Оқушылар "Қақастанда" тұрмайтын болды

4324

Оқу жылы да, түлектердің тойы да аяқталғанымен, оқулықтар мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Басқа да түйткілдер әшкереленуде.

Оқушылар "Қақастанда" тұрмайтын болды

Таяуда ШҚО-дағы Мақаншы ауылының "География" пәнінің мұғалімі Толқын Камешеваның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына жолдаған хаты негізінде "География" оқулықтарындағы өрескел қателерге назар аудартқан болатынбыз.

Бір жақсысы, хатта айтылған сорақы бір "қателік" расталмады. БҒМ-нің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының хатында айтылғандай, "Қақастан" деген сөз 9-сынып оқулығында жоқ, ол педагогтың хатында кеткен қате көрінеді.

"Бірақ мұғалім орыс тіліндегі 9-сынып оқулығында еліміздегі ауыл шаруашылығына арналған тараудың барын айтып, оның өзге балама оқулықтардың мазмұнынан таппағанын жеткізбек болған. Сондай-ақ географиядан бір ғана баспадан шыққан, яғни базалық оқулықтың болғаны дұрыс деген пікір білдіреді. Сонымен шынтуайтында, бұл қателік оқулық мазмұнында – тарау атауында емес, мұғалімнің жазған өтінішінде кеткен, яғни өтініш беруші ел атауын теру барысында жаңылысқан", – деп түсіндірген орталық орыс сыныптарына арналған оқулықта "Қақастан" деген сөздің болуы мүмкін еместігін қаперге салды.

Төменде аталмыш оқулықтың мазмұны мен аталған тараудың алғашқы беттерінің көрінісін келтіріп отырмыз: "География Казахстана. 9 класс" оқулығының 255-беттегі мазмұны және 58§, 182-беті. Онда "Сельское хозяйство Казахстана" деп тұр. "Қақастан" деген жоқ.

Бұдан бөлек, мұғалім Т.Камешова жеке хат жазып, осы қатесін түсіндіріп, баспадан кешірім сұрағаны белгілі болды.

"Атамұра" баспасынан шыққан баспада аталған тақырып бар екен деген мағынада жазылған сөйлем еді. Керісінше осындай баспадан шыққан кітаптарды оқысақ дұрыс болар еді деген мағынада жазғанмын. Бұл сөйлемде "Қазақстан" деген сөздің қате жазылғаны менің басып жазу кезінде кетірген қатем. Осы қателегім үшін "Атамұра" баспасынан кешірім сұраймын. Ойымды дұрыс жеткізе алмағаным үшін кешірім сұраймын", – деп жазады педагог өз хатында.

Сондықтан бұл өрескел қате расталмағанын қуана жеткізгіміз келеді. Әйтпесе, өз еліміздің атауын өзіміз бұрмалап отырсақ, басқа елдерден қандай құрмет күтеміз?

БҒМ орталығы мұғалімнің айтуымен келтірілген бірқатар "қателердің" де расталмағанын айтады.

"Мұғалім: "Осы 9-сыныптың оқулығында, І бөлімдегі 5-бетте "Шоқан Уалиханов 1856-1857 жылдары Қажғарға барды" деп тұр, шын мәнінде Шоқан Қашғарға 1858-1859 жылдары барған. Шоқан Қашғарға екі рет бармаған" дейді. Оқулықта Қажғар емес, Қашқария туралы айтылған. Қашқария – кезінде 6 қаланы (Ақсу, Жаңашар, Қашғар, Қотан, Құшар, Яркент) қамтыған және Тянь-Шань, Памир, Кунь-лунь мен Бэйшань тауларымен шектелетін ауқымды өлке. Шоқан Уалихановтың 1856-1857 жылдардағы, содан соң 1858-1859 жылдардағы ғылыми-әскери экспедициялары Қашқарияның тиісті аумақтарына байланысты болған", – деген ұстанымын білдірді орталық.

Барлық сынып, пән бойынша бағдарламаларға өзгеріс енгізіледі

"Қазақстан географиясы. 9-сынып. 1-бөлім" оқулығының 120-бетінде "мекіре балығы" деп тұр. Орталықтың түсіндіруінше, мәтінде Сырдария өзенін мекендейтін мекіре (Acipenser nudiventris) атты ерекше балық аталған. Оның орысша аудармасы "шип". Аудармасын терминком сайтынан тексеруге болады. Мекіренің бекіреден (осетр) белгілі бір айырмашылықтары бар.

"188-189 беттерде "Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ға тіркелген" деп білім береді. Дұрысы, ЮНЕСКО-ға кіргені – Қорғалжын қорығы" дегенге келсек, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің (World Heritage Convention) ресми сайтындағы мәліметіне сай Наурызым мен Қорғалжын қорықтары Табиғат мұраларының тізіміне "Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері" атты табиғи нысанмен бірге енген. Сондықтан оқушыларды бұлай оқытса да жаңсақ болмайтын көрінеді.

Педагогтың айтуынша, "Қазақстан географиясы. 9-сынып. 1-бөлім" оқулығының 172-бетінде "Оазис – мәдени ландшафт" деп жазылыпты, расында, "оазис – табиғи ландшафт".

"Оқулықта "Оазис – мәдени ландшафт" деген сөйлем жоқ. Мұғалім ұғымдарды контекстіден жұлып тұжырымдаған. Дұрысы, оқулықта "мәдени ландшафтылардың" анықтамасы беріліп, батпақты жерлерді ағаш егіп кептіру, суландыру арқылы шөлді жерлерді көгалдандыру екендігі көрсетілген", – деп пікір білдірді орталық.

Толқын Сансызбайқызы: "9-сынып, І бөлім, 23 бетте "жол салушылыр мен құрлысшыларға бюждеттен бөлінген қаржының 40-50% ғана жетеді" деп тұр, сөйлемдерді мағынасына мән беріп жазған дұрыс па деп ойлаймын" деп жазады. Орталықтың мәліметінше, бұл емлелік қате жоқ.

Педагог сондай-ақ "Мектеп" баспасының 9-сыныпқа арналған "География" оқулығының екі бөлімінде де "Қазақстанның ауыл шаруашылығы" тақырыбы мүлде жоқтығына қынжылыс білдіреді.

"Оқулық "География" пәнінің 7-9 сыныптарына арналған Үлгілік оқу бағдарламасына (ҚР БҒМ-ның 2017 ж. 25.10 №545 бұйрығына) сәйкес әзірленген. Оқулықта Қазақстанның ауыл шаруашылығына қатысты бөлек тақырып берілмегенімен, "Физикалық география", "Әлеуметтік география", "Экономикалық география", "Елтану және саяси география негіздері" атты бөлімдерде отандық ауылшаруашылығы жөнінде деректер қамтылған. Әсіресе, "Экономикалық география" V бөліміндегі "Қазақстанның шаруашылық салалары" тарауында арнайы параграфтар берілген", – деп мән-жайын айтты БҒМ-нің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы.

Жалпы педагог өз хатында 15 пунктен тұратын ескертпе келтірген болатын. Оған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз блогында жауап берді.

"БҒМ Сізге жас ұрпақтың біліміне бей-жай қарамай, оқулық сапасына қатысты берген ұсыныстарыңызға алғысын білдіре отырып, төмендегіні хабарлайды. Мектеп оқулықтары және оның сапасы жөніндегі мәселе – бұл министрліктің күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта балама ретінде әр баспадан шығарылған оқулықтар бір оқу бағдарламасы негізінде жазылады, тек оқу материалының берілу әдістемесі, тапсырмалар әртүрлі болуы мүмкін. Алайда оқу бағдарламасы бойынша көзделген оқу мақсаттары мақсаттар бірдей. Осыған орай, бір пәннен бірнеше балама оқулықтардың болуы оқулықтардың сапасын арттыратынын айта кетуіміз керек. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында барлық сыныптар, пән бойынша типтік үлгілік бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осыған сәйкес үлгілік типтік бағдарлама бекітілгеннен соң, бағдарламаға сәйкес оқулықтар әзірлеуде Сіздің ұсыныстарыңыз ескерілетін болады", – деді ведомство басшысы.

Пәннің көп мәселесі қордаланып қалды

Жалпы мектептерде жағрафия пәнінің қалай оқытылатыны қоғамда сын тудырып жүр. Мәселелердің бір парасы таяуда, 9 сәуірде, БҒМ-нің ұйымдастыруымен, "Жаңа Қазақстан қоғамы: географиялық білім берудегі озық ойлар мен заманауи көзқарастар" тақырыбымен өткен осы пән мұғалімдерінің республикалық съезінде көтерілген. Жиынға білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам ұстазбен бірге пән негізіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

"Үздік ауыл мұғалімі-2019" атағына ие қызылордалық педагог-зерттеуші Серік Ниязовтың айтуынша, педагогтардың берген ұсыныстары сан-салалы: "География" пәні бойынша тұжырымдаманы даярлау керек. "Жаратылыстану" және "География" пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұны жетілдіруді, қайта даярлауды қажет етеді. "География" пәнін 8 сыныпта "Қазақстанның физикалық географиясы", ал 9 сыныпта "Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы" курсы деп атау ұсынылды.

Осы пән бойынша оқулықтардың ортақ базасын дайындау өзекті. Мектептер пән бойынша сапалы карталармен толық қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек, қолданыстағы оқулықтардың мазмұнын талдау және басқа нұсқасын қарастыру; түркі тілдес елдер географиясы курсын инвариативті курс барысына енгізу; оқушылардың оқу жетістігін бағалауда жиынтық бағалау жұмыстарын жетілдіру, ауызша орындауға мүмкіндік беру; бөлімдерді оңтайлы біріктіру арқылы БЖБ санын азайту; оқулық мазмұнын бір жүйеге келтіру арқылы ҰБТ және қорытынды емтихандар сұрақтарын реттеу; бағалау жұмыстарын бойынша сараптамалық жұмыс тобын құру ұсынылды.

Сондай-ақ мектепте туристік-өлкетанушылық, экологиялық және ғылыми-жобалық іс-әрекеттерді ұйымдастыру жұмыстары секциясында педагогтар өлкетану жұмыстары бойынша онлайн платформаларды құру, енгізу; жазғы демалыс кезеңдерінде өлкетану бағыты бойынша далалық жұмыстарды қамту жолдары, қосымша білім орталықтары арқылы оқушылар арасында туризмді дамыту керектігін атап көрсетті.

"География" пәні мұғалімдерін даярлау, кәсіби біліктілігін арттыру бағытында ЖОО бағдарламаларын мектеп бағдарламаларымен сәйкестендіру, пән педагогтерінің біліктілігін арттыру үшін жетекші ЖОО базасында курстар ұйымдастыруды қамтамасыз ету, қосымша білім беру ережесін қайта қарастыру; аттестаттау кезінде педагог құжаттарын электронды жүктеу алгоритмдерін құру, мұғалімдерді даярлауда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ЖОО-лармен бірігіп жұмыс атқарсын деген ұсыныстар ортаға тасталды.

Қарап тұрсақ, осы пәнге қатысты мәселелер тек оқулықтардағы қатемен шектелмейтін көрінеді. "География" пәні ұстаздары жылдар бойы қордаланған мәселелердің алдағы уақытта толық шешімін табатынына зор сенім артып, шешімін күтіп отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу