Қазақстанның дәрігерлері дабыл қағып жатыр. Егер елде трансплантология тоқтап қалса, дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж адамдардың күні қараң болады. Орган ауыстыру саны жөніндегі динамика да көңіл көншітпейді. Өткен жылмен салыстырғанда трансплантация саны 30%-ға төмендеді. Ал дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж адамдар саны артып келеді. Қазір кезекте 3,5 мыңнан астам адам тұр.
Қиындық донорлардың тапшылығынан туындауда. Адамдар қайтыс болғандардың органдарын алуға рұқсат беруге қарсы. 70% жағдайда туған-туысқандар өлген адамның органдарын басқа адамға ауыстыруға келіспейді, ал мәйіт донорлығынсыз трансплантологияны дамыту мүмкін емес деп мәлімдейді денсаулық сақтау саласының мамандары.
"Қазақстанда трансплантацияның дамуы 2012 жылы адам жүрегін алғаш рет ауыстырып салғаннан басталды. Дәл сол жылы бір мәйіт донорының дене мүшесі алынып, мұқтаждарға салынды. Осыдан соң қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың саны арта түсті. 2013 жылы қайтыс болған төрт адамның органы мұқтаж адамдарға ауыстырылса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 10-ға , ал 2015 жылы 22-ге жетті. Бірақ өкінішке қарай, 2016 жылдан бастап бұл көрсеткіш төмендей бастады, бар болғаны 16 мәйіт донор болды. Ал 2017 жылдың өткен жарты жылында бізде 11 мәйіт доноры тіркеуге алынды", – деп статистикалық мәліметті келтірді Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов.
ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева қазақстандықтарды мәйіт донорлығына қатысты пікірін өзгертуге шақырды.
"Қазақстанда дене мүшесін ауыстыруға мұқтаж науқастар саны 3,5 мыңнан асады, оның 2700-і бүйрек ауыстыруға мұқтаж адамдар. Шамамен 500-ге жуық науқасқа бауыр ауыстыру керек, 150-ден астам қазақстандыққа жүрек трансплантациясы қажет және сирек кездесетін жағдай – төрт адамға өкпе трансплантациясы керек. Осыған орай Қазақстанның барлық азаматтарын адамдарға өмір сүруге үміт сыйлау үшін елдегі донорлықтың дамуын барынша қолдауға шақырамын", – деді Ажар Төлеғалиева.
Тіл қатпау – келісімнің белгісі
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде мәйіт донорлығының және дене мүшесін ауыстырып салуға жасалған ота санының азаюына әсер етіп отырған бірнеше себеп бар.
Мәйіт трансплантациясының дамуына адамның көзі тірі кезінде мәйіт донорлығына өз еркімен келісім беру механизмінің тиісті деңгейде енгізілмеуі кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда заң жүзінде "келісім презумпциясы" бекітілген, бұл азаматтың көз жұмғаннан кейін донорлыққа автоматты түрде келісуін білдіреді. Яғни егер адам көзі тірі кезінде донор болудан бас тартып өтініш жазбаса, ол өмірден озған соң автоматты түрде донор атанады.
Денсаулық сақтау министрлігінде айтылғандай, қазақстандықтар емханада донор болудан бас тарта алады.
"Тек қана денсаулық сақтау жүйесінде ғана бекітілген халықтың тізілімі бар. 17,8 млн адамның әрқайсысы амбулаторлық-емханалық ұйымдарға бекітілген. Бүгінгі күні сіз бекітілген емханаңызға барып тілегіңізді білдіре аласыз. Онда сіз өзіңіз таңдау жасай аласыз. Қазіргі кезде бұл тек денсаулық сақтау жүйесінде ғана бар. Біз оны әр азамат өз тілегін білдіру үшін барлық өркениетті елдердегідей жүргізуші куәлігі арқылы немесе жеке куәлік аларда белгілейтіндей жасағымыз келеді", – деді abctv.kz-ке ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева.
Ал мәйіт донорлығынан бас тартқандардың жеке тізілімі Қазақстанда жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі осыны құруды жоспарлап отыр.
Мәселе мынада, бұл қағида 12 жыл бойы жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, елдегі халықтың басым бөлігі "келісім презумпциясы" туралы ештеңе білмейді. Бұл қалыпты жағдай деп есептейді "А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ-ның басқарма төрағасы Болат Баймаханов.
"Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы. Сонау 1960 жылдары, трансплантология енді дамып келе жатқанда, адамдар бұған тез келісім бермейтіні түсінікті болды. Сондықтан "ықтимал келісім" секілді ұғым ойлап табылды. Егер адам көзі тірісінде нотариалды түрде, жазбаша мәйіт доноры болудан бас тартпаса, ол автоматты түрде келісім берді деген сөз. Бұл заң саласындағы терминология. Бірақ ол айла дәрігерге бағытталмаған. Бұл игі іске бағытталған. "Жақсылыққа бастайтын өтірік" деген ұғым бар. Аталған жағдайда жақсылықты ойлаған адамдар трансплантология дамысын деп "келісім презумпциясы" деген ұғымды енгізді. Одан ешкім зардап шегіп отырған жоқ. Керісінше, соның арқасында миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Әлемнің 70% осы келісім презумпциясы қағидасы бойынша трансплантологиямен айналысып келеді", – деп abctv.kz-ке мәлімдеді Болат Баймаханов.
Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов қоғамда қайтыс болғаннан кейін донор болу мәселесін насихаттау үшін бюджеттің шектеулі екендігіне қынжылды.
"Насихаттау бойынша белгілі бір жұмыс істеліп жатыр, қоғамдық ұйымдар үшін қаражат бөлінуде. Бірақ министрліктен бөлінетін сома шектеулі. Екі жылда бар болғаны сегіз млн теңге бөлінді, ал біз сапалы бейнероликтерді қаржыландыруымыз керек, әлдебір шаралар өткізіп, жарнама алаңдарын жалға алуымыз қажет. Мұның барлығын сегіз млн теңгеге жасау мүмкін емес. Министрліктің қаражаты шектеулі", – деді Серік Жарықов.
Денсаулық сақтау министрлігіндегілер егер адам көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, қайтыс болған соң оның дене мүшелерін алуға туған-туыстарынан рұқсат сұрау міндетті емес екенін айтады. Бірақ қоғам оған дайын емес екенін ескеріп, дәрігерлер жақын туыстарының жазбаша келісімінсіз мәйіттің мүшелерін алмайтынын жеткізді.
Қоғам мәйіт донорлығына неге қарсы?
Қайтыс болған адамның туған-туыстары діни көзқарастың әсерінен, бірыңғай қалыптасқан пікірдің болмауынан және өзіне жауапкершілік алудан қорыққандықтан дене мүшелерін беруден бас тартады.
Мәйіт донорлығына жағымсыз көзқарас дене мүшелерін алуға келісім берген донорлардың туыстарын қосымша әлеуметтік қолдау жөніндегі шаралардың болмауынан, сондай-ақ дене мүшелері мен тіндерді алуға рұқсат беретін донорлық стационар басшылардың заң алдындағы жауапкершіліктен қорқуынан туындап отыр.
БАҚ-та дене мүшелері саудаланатын қара нарық туралы ақпараттың жарияланғаны да саланың дамуына кері әсер етті дейді министрліктегілер. Республикада ешқандай жасырын донорлық нарық жоқ деп сендіреді дәрігерлер.
"Реабилитолог-дәрігерлер науқастың жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп, алған жарақаты өлімге әкелетінін түсінгенде немесе емдеуден еш нәтиже болмайтыны анық болған кезде науқастың жағдайы нашар және белгілі бір уақыттан соң көз жұматынын хабарлайды. Егер мидың өлімі орын алса, оны мүлде басқа дәрігерлер растайды. Яғни дәрігерлердің екі тобы болады: бірі емдесе, екіншісі растайды. Тірі адамды мұндай жағдайға әкелу мүмкін емес. Себебі жан сақтау бөлімінде науқастың жағдайын 40-50 медициналық қызметкер қадағалайды, олар тәулік сайын ауысады. Мұндай жағдайда адамды өлді деп айтып, дене мүшесін алуға бола ма? Бұл мүмкін емес", – деп сендірді А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ-ның басқарма төрағасы Болат Баймаханов.
Ол адамның миі өлген соң ағза өз бетімен жұмыс істей алмайтынын түсіндірді. Осы жағдай адамның өлуімен теңестіріледі, бұл жалпы әлемдік тәжірибе болып табылады.
Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова