Орталық Азия үшін бәсеке артып келеді. Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр

2619

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 14 қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік іссапармен келеді. Екі жылдан бері ешбір елге шықпаған Қытай басшысының бұл сапарын талқылап жатқандар көп. Тіпті бұл жаңалыққа Ресей тарапы да реакция білдірді.

Орталық Азия үшін бәсеке артып келеді. Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр

Қытайдың көршілерін айналып өтіп алдымен Қазақстанға келуінің қандай саяси астары бар? Бұл сұрақты inbusiness.kz тілшісі шығыстанушы Олжас Бейсенбайға қойып көрді.

Қытай қауіпсіздікке көз жеткізгісі келеді

Сарапшының айтуынша, Қытай төрағасын Қазақстанның президенті осы жылдың басындағы кездесуінде арнайы шақырған. Қазақстанға сапарынан кейін әрі қарай Самарқанда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекет басшыларының саммиті болады.

"Одан кейін қателеспесем, қазан айының 12-13-де Азиядағы сенім шаралары жөніндегі кеңестің жиналысы өтеді. Қазақстанда күздің алғашқы айында Діндер съезі бар, ТМД жиыны бар, бірқатар халықаралық үлкен іс-шаралар өтейін деп тұр. Соның ішінде Си Цзиньпиннің сапары да ерекше. Өзіңіз айтып отырғандай, өткен жылдан бері алғашқы сыртқа сапарын жасап отыр", – дейді сарапшы.

Олжас Бейсенбай карантин шектеулері кезінде цифрлық дипломатия дамығанын еске салады. Қашықтықтан бейнебайланыс арқылы біршама кездесу өткен. Екіншіден, сарапшы халықаралық конъюктураның өзгерісін, геосаяси турбленттілікті, Ресей-Украина қақтығысын, Орталық Азияда, мысалы, Қарақалпақстанда толқулар болып өткенін атап өтеді. Қазақстанда Қаңтар оқиғасы, Таулы Бадақшадағы жағдай да бар. Жалпы Ауғанстандағы тәліптердің билікке келуінің өзі – толық тұрақтылық, қауіпсіздік орнады дегенді білдірмейді. Сондықтан Қытай өзінің батыс аудандарымен шектесіп жатқан елдердегі қауіпсіздікке көз жеткізіп, одан кейін осы аймақтағы күштер балансын да сақтау үшін келе жатыр.

"Жалпы Қытай стратегиялық мақсат-мүдделерін алдын-ала ойластыратын мемлекет. Сондықтан осы іссапарда бірқатар мәселелер, маңызды сұрақтар талқыланады деп ойлаймын. Биыл 25 қаңтарда Қазақстан, Орталық Азия елдері мен Қытайдың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды. Сол кезде үлкен кездесу болып өтті. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс достық көршілік деңгейден жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейге өскені де біздің қарым-қатынасымыздың өте маңызды жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Өзара сенім бар", – дейді ол.

Қарым-қатынасты нақтылап алатын кездесу

Сарапшы екі ел арасында проблема жоқ деп те айта алмайтынын атап өтті. Мәселен, карантин шектеулері, пандемия кезінде Қазақстаннан баратын бірқатар мыңдаған контейнерінің шекарада тұрып қалғаны, оның экономикаға кері әсерін тигізген тұстары бар. Бірақ қытайлық деректерге қарайтын болсақ, Орталық Азия мен Қытайдың сауда байланысы орнаған сәттен бастап 2020 жылға дейін сауда көлемі 100 есе өскен. Биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде екіжақты сауда айналымы 12-13 млрд долларға дейін, рекордтық көрсеткіш көрсеткен.

"Жыл сайынғы аналог жасайтын болсақ, өте жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Жаз айларында Қытайдың сыртқы істер министрі Қазақстанға келіп кетті. Қытай төрағасының Қазақстанға сапары осыдан 2013 жылғы Си Цзиньпиннің Астанаға Назарбаев университетіне келіп, "Бір белдеу-бір жол" инциативасын жариялағаны сияқты, бұл да бір жаңа этап деп ойлаймын. Не үшін жаңа этап? Себебі Қытай төрағасының да сайлауы болайын деп тұр. Қазақстанда да президент сайлауы болады. Сондықтан бұл жаңа кезеңдегі біздің қарым-қатынасымызды тағы да бір нақтылап алатын кездесулер болуы мүмкін", – дейді Олжас Бейсенбай.

Шығыстанушы экономикалық қарым-қатынас үшін Қытай – ең жетекші сауда байланысындағы мемлекет екенін айтады. Инвестиция көлемі бойынша 4-орында тұр. Қытай-Еуропа бағытында Қытайдың транзиті Қазақстан арқылы өтеді. 2021 жылдың 11 айында сол транзит арқылы 1 800 пойыз, 1,3 млн контейнер жүктер өткізілген. Ол оның алдындағы кезеңнен 23-30 пайызға дейін артқан. Қазақстанда 55 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Қытайдың осы Орталық Азияға салатын инвестициясының ішінде ең көбі 84 пайызы осы Қазақстанның үлесіне тиіп отыр.

"Солтүстіктегі "северный поток" дейтін сауда дәліздерінің, экономикалық дәліздердің тұйықталып жабылып қалуына байланысты Қазақстан, оңтүстік арқылы өтетін экономикалық дәліздердің маңызы артып келе жатыр. Жақында Қазақстан Президенті ТрансКаспий бағытын дамыту керек деп айтты. Әрине, ол Қазақстан мүддесіне сай. Ал Қытай біренеше альтернативті бағытты қарастыратын болады. Оның ішінде Қытай-Қырғызстан, Өзбекстан бағыты да бар. Қазақстанмен бәсекелестік бағытта. Сондықтан бізге осы уақытта жаңадан инвестициялық жобалар бекітіле ме, жоқ па, нақты айта алмаймыз", – дейді сарапшы.

Олжас Бейсенбай екі мемлекет сауда, оның ішінде инвестициялық әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында көлік-логитикалық, одан кейін гуманитарлық бағытта жаңа келісімдер жасауы мүмкін деп топшылайды. Өйткені, биылғы жылдың басында Қаңтар оқиғасы кезінде де Қытай төрағасы Қазақстанға жан-жақты көмектесуге дайынбыз деп айтқан. Одан кейінгі мәлімдемесінде Орталық Азия елдерімен өткен саммитте Қытай төрағасы "2030 жылға дейін осы Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда көлемін 70 млрд долларға дейін, одан кейін Орталық Азия мен Қытай арасындағы бауырлас қалалар санын 100-ге жеткізейік. Сондай-ақ Орталық Азияға 50 млн вакцина беруге дайынбыз. Кәсіби біліктілікті арттыруға Орталық Азияда 5 000 маманға квота береміз. Студенттерге 1 200 стипендия, жаңа Конфуций орталықтарын ашамыз. 500 млн доллар әлеуметтік жобаларға бөлеміз" дегені бар. Бұл Қытайдың осы аймаққа ерекше назарын көрсетеді деуге болады.

"Орталық Азия аймағы үшін бәсеке артып келеді. Ол қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында маңызды фактор болып саналады. Орталық Азияда әр ел өздерінің форматтарын ұсынып келе жатыр. Оның ішінде Үндістанмен де, Түркиямен де, АҚШ-пен де, Ресеймен де барлық елдер Орталық Азия мысалы үшін Қытай Ц5+1 форматта өткізіп жатыр ғой. Осындай форматта өздерінің интеграциясын ұсынады. Осының ішіндегі қазір ең тартымдысы қаржы, қолдау жағынан Қытай үлкен назар аударып отыр. Сондықтан Қазақстанға өз экономикасы үшін сауда дәліздерінің альтернативті жолын пайдалануда әрине транзиттік мүмкіндігін нығайту үшін Қытаймен қарым-қатынас маңызды деп ойлаймын. Әлі де нығайта беру керек. Әрине, күрделі проблемалар екіжақты келісімде шешуге болады деп ойлаймын. Ең бастысы, Қазақстан тарапы да мүдделі болып отыр", – деп түйді сөзін Олжас Бейсенбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу