Орман шаруашылығын қаржыландыруды республикалық бюджетке беру керек – депутат

1991

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі орман қорының ауданы 30,1 млн гектарды құрайды. Бұл республика аумағының 11,2%-ын алып жатыр.

Орман шаруашылығын қаржыландыруды республикалық бюджетке беру керек – депутат

Қостанай орман қорының 43 мың га аумағын тілсіз жау шарпыды. Еліміздің орман шаруашылығындағы қордаланған мәселелер туралы сарапшылардан білдік, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Еліміз орман өрттеріне дайын емес"

Экобелсенді Сәкен Ділдахмет еліміз орман өрттеріне дайын емес дейді.

"Елімізде жыл сайынғы статистикаға қарайтын болсақ, орман өрттеріне біз әлі де болса дайын емеспіз. Оның бірінші себебі бүгінгі күні орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы ескірген. Екіншіден, елде "Қазәуеорман қорғау" мекемесі бар. Аталған ұйым 8 облыста өрт маусымы кезінде мониторинг жүргізеді. Жылдан жылға сол мекеменің мониторинг жасайтын уақыты қысқарып отыр. Бұл дұрыс емес. Облыстарда "Қазәуеорман қорғау" филиалдары ашылып жатқан жоқ. Бұл ормандағы өртті дер кезінде бақылап, жылдам әрекет жасау үшін қажет маңызды мекеменің бірі", – дейді табиғат жанашыры.

Үшінші себеп ретінде облыстық әкімдіктерге бағынысты 120-дан астам орман шаруашылық мекемесінің тозығы жеткенін айтады. 20 жыл бұрын әкімдіктердің балансына берілген бұл мекемелер бүгінде толық көлемде қаржыландырмайды. Тек аз ғана көлемде қаржыландырылады екен. Бұдан бөлек орман шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандардың жалақысы өте төмен дейді спикер.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегіне сәйкес, орманшылардың орташа айлығы жұмыс өтілдеріне қарай 70-80 мың теңгені құрайды.

"Мамандарды даярлау бойынша бүгінде бұл сала кенже қалып отыр. Оқу орнын бітірген студенттер бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Себебі ешбір мотивациялық мүмкіндіктер қарастырылмаған", – дейді сарапшы.

Сәкен Ділдахмет орман өртінің басты себептері ретінде табиғи жағдайдан бөлек, адами факторды да көрсетеді. Оған қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау, темекі тұқылын тастау жатады.

Осы орайда сарапшыдан "Қостанайдағы орман өртінен мемлекет пен қоғам қандай сабақ алу керек?" деп сұраған едік.

"Мемлекет негізі сабақ алмайды ғой. Қиын жағдайлар туындаса, көбінесе себебімен емес, салдарымен күресіп жатамыз. Кешегі орман өртіндегі басты себеп осы орманшылардың жағдайын жасағанда ондай өте үлкен өрт болмас па еді, алдын алуға болар ма еді. Ал қоғам ормандағы қарапайым өрт қауіпсіздігінің ережесін сақтау керек. Өз үйлеріне қалай қараса, табиғатты да солай аялау керек", – деді экобелсенді.

Орман шаруашылығын қаржыландыруды республикалық бюджетке беру керек – депутат

"Елімізде орман шаруашылығын дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?" деген сауалды Мәжіліс депутаты Аманғали Бердалинге қойдық.

"Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырма берген. Қазіргі таңда оны орындау барысында республиканың барлық облыстары бойынша орман өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Орман өсіру жұмыстарының бірден 6 есеге өсуінен оған қаржы бөлу проблемасы туындайды. Орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту керек. Одан бөлек тәлімбақтарға да мән беру керек. Ол болмаса бізде егетін көшеттер болмайды. Бұдан бөлек маусымдық жұмысшылардың санын көбейту керек. Қолда бар мәліметке сәйкес еліміз бойынша орман шаруашылықтары 44 пайызға ғана материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Бүгінде бар техниканың 10 пайызы күрделі жөндеуді талап етеді", – деді халық қалаулысы.

Аманғали Бердалин орман шаруашылығын қаржыландыру облыстағы атқарушы билікке байланысты екендігін айтады. Бір облыстың мүмкіндігі болса, екінші бірінде жоқ дейді.

"Енді тағы бір үлкен мәселенің бірі – орманшылардың жалақысы. Орман шаруашылығын дамыту үшін бұл салаға адамдарды тарту керек. Осы саланың мамандары республика бойынша ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің бірі. Бүгінде орман қорушылары 67 800 теңге алса, мекеме тракторшылары 47 мың теңге алады. Бұл 47 мың теңге қолға алатын ақшасы. Енді бұл мәселенің шешімі қалай десек, аталған саланы қаржыландыруды жергілікті атқарушы органнан алып, республикалық бюджетке беру керек деп есептеймін. Бұл орманшыларды әлеуметтік қолдау жағын қарастыруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті депутат.

Бұл мақалада орман шаруашылығындағы мәселелердің тек бір шеті ғана көтерілді. Қарап отырсақ, оның өзі де бірталай екен. Қажетті материалдық-техникамен қамтамасыз етілуден бастап, салада еңбек ететін мамандардың жалақысына дейінгі мәселелер бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу