Парламент онлайн-казинолармен күресте оңбай ұтылды

3388

Депутаттардың лудоманияға тосқауыл қоятын бастамаларын лобби күл-талқан етті.

Парламент онлайн-казинолармен күресте оңбай ұтылды Фото: canva.com

Президенттің лудоманиямен пәрменді күресуге қатысты бірнеше қайталаған тапсырмаларын орындау мақсатында ел Парламентінде соның қайнар-көзіне жойқын соққы жасайтын бастамалар әзірленді. Олар бір жылдай қызу талқыланды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, соның аясында біріншіден, Қазақстан Республикасы азаматтарының казино ойындарына, ойын автоматтары залдарына, букмекерлік кеңселерге, тотализаторларға және ойын бизнесі саласындағы өзге де қызмет түрлеріне қатысуына толық тыйым салу ұсынылды.

Екіншіден, букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың интернет-ресурстары арқылы ставкаларды қабылдауына тыйым салу жөніндегі талапты енгізуге қадам жасалды.

Үшіншіден, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, ставка қабылдауды және ұтыстарды төлеуді жүзеге асыруға тыйым салу қарастырылды. Нәтижесінде, елімізде онлайн-казиноларға түпкілікті тоспа қою жоспарланған. Өзге де нормалар көзделді.

Спорт министрлігінің мәліметінше, осы ұсыныстар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына енгізілді. Мысалы, 13-баптың 2-тармағының 2) тармақшасына толықтыру ұсынылды.

Таяуда, 2024 жылғы 6 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент қабылдаған осы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Бірақ Президенттің үстеліне қойылған құжатта жоғарыда аталған бастамалардың бірде бірі болмады.

Туризм және спорт министрлігі олардың заңның ақырғы нұсқасына өтпей қалуының себептерін жариялады. Олардың бәрі Үкіметте, бизнес пен сарапшылық ортада талқылау барысында "реттеу мақсаттарына жету деңгейі" (уровень достижения целей регулирования) көрсеткіші бойынша 14-17 балл ғана жинапты. Жеткілікті болуы үшін кем дегенде 30 балл алуы керек екен. Ең жоғарғы бағасы – 40 балл.

Бұған дейін inbusiness.kz талай жазғандай, бетімен кеткен букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолар Қазақстан халқын, әсіресе жастарды құмар ойындардың құлына айналдырып барады. Тек ресми статистика бойынша елде 350 мың адам лудоман саналады. Шындығында саны одан әлдеқайда көп. Елде бір жылда жасалған 157 мың қылмыстың 20 пайызы құмар ойыншыларға тиесілі.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелді әр адамның орташа қарызының мөлшері 10 миллион теңгеден асып кетті. Ғалымдардың зерттеуінше, лудоманияға шалдыққандардың 70 пайызы өзіне қол жұмсауды ойласа, 14 пайызы суицид жасауға оқталған.

Сондай-ақ inbusiness.kz депутаттардың байламына сілтеме жасап, ойын бизнесі мемлекетті бопсалап отырғанын жазды.

Қынжылтатыны сол, Үкіметтің қарсы дәйектемесінің бәрі қаржыға тіреледі: егер қазақстандықтарға құмар ойындарын ойнауға тыйым салса, сондай-ақ букмекерлердің интернет арқылы онлайн ставка қабылдап, ұтыстарды төлеуіне тыйым салса, бюджет пен спорт мол қаржыдан қағылады дегенге саяды.

"Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – халықты қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде букмекерлік кеңселер санының қысқаруы бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, 2021 жылдың басында 38 мекеме жұмыс істесе, қазіргі уақытта олардың саны екі еседен астамға қысқарды: 16 букмекерлік кеңсе тіркелген, оның тек 12-сі белсенді жұмыс істейді. 2023 жылы 14 талап арыз түсірілді. Сот ісін қарау қорытындысында 6 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және бір ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды", – деп мәлім етті Туризм және спорт министрлігі.

Бірақ бұл қуантарлық жаңалық емес, керісінше, ол бәсекелестік азайып, саланы азулы алпауыттар басыбайлы жайлап жатқанын білдіреді, кеңселер іріленуде. Тіпті жалғыз ғана букмекерлік кеңсе қалса да, ол лудомандар санын еселеп арттыра алады.

Министрліктің мәлімдеуінше, салада ойын операторларының санын азайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда оларды толығымен жоюға бара алмайды.

"Онда букмекерлік кеңселер немесе тотализаторлар операторларының салық төлемдері азаяды, ал бәс тігушілер ойын бизнесінің заңсыз, оффшорлық онлайн-алаңдарына көшеді. Саланы реттеу жұмыстары жалғасуы керек, бірақ толық тыйым салусыз!", – деп хабарлады спорт министрлігі.

Ол БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы әзірлеген спорттағы сыбайлас жемқорлық туралы жаһандық баяндамаға назар аудартты. Оның 9-бөлімі заңсыз букмекерлік кеңселерге арналған.

БҰҰ дерегінше, азуы алты қарыс букмекерлік компаниялар әлемде енді спортты өзіне бағындырып, қалағанынша жатқызып-өргізе бастады.

Олар мысалы, әрбір спорт түріндегі сайыста қандай команда не клуб жеңілетінін, қайсысы жеңетінін нақты белгілеп, соған түрлі жолмен қол жеткізеді. Сөйтіп, "келісімді ойындар" арқылы спортты жемқорлықтың жайлауына серпін берді.

Мұндай алпауыттармен Үкімет жағаласуға қауқарсыздық танытып отыр.

Спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда букмекерлер салық төлеуден басқа, командаларға демеушілік жасайды, спортты дамытуға ақша бөледі. Мысалы, 2022 жылы букмекерлер демеушілікке 3 млрд теңгеден астам, өңірлерде балалар спортын қолдау мен дамытуды қоса алғанда, қайырымдылыққа 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Мұның бәрі халықтың қалтасынан алынған ақша екені белгілі.

Қорыта айтқанда, министрліктің түсіндіруінше, Үкіметтің ұстанымы келесідей: букмекерлік кеңселерге, казиноларға және басқасына тыйым салу бюджетке түсетін түсімдерді, салықтарды жоғалтуға соқтырады. Сондай-ақ "азаматтар ойнауды тоқтатпайды", олар интернет арқылы әлемдегі заңсыз оффшорлық алаңдарда жұмыс жасайтын онлайн-казиноларға кетеді.

Бұл ретте Қытай, Оңтүстік Корея, араб елдері және басқа мемлекеттердегі сияқты заңсыз онлайн-казиноларды бұғаттауға болатыны мүлдем назарға алынбағаны байқалады. Азаматтар ойнауды тоқтатпауы мүмкін, бірақ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолар барлық жерден анталап, агрессивті жарнама жасамаса, ойынқұмарлар қатары қазіргідей тез қарқынмен артпас еді. Отбасын ойрандап, бүкіл дүние-мүлкін бәске тігіп, сол үшін қылмыс жасауға даяр лудомандар қатары да көбеймес еді. Ұлт тағдырын қаржы шешіп кеткенге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу