шағымданады.
"Оларға барсам, "Бипэк Авто" мамандары "ӨКМ операторы" сертификат төлемін аудару бойынша өз міндеттемелерін орындамайды, сол себепті оның сертификатын қабылдауды тоқтаттық дейді. Осының кесірінен жаңа автокөлік алу мүмкіндігінен айрылғалы тұрмын. Оның үстіне осы сертификатты алу үшін қомақты шығын шығардым. Шығындарымды енді кім өтейді?" – деп ашынады Александр.
Өз кезегінде "ӨКМ операторы" отандық-ресейлік автозауытты айыптап отыр.
"Біздің жеңілдікті сертификаттарды пайдалануды тоқтату туралы шешімді "Бипэк Авто Қазақстан" өз бетінше қабылдады. Олар бізді тиісті түрде құлақтандырған да жоқ. Жалпы, бекітілген қағидаларға сәйкес, сертификат иесі немесе оны қолдану құқығына ие болған басқа адам көлік сатушы автокәсіпорындарға өз бетінше жүгінеді", – деп жауап қатты оператор.
Компанияның түсіндіруінше, көлік сатушы кәсіпорын 1 сағаттан асырмай ол сертификаттың қабылданғанын автоматты ақпараттық жүйеге енгізуі керек. Яғни, оның нөмірін, берілген күнін және иесінің ЖСН/БСН-ын жазуы тиіс. Жүйе сертификаттың мәліметтерін автоматты түрде тексереді де оның бұрын пайдаланылмағаны расталса, басқа сатушылар ары қарай пайдаланбауы үшін бұғаттап тастайды. Осылайша, дұрыстығы расталып, бұғат қойылғаннан кейін көлік сатушы жеңілдікпен өткізілетін көліктің деректерін көрсетіп, анкета толтырады.
Одан кейін сатып алушыны тіркеу, оператормен хат алмасу, оның сұраған құжаттарын жолдау, өтінімнің тексерілуі, сертификатты пайдалануға "ӨКМ операторының" келісім беруі, одан кейін оны пайдалану туралы тиісті форма бойынша Акт толтыру, оған қол қою үшін сертификат иесін шақыру, актіні сканерлеп, жүйеге енгізу... Қысқасы, бюрократия батпағына батып кетуге болады. Әлгі пунктердің бірі дұрыс орындалмаса, оператор бас тарту жібереді.
Бірақ "ӨКМ операторы" қағидаларда белгіленген мерзімдерді және қаржыландыру шарттарын өзінің сақтап отырғанына сенімді. Компания Александр секілді адамдарға сертификатқа жалғыз "Бипэктің" ғана емес, "қазақстандық басқа да автоөндірушілердің автомобилін сатып алуға болатынын" еске салады.
Жанат Ардақ