Өсімдік майы өндірісінің өрісі кеңеймей тұр

Рафинадталған май дайындау ісі кенже қалып отыр. 

Өсімдік майы өндірісінің өрісі кеңеймей тұр Фото: Валерий Бугаев

Energyprom.kz сайтының мәліметінше, былтыр еліміздегі күнбағысты өңдеу орындарында 376,7 мың тонна тазартылмаған және 160,4 мың тонна тазартылған өсімдік майы дайындалды. Бұл жалпы көлем 2021 жылмен салыстырғанда 62,2%-ға артық. Дегенмен, кейбір облыстарда терең өңдеуден өткен тазартылған май өндірісі кенже қалып жатыр. Солардың бірі – Павлодар өңірі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында "Жаңа май" деп аталатын рафинадтталған май өндірісі іске қосылды.

"Павлодар агрокешені" ЖШС мен "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұл жобасына 185 млн теңге көлемінде инвестиция құйылды. Сол уақытта аталмыш кәсіпорында жылына 5 мың тонна күнбағысты өңдеп, одан 960 тонна тазартылған май алып, дайын өнімді әлеуметтік сауда орындарына төмен бағамен жөнелту көзделген-ді.  

Алғашқы жылдары бұл жоспар сәтті жүзеге асқанымен, соңғы уақытта тұтынушылар "Жаңа майдан" көз жазып қалғанын айтады. Шынымен, жергілікті сауда орындарының бірнешеуін аралап шықсақ та, бағасы қолжетімді болған өнімді біз де көрмедік. Оның себебін білмек болып өңдеу орнына хабарласқанымызда, кәсіпорын басшылығы шикізаттың аздығын әрі қымбаттай түскенін алға тартты. Сол себепті павлодарлық өнім бұрынғыдай көп көлемде шығарылмайды. Оған жуырда ашылған "Jailau" базарынан арнайы орын бөлді. Өсімдік майын сол базардан алуға болады. Сонымен қатар, мұнда тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майы тұтынушылардың қалауы бойынша құтыларға құйылып сатылады. Әркім өзіне қажет көлемін ала алады. Рафиндатталған майдың бір литрі – 750 теңге. Осылайша, қыс-көктем кезінде күнбағыс аз болғандықтан, одан алынатын дайын өнім де аз болып отыр.

Ал Павлодар облысында рафинадталған май өндірісін қолға алуды қалайтын тағы бір инвестор – "Айбарыс" ЖШС жергілікті нарықтың басым бөлігін өсімдік майымен қамтуды көздейді. Тіпті, Ресейге экспорттау да жоспарда бар. Сондықтан өңдеу орны ретінде көршілес мемлекетпен іргелес жатқан Шарбақты ауданын таңдапты. Бүгінде жер рәсімдеп үлгерді.

"Жоба 20 млрд теңгеге бағаланып отыр. "Айбарыс" компаниясы оның жартысынан астамын жеке қаржысы есебінен қарастырмақ. Бүгінде жер ресімделіп, жоба дайындалды. Енді теміржол желісін тарту жұмыстары жүргізіледі", - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов.

Жоспар бойынша, аталмыш кәсіпорын келесі жылы іске қосылып, айына 50 тонна тазартылған май шығарады. Ал өңдеу орнын шикізатпен жергілікті шаруалар қамтамасыз етеді. Сөйтіп, өңірде күнбағыстан өнім алатын кәсіпорындар қатары артады.

Жалпы, қазіргі таңда өңірде майын дайындаумен 10 кәсіпорын айналысады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Татьяна Нагуланың айтуынша, аймақ тұрғындарының бұл өнімге деген жылдық сұранысы - 9 мың 58 тонна. Былтыр облыстағы өңдеу орындары оның 1544 тоннасын дайындады. Бұл - жалпы қажеттіліктің бар-жоғы 17%-ы ғана.

"Дей тұрғанмен, өңірде өсімдік майынан тапшылық жоқ. Себебі біздің тауар өндірушілер басқа облыстарға сатқан күнбағыс кейін дайын өнім ретінде өзіміздің нарыққа қайтып келеді. Яғни, Алматы, Өскемен қалаларында өндірілген өсімдік майы жеткізіледі", - дейді Т.Нагула.

Тапшылықтың болмағаны жақсы-ақ. Бірақ күнбағыстың мол көлемін өсіретін өңірде жүйелі түрде рафинадталған май шығаратын толыққанды кешеннің болмауы өкінішті. Былтыр павлодарлық шаруалар 213 мың тоннадан астам күнбағыс жинап, оның денін басқа өңірлердегі өңдеу орындарына сатты. Ал дәл сондай шикізаттан дайын өнім алатын орын облыстың өзінде болса, өсімдік майы анағұрлым арзан болар ма еді. Әйтпегенде, жергілікті тұрғындарды сұраныстың тек 17%-ымен қамту – мақтанарлық көрсеткіш емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу