Пандемия павлодарлық кәсіпорындарға қалай әсер етуде?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3343

Тұтас әлемді шарпыған коронавирус жергілікті зауыттарға да салқынын тигізуде.     

Пандемия павлодарлық кәсіпорындарға қалай әсер етуде?

Коронавирус адамдарды әбігерге салғаны аздай, әр салаға өз салқынын тигізіп жатыр. Осы орайда, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істеп жатқанын білуге тырыстық. Арнайы аймақта оннан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқаны белгілі. Олар химия, мұнай-химия және металлургия өнімдерін шығаруда.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы алғаш құрылғанда ашылған зауыттің бірі – "Каустик". Қуаттылығы 107 850 тоннаны құрайтын кәсіпорын каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлоридін шығарады. Коронавирустың таралуына байланысты натрий гипохлориді өніміне деген сұраныс артқан. Себебі, дезинфекциялық өңдеу жүргізу барысында дәл осы өнім пайдаланылады. Бүгінде өндіріс орнында тәулігіне бұл өнімнің 20 тоннасы дайындалады. Препарат облыс аумағында ғана емес, өзге өңірлерде де қолданылады. Мәселен, кәсіпорын басшылығы наурызда Алматы қаласына 250 тонна хлорлы концентратты тегін жөнелтті. "Каустик" АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Владимир Рагулиннің айтуынша, бұл дезинфекциялық өнім барлық сараптамадан өткен әрі вирусты жоюға қауқарлы.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Еуропаның сырқаттарды бақылау жөніндегі орталығы препаратты тиімді әрі қолжетімді дезинфектант ретінде ұсынды. Ол вирусты екі минутқа дейінгі экспозиция мен 0,1 пайыз концентрация кезінде жоюға қауқарлы. Өнімнің сертификаты, тиісті рұқсат құжаттары бар әрі тиімділігі мен қауіпсіздігі расталған", – дейді Владимир Рагулин.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағындағы "БО-НА" кәсіпорны да пандемияға қарсы түрлі препаратты өндіруде. Мұнда дезинфекциялық препараттар мен антисептиктердің, ғимараттарды өңдеуге арналған сұйық және қоюлатылған құралдардың 30-дан астам түрі дайындалады. Хлорлы антисептиктерді қолдану мүмкін болмаған жағдайда иісі жоқ баламаларын ұсына алады. Одан бөлек, медициналық құралдарды өңдеуге арналған препараттар бар.

Кәсіпорынның мәліметінше, коронавирусқа байланысты мұндағы өндіріс көлемі үш есе артқан. Айталық, бұған дейін зауыт күніне 300 келі хлорлы дәрі дайындаса, қазіргі таңда қуаттылық шамамен 1 мың келі өнімді құрайды. Қажет болған жағдайда өнімділікті одан әрі арттыруға әзір.

Әлемді жайлаған пандемия "Павлодар" арнайы экономикалық аймағындағы зауыттардың өнімділігіне ешқандай әсер еткен жоқ. Барлық кәсіпорын штатты режимде жұмысын жалғастыруда. Әйтсе де, вирустың таралуы сейілмей, карантин уақыты ұзартылса, кәсіпорындар түрлі қиындыққа тап болуы әбден мүмкін. Себебі, негізгі әріптестер қатарында Германия, Италия, Қытай, Украина, Ресей елдерінің компаниялары бар. Ал бұл мемлекеттер әлі күнге дейін пандемиямен күресіп жатыр. Сонымен қатар, кейбір шикізат түрлері шетелден жеткізіледі. Соған қатысты да кедергілер болмай қоймайды.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қайыркеновтің айтуынша, мұндай мәселелер екі компанияда орын алған.

"Агрохимиялық өнім шығаратын "АгроХимПрогресс" серіктестігіне шетелдік шикізат, майлау материалдарын дайындайтын "Evooil Kazakhstan" компаниясына арнайы ыдыстар кеш келді. Бұл тиісті жұмыстардың белгіленген көлемде атқарылуына кері әсерін тигізбей қоймады. Бірақ, бүгінде мәселе шешіліп, екі кәсіпорын да күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Себебі, олардың өнімдері көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге аса қажет", – дейді Қайрат Қайыркенов.

Арнайы аймақтағы жаңа зауыттардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, ыстық мырыштау, су тазартуға арналған композитті коагулянттар өндіру, мұнай өнімдеріне қажет қоспа дайындау, белсендендірілген көмір шығару, күл, қоқыс қалдықтарын өңдеу кәсіпорындарының алаңдарында жұмыс қызу. Мұнай қалдықтарын өңдейтін зауыттың құрылысы аяқталуға таяу.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу