Өзбекстандағы өзгерістер қазақ еліне қалай әсер етеді?

2817

4 желтоқсан күні Өзбекстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтеді. 

Өзбекстандағы өзгерістер қазақ еліне қалай әсер етеді?

Демек, енді бір он күннен кейін құдайы көршіміз өзінің су жаңа президентін сайлап, үлкен өзгеріс жасағалы отыр. Бұл өзгерістен кейін қазақ пен өзбектің дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынасы қалай дамиды?

Сондай-ақ, Өзбекстанның екінші президенті түркі бірлігін нығайтуда қандай көзқарас ұстанады? Себебі, бұған дейін ресми Ташкент көрші елдермен және түркі мемлекеттерімен бірде тату, бірде қату болып келген болатын. Ал екінші президент Өзбекстанның жаңа саясатына оң өзгеріс әкеле ала ма, жоқ әлде сол баяғы жартас сол жартас болып қала ма?

 

Мирзияевтің мысы басым

Өзбекстанда өтетін кезектен тыс президент сайлауына 4 үміткер тіркелді. Олардың ішінде Хотамжон Кетмонов (Халықтық-демократиялық партиясы), Наримон Умаров (Әділет партиясы), Сарвар Отамурадов (Ұлттық жаңғыру партиясы) және Өзбекстан президентінің міндетін атқарушы Шавкат Мирзяев бар.

Аталған үміткерлердің арасында Либерал-демократиялық партиясы атынан сайлауға түскелі отырған Шавкат Мирзяевтың мүмкіндігі зор көрінеді. Негізінде оның Өзбекстанның су жаңа президенті болатынын болжау үшін саяси сәуегей болудың қажеті шамалы. Себебі, Мирзяевтың "үш қарсыласы" да сайлауға демократиялық "құндылықтарды" сақтау үшін ғана қатысып отырғанға ұқсайды.

 

Самарқандтың көк тасы еріді

Қош, сонымен Өзбекстандағы президент сайлауынан кейін қазақ пен өзбектің қарым-қатынасы қай бағытқа дамиды? Бәлкім бірде араз, бірде құраз болып келген қос тараптың салқын байланысы жақсаратын шығар. Белгілі саясаттанушы Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, түркі халықтарының бірлігі мен тұтастығын өз халқымыздың мүддесінен жоғары қоюуымыз керек. Егер болашақ президент түркі халықтарының мүддесін жоғары қоятын болса, нұр үстіне нұр болар еді.

"Күні кешеге дейін қазақ пен өзбектің арасында әртүрлі түсінбестік болды. Өзбек тарапынан жасалған әрекеттердің кейбірі дұрыс та, бұрыс та болған шығар. Алайда, біз майда-шүйде нәрсеге мән бере бермей, мәселеге түркі халықтардың бірлігі тұрғысынан қарауымыз керек.

Жалпы, кез келген адам туралы билікке келмей тұрып бір нәрсе айту мүмкін емес. Билікке жаңадан келген адам өзінің қарым-қабілетін, ақыл-парасатын, кемшілік-артықшылығын ашып көрсетеді. Сондықтан да билікке кім келсе ол келсін, ең әуелі өзінің халқы мен әлемдегі түркі халықтарының мүддесін жоғары қойса екен.

Өйткені, мұндай ұстанымдағы басшының шарапаты өзбек пен қазақты былай қойғанда, күллі түркі халықтарына тиеді. Ал Өзбекстанда алда өтетін кезектен тыс президент сайлауына немқұрайлы қарай алмаймыз. Өйткені, қазақ пен өзбектің мәдениеті мен әдебиеті, тұрмысы мен экономикасы бір біріне ұқсас халық болып келеді. Сол себепті, ондағы оң өзгерістер бізге жақсы әсер етеді деп есептеймін, – дейді Әбдіжәлел Бәкір.

 

Экономикаға ерекше көңіл бөледі

Саясаттанушының пікірінше, түркі мемлекеттерінің бірлігі мықты болуы үшін Мұстафа Шоқайды үлгі тұтуы керек. Себебі, алты алаштың баласын бір тудың астына біріктіремін деп армандаған қайраткердің мұраты әлі де іске асқан жоқ.

Алайда, белгілі экономист Меруерт Махмұтова түркі мемлекеттері бірігіп, экономикалық одақ құру керек деген идеяны құптамайды. Себебі, ол аталған одақтың құрылып, жұмыс жасауын асығыс қадам деп есептейді екен. Десек те экономист Өзбекстанда оң өзгерістер жасалып жатқанын айтып өтті.

– Еуразия экономикалық одағынан біздің ел қандайда бір пайда тауып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарған жоқ. Менің ойымша, бізге бір одақтан екінші одаққа кіруге асығудың қажеті жоқ. Түркі мемлекеттерінің экономикалық одағын құру керек деген жай айтыла салған сөз ғой. Сондықтан да, менің өз басым үкіметке "қандайда бір одаққа кіріп, жұмыс атқарудың қажеті жоқ" деген кеңес айтар едім. Ал Президент міндетін атқарушы әрі кезектен тыс президент сайлауының баста үміткерінің бірі Шавкат Мирзяев елде экономикалық реформалар жүргізіп, біршама қадам жасады. Бізге Өзбекстанның экономикасы өркендеп, тұрақты болғаны тиімді. Сондықтан да Өзбекстанда болуы мүмкін қандайда бір оң өзгерістен бізге зиян келмесі анық, – дейді Меруерт Махмұтова.

 

Көршінің көлікті болғаны қазаққа тиімді ме?

Меруерт Махмұтованың мұндай пікірімен Жанкелді Шымшықов келіспейді. Оның пікірінше, Өзбекстанның экономикасы аяқтан тұрып, алпауыт елге айналғаны, бір жағынан жақсы да шығар. Алайда, ертең күшейіп алғаннан кейін аумағымызға қатер төндіруі мүмкін. Өйткені, халқы көп әрі тығыз орналасқан көршіміздің ойы бұзылып, қазақ жеріне көз алартуы ғажап емес. Әйтсе де, бұл экономист Жанкелді Шымшықовтың жеке басының болжамы.

Сонымен бірге Жанкелді Шымшықов Шавкат Мирзяевтың шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуін жоғары бағалап отыр. Экономистің айтуынша, Ісләм Кәрімовке қарағанда, Шавкат Мирзяевтің көптеген артықшылығы мен ерекшелігі де жоқ емес.

"Мен Шавкат Мирзяевты коммунизм идеясынан сәл де болса алшақ, яғни жаңа ұрпақ деп есептеймін. Сондықтан да, ол Өзбекстанға демократиялық леп әкелуі әбден мүмкін.

Алайда, соған қарамастан, оның тізгінді бос жібере салатын ойы жоқ. Әрине, экономикада үлкен өзгеріс жасайтыны түсінікті. Шавкат Мирзяев Ісләм Кәрімовке қарағанда, Қазақстан және өзгеде мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Айталық, ол үкімет басқарған кезде сыртқы саясатты жүргізген болатын. Оның үстіне президент міндетін атқару барысында шағын және орта кәсіпкерлікті көтеріп, оған жеңілдік жасап отыр.

Осыдан-ақ оның экономикалық саясатта сауатты іс-қадам жасағаны көрініп отыр. Естеріңізде болса, Ісләм Кәрімов "Біз ешқандай одаққа кірмейміз. Өйткені, оның артында саясат жатыр", деп қашқақтады. Ал Шавкат Мирзяев халықаралық қарым-қатынаста тығыз әріптестік орнатудан қашып отырған жоқ. Соған қарағанда, Өзбекстанның көрші мемлекеттерімен ынтымақтастығы арта түседі деп есептеймін", – дейді Жанкелді Шымшықов.

Қалай дегенмен де он күндей уақыттан кейін Орта Азияда өз орны бар Өзбекстанда үлкен өзгеріс болмақшы. Іргеміздегі өзгеріс қазақ елімен қатар басқа түркі мемлекеттеріне де оң әсерін тигізетін тәрізді.

Себебі, Өзбекстанның тізгінін ұстауы мүмкін Шавкат Мирзяевтың әрекеті осыны аңғартып отыр. Мәселен, өткен аптада Өзбекстанға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған барды. Кездесу аясында Режеп Ердоған Шавкат Мирзяевты ресми сапармен Түркияға келуге шақырды.

Бұған дейін Түркия-Өзбекстан қарым-қатынасы мүлде үзілгенін ескеретін болсақ, бұл елең еткізетін жаңалық. Ұзын сөздің қысқасы, Шавкат Мирзяев Ісләм Кәрімов жіберген көптеген олқылықтың орнын толтырып, тыңнан түрен салғысы келетін сияқты.

Серік Тасболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу