Олигархтардың оффшордағы ақшасына салық салу қажет

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4331

Қазақстан қайтара алмаған қаржыны Моңғолия қайтара ала ма?

Олигархтардың оффшордағы ақшасына салық салу қажет

Осыдан екі күн бұрын Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга бай-бағландарға оффшорлық шоттардағы қаржыны елге қайтару туралы талап қойды. Президенттің пәрменінше, оффшорлық шоты бар Моңғолияның 49 азаматы 49 тәулік ішінде елдің орталық банкіне қызғыштай қорып жүрген ақшаларын аударуы тиіс. Межелі мерзімде шот иелері өздеріне қойылған міндетті орындамайтын болса, оффшорлық шот туралы мәлімет жалпақ жұртқа жарияланып, шот иелері заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Естеріңізге сала кетейік, Моңғолия демократиялық партиясының өкілі Халтмаагийн Баттулга 8 шілде күні президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жетті. Ол өзін ұлықтау рәсімінде ант қабылдап, халқына арнап сөз сөйледі.

"Мен ең алдымен, кедейлік деңгейін төмендетумен және Моңғолия азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашумен айналысамын. Моңғолия ұлттық өнеркәсібі дамыған және қысқа мерзім ішінде өз экономикасын көтере білген ел болады", – деді Моңғолия президенті.

Мемлекет басшысы міндетіне ресми кіріскен күннен бастап Халтмаагийн Баттулга қымбат көлік пен өзіне тиесілі резиденцияда тұрудан бас тартты. Ол орталық поштаға қарама-қарсы тұрған үйге жайғасып, жұмысқа жаяу баратынын мәлімдеді. Осы арқылы президент қарапайым халыққа жақын болғысы келетінін көрсетті.

Біз бүгін Моңғолия президентінің бастамасын Қазақстан тұрғысынан талдап көрмекпіз. Бірден айтайық, оффшорлық шоттардағы ақшаны отанға оралту мәселесі Қазақстанда Моңғолиядан бірнеше жыл бұрын талқыланды. Сондықтан бұл біз үшін таңсық тақырып емес.

Алысқа ұзамай, бір жыл кейін шегінейік. 2016 жылы Астанада өткен экономикалық форумда президент Нұрсұлтан Назарбаев Нобель сыйлығының лауреаттары мен экс-президенттерге және атақты экономистерге оффшордағы қыруар қаржыны қайда, қалай жұмсауға болатынын айтты. Елбасы оффшордағы ақшаға салық салып, тығылған триллиондардың 1 пайызын кедей елдердің білім және денсаулық сақтау саласына бөлуді ұсынды.

"Бүгінде әлемдік мамандардың бағалауы бойынша, оффшор есепшоттарында 30-40 триллион доллар бар. Бұл активтерге ең болмаса жаһандық 1 пайыз салықты енгізу дамушы елдердегі білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасар еді. Бұл салықтан түскен қаражатты жоғарыда аталған адам капиталының даму қорына салуға болар еді", – деді Қазақстан басшысы.

Біреу білер, біреу білмес, Қазақстандағы қаржы рақымшылығы осыдан 16 жыл бұрын басталған. 2001 жылы бір айға созылған рақымшылық шарасында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерді ұлттық экономикаға үлес қосуға шақырған. Нәтижесінде Қазақстанға 480 млн доллар қайтып келген.

Қаржыға қатысты рақымшылықтың екінші кезеңі 2006-2007 жылдар аралығын қамтыды. Осы уақытта Отанға 7 миллиард доллар оралды.

2014-2015 жылдары жүргізілген қаржы рақымшылығы да Қазақс­танға шетелде сақталған ақшаны қайтартуды көздеді. Осы шара шеңберінде елімізден тыс жерлердегі мүлікті жария ету бастамасы да көтерілді. Алайда отандық олигархтар асықпады. Себебі олар оффшорлық аймақтардағы ақша мен мүлікке қатысты мәлімет құпия сақталатынын жақсы білді.

Естеріңізде болса, 3 жыл бұрын халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы шет елде Қазақстанның 82 азаматына тиесілі 251 банктік шот бар екенін анықтады. Олардың шотында бас-аяғы 435 млн доллар болған. Бірақ бай-бағландардың есімі еш жерде жарияланбаған.

Осыған орай "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев: "Бұл қаражаттардың басқа мемлекеттің пайдасына тәркілену қаупі бар. Бұл шоттардың кімге тиесілі екенін және олардың заңдылығын анықтау керек. Егер де бұл қаражат жемқорлыққа қатысты күдік туғызатын болса, оны кері қайтарып, Қазақстанның пайдасына жаратуға тырысу керек. Елімізден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару әділеттілікті қалпына келтіруге ғана емес, ұлттық экономиканы инвестициялауға мүмкіндік береді. Егер де шоттардағы қаражаттар заңды иелеріне тиесілі болып және жария бизнесте жасалған болса, онда мемлекет оларды қорғауға жәрдемдесуі тиіс", – дегенді айтып, дабыл қақты. Ол сол уақыттағы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Қазақстан экономикасында оффшорсыздандыруды жүргізу және жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктердің шетелдегі шоттарына қатысты банктік құпияны жою қажет дегенді алға тартты.

Азат Перуашев тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында Қазақстаннан оффшорлық аймаққа шығарылған қаржының сомасы 138 млрд. АҚШ долларынан асып түскенін тілге тиек етіп, бұл орташа есеппен алғанда жыл сайын 7 млрд екенін айтты.

"Қазақстан оффшорға ақша шығару бойынша әлем елдерінің ондығына  кіреді. Бұл оффшорлық аймақтар мемлекеттік қаражатты  ұрлауға жол беріп отыр деген сөз", –  деді ол.

Тап қазір Еуроодақ елдері салық төлеуден жал­тарған жандардың кесірінен жылына 1 триллион еуро шығынға батып отыр. Сарапшылардың саралауынша, Еуропалық одақтан оффшорлық ай­мақ­тарға жасырылған қаржыдан жина­луға тиіс салық көлемі халық­ара­лық дәре­жеде дағдарысқа қарсы бағдар­ламада қарастырылған қаржыдан екі есе көп. Заңсыздыққа тосқауыл қою үшін Еуропа елдері салықтан сытылғысы келетіндердің қаржысын қатаң қадағалауға көшті. Ә дегенде Еуропа одағының оффшорлық аймаққа қарсы әрекеті Кипрге бағытталды. Ақыр яғында Кипр қаржылық дағдарысқа тап болып, салымшылар шығынға ұшырады. Ақшасынан айырылғандардың қатарында қазақстандықтар да болды.

Алайда біз оффшорлық аймақтағы ақшасынан айырылған отандастарымыз кім екенінен бейхабар болдық. Себебі Қазақстанның салық қызметкерлерінде оффшорлық шоттардың және компаниялардың негізгі бенефициарларын анықтау құқына ие емеспіз. Батыс елдері барлығын алдын ала заңдастырып қойғандықтан, оффшорлық аймақтағы банктерден өз елдеріне қатысты мәліметті оп-аңай ала қойды.

Болашақта осындай мәселе қайтадан күн тәртібіне қойылмас үшін Азат Перуашев оффшорлық шоттарға қатысты банктік құпия қолданылмауы тиіс екенін атап көрсетіп, ел үкіметіне "Оффшорлық аймақтар арқылы атқарылатын қызметтерді реттеу туралы" заң жобасын әзірлеуді ұсынды.

Оффшорлық аймақтар мен шоттардың басына бұлт үйірілген тұста олигархтар да қарап қалмады. Олар оффшордағы ақшаларын Швейцария мен Испания банктеріне ауыстыра бастады. Осылайша сыртқа есепсіз ағылып жатқан қыруар қаржы ел шекарасынан тыс қалды.

Сонда дейміз-ау, Қазақстан жылдар бойы түйінін тарқата алмай келе жатқан мәселені Моңғолия әп-сәтте қалай шешіп тастамақшы? Бұл ақылға сиятын бастама ма, әлде сыймайтын бастама ма? Бұл сұрақтардың жауабы 49 тәуліктен соң белгілі болады.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу