ОПЕК+ ғаламдық келісім әзірлеп жатыр

5031

АҚШ өндірісті қысқартуға келіссе, жаңа пәтуаға ірі экспортер – Ресей де қосылып, әлемде мұнай бағасы  қайта өседі деген үміт бар.  

ОПЕК+  ғаламдық келісім әзірлеп жатыр

ОПЕК пен одақтастар әлемде мұнай өндірісін бұрын-соңғы болмаған деңгейге дейін қысқарту туралы келісім бойынша жұмыс істеп жатыр. Егер бұл құжат қабылданатын болса, ғаламдық нарыққа жеткізілетін көмірсутегі 10 пайызға кемиді.

Коронавирус пандемиясы кесірінен мұнай бағасы жыл басынан бері 65 доллардан 34-ке дейін төмендеді. Бүгін планетада миллиардтаған адамның қозғалысы шектеліп, әлеуметтік оқшаулануға ұшырағандықтан, энергетикалық шикізатқа сұраныс тәулігіне 30  миллион баррельге азайып отыр.

Мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшерін 10-15 миллион баррельге қысқартуды көздейтін жаңа ғаламдық пәтуа қабылдануы үшін оған әлемнің нөмірі 1-ші өндірушісі АҚШ та қосылуы керек.

Сейсенбі күні президент Дональд Трамп мәлімдегендей, Вашингтон Сауд Арабиясы мен Ресейге өндірісті қысқартуға келісім берген жоқ. Дегенмен, баға төмендеп бара жатқандықтан, Құрама Штаттарла мұнай өндірісі бәрібір құлдырайды деген болжам бар.

ОПЕК пен оның Ресей тәрізді одақтастарының өкілдері сәуірдің 6-да кездесуі керек. Алайда, жиынға қатысушы елдер мұнай өндірісін қаншалықты қысқартатыны белгісіз.

Инфекциялық эпидемиядан әбден теңселген энергетикалық нарықты тұрақтандыруға АҚШ қандай да бір үлес қоса ма? ОПЕК-ті мазалап отырған өзекті мәселе осы. Бұл картельдің ойынша, жаңа келісімге Ресей, Қазақстан сияқты өндірушілердің басын қосқан ОПЕК+ тен бөлек АҚШ, Канада, Норвегия, Канада да қосылуы керек.

"АҚШ тақтатастан мұнай өндіруді шектей отырып, нарықты реттеуге үлес қосуы керек", - дейді ОПЕК-тің бір өкілі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

АҚШ КЕЛІССЕ, РЕСЕЙ ДАЙЫН

Көптен бері Ресей ОПЕК-тің өндірісті қысқартуы Америкада мұнай индустриясына өркендетті деп шағымданып келеді. Ал, жұма күні президент Владимир Путин Ресейдің өндірісті ОПЕК-пен, АҚШ-пен бірге төмендетуге дайын екенін мәлімдеп, Сауд Арабиясын энергетикалық нарықты күйретті деп айыптады. Алайда, Саудияға сенсек, Мәскеу өндірісті вирус дағдарысы кезінде де азайтуға келіспегендіктен, әлемде мұнай күрт арзандап кетті.

Ресейдің энергетика министрі Александр Новак жергілікті ақпарат құралдарына мәлімлегендей, Мәскеу АҚШ-тың өндірісті шектеу ниеті заңдық тосқауылға тап болатынын түсінеді, бірақ, Құрама Штаттар әкімшілігі бұл мәселеде икемділік танытуы керек деп есептейді.

Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі Ларри Кудлоудың ойынша, Трамп энергетикалық нарықта америкалық өндірушілерге зияны тиюі мүмкін кез-келген халықаралық сыбайластықпен күресуге әзір болса да, оның әкімшілігі мұнай шығаратын компанияларға үстемдік ете алмайды.

"Мұнай компаниялары бағаның түсіп бара жатқанын көріп, өндірісті өздері де қысқартады. Демек, Трамптың Сауд Арабияысымен, Ресеймен жүргізген келіссөздері жеміссіз деп айтуға негіз жоқ", - дейді Кудлоу.

Канаданың мұнайлы өлкесі – Альберта провинциясының премьері Джейсон Кенни өз аймағының өндірісті қысқарту туралы келісімге қосылуға дайын екенін  мәлімдеді. Премьер-министр Джастин Трюдо болса, осы мәселе бойынша қазір ОПЕК-пен де, АҚШ –пен де байланыс орнатқанын хабарлады. Ал,  Норвегия мұнай және энергетика министрлігі бұл проблемаға қатысты әзірге жауап берген жоқ.

Халықаралық Энергия Агенттігі жұма күні ескерткендей, ғаламдық өндірісті тәулігіне  10 миллион баррельге қысқарту да жеткіліксіз. Осы орган жетекшісі Фатих Биролдың есебінше, өндіріс мұнша төмендетілсе де, запастағы мұнай мөлшері күніне 15 миллион баррельге өсе бермек.

МҰНАЙ БАҒАСЫ

Жақында мұнай бағасы 20 долларға дейін түскені белгілі. Ал, Трамп Ресей мен Саудияның тайталасты тоқтататынын айтқаннан кейін, яғни, жұмада 34,11 долларға дейін қайта қымбаттады. Айта кетсек, бұл - өткен жылдың аяғындағы көрсеткіштен әлдеқайда төмен: 2019 жылдың соңғы сессиясында Brent маркалы шикізаттың нарқы 66  долларға дейін көтерілген еді.

Баға наурыздың басында РФ мен Сауд Арабиясы өндірісті қысқартуға келісе алмағандықтан күйреді. Сол кезде Саудия нарықтағы үлесін қайтару үшін экспорттық бағаны түсіріп, мұнайды бұрынғыдан да көп шығарып, Ресей шикізатын алатын өңдеу зауыттарына өзінің энергетикалық ресурсын мүлде арзанға сатпақ болды.

Мұнай бағасы 2002 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін құлдырағандықтан, Американың мұнай индустриясының жүрегі – Техаста 50 жылдан бері алғаш рет көмірсутегі өндірісін реттеу мәселесі қарастырыла бастады.

"Келесі тоқсанда мұнай өндірісі тәулігіне 10 миллион баррелге қысқаруы керек. Егер оны сата алмасаң, сақтай алмасаң, шығара да алмайсың", - дейді IHS Markit компанисының сарапшысы Джим Бурхард.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ

Мұнайдың арзандауы мен өндірістің қысқаруы салдарынан Қазақстан экономикасы биыл 0,9 пайызға әлсірейді және үкімет оған Ұлттық қордан көбірек ақша тартуға мәжбүр. Бұны бейсенбіде еліміздің экономика министрі Руслан Даленов мәлімдеді.

Ол үкімет отырысына айтқандай, осыған дейін 90 миллион тонна мұнай өндіруді көздеген Қазақстан биыл 86 миллион тонна көмірсутегін шығаруды жоспарлап отыр.

Министрдің есебінше, негізі мұнайдан тұратын Қазақстан экспорты болжамдағыдан 16,3 миллиард долларға кеміп, бюджеттік шығын 1.672 триллион теңгеге ($3.7 млрд) азаюы мүмкін.

Үкімет 60 миллиард долларлық Ұлттық қордан биыл экономикаға жоспардағыдай 2,7 триллион емес, 4.77 триллион теңге ($10.6 млрд) тартуды көздеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу