120 мың ескі автокөлік утилизацияланды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
20874

Кәріз құдығының қақпағы автопластмассадан жасалады.  

120 мың ескі автокөлік утилизацияланды

Осыдан 3 жыл бұрын Қарағандының "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағында ескі автокөліктерді темірге айналдыратын зауыт ашылды. Кәсіпорынның құрылысына 3,4 млрд теңге жұмсалды.

Бүгінгі таңда зауыт міндетін мінсіз атқарып тұр. Бұған жыл басынан бері зауытта 7 мыңға жуық ескі көліктің өңделгені дәлел.

Кәсіпорынның қаржы директоры Иосифжан Сұранқұловтың сөзінше, зауыт 3 ауысыммен тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Мұнда 24 сағатта 150-200 автокөлік бөлшектеледі.

"Зауытта 107 адам жұмыс істейді. Олар соңғы 3 жылда 120 мың ескі техниканы  утилизациялады. Ескі көліктер арнайы құрылғылармен тығыздалып, металға айналдырылады. Қалдықтан алынған түсті қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту зауытына жөнелтіледі. Үкімет тозығы жеткен автокөлігін тапсырған тұлғалардың темір тұлпары жүріп тұрса - 150, ал істен шыққан болса - 48 мың теңгенің сертификатын ұсынады. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде ескі автокөлігін тапсырған көлік жүргізушісі отандық автокөлік сатып алатын болса, онда оған 300 мың теңгенің сертификаты берілетін. Қазір қаржы сертификатының мөлшері 650 мың теңгеге жетті. Атап көрсетерлігі ескі автокөлігін өткізгендердің жартысынан көбі елімізде өндірілген автокөлікті тақымдауға тырысады. Ескі көліктерді қабылдау мен кәдеге жарату жобасы отандық автоөндірістің  әлеуетін арттырып тұр", – деді зауыттың қаржы директоры.

Оның сөзінше, ескі көліктерді қабылдау жобасы аясында еліміздің 17 қаласында тозығы жеткен темір тұлпарларға "тұсау" салынады.

"Автожүргізушілер сертификатты отандық көлік сатып алар кезде жеңілдік ретінде пайдаланады. Сертификатты 1 жыл ішінде қолдану керек. Ерекше атап көрсетерлігі, бір адамға жеңілдігі бар 2 сертификатты қатар қолдануға болады. Алайда сертификатты қайтаруға, ақшаға ауыстыруға болмайды", – деді Иосифжан Сұранқұлов.

Айтпақшы ескі көліктердің түрлі бөлшектері екінші рет кәдеге жаратылады екен.

Бұл туралы зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Лұқман Мажеев: "Тозығы жеткен автокөліктерден алынған пластмассалар Алматыға жіберіледі. Онда кәріз құдықтарына қақпақ жасалады. Шиналарды Пришахтинскіге жөнелтеміз. Резиналар балқытылып, басқа мақсатқа қолданылады", – деді.

Жобаның алғашқы кезеңінде түрлі кедергілер болды. Соған тосқауыл қою үшін осыған дейінгі талап пен тәртіпке  өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, электронды кезек жүйесі іске қосылды. Оған "Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі" операторының 8 800 080 08 65 телефон нөмірі я болмаса auto.recycle.kz сайты арқылы тіркелуге болады. Екіншіден, ӨКМ операторы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, көлік құралдарын жою мақсатында есептен шығару жөніндегі жалпыға ортақ анықтама құжатын бекітті. Үшіншіден, ӨКМ операторы энергетика министрлігімен және республикалық нотариалдық палатамен тізе қосып, ескі көлік құралын жоюға арналған сенімхаттың жалпыға ортақ үлгісін әзірледі. Төртіншіден, ӨКМ операторы Қазпошта арқылы заңды және жеке тұлғаларға шот ашу мәселесін шешті. Бесіншіден, делдалдар мен алыпсатарлардың жолы кесіліп, ескі автокөліктер көлік иелерінің өздерінен алынатын болды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу