Пашинянның саяси тағдыры қыл үстінде тұр

5794

Таулы Қарабақтың басым бөлігі Бакудың бақылауына өткеннен кейін, Армения парламенті премьер-министрді отставкаға жіберу мәселесін қарастыруға кірісті. 

Пашинянның саяси тағдыры қыл үстінде тұр

Армения парламенті сан мың шерушінің талабы бойынша үкімет басшысы Никол Пашинянды отставкаға жіберу мәселесін талқылауға келісті. Елдегі саяси жағдайдың шиеленісуіне – Әзербайжан армиясымен соғыста Таулы Қарабақтың басым бөлігінің Бакудың бақылауына өтуі себепші.

Сейсенбі күні жарияланған ымыра алты аптаға созылған соғысты тоқтатып, Әзербайжан үлкен жеңісті мерекелеп жатыр. Ал Армения астанасы –Ереванда мыңдаған адам шеруге шығып, Пашинянға биліктен кету туралы талап қойды. Жүздеген демонстрант парламент үйіне жол тартып, "Никол сатқын!", "Никол кет!" деп ұрандатты.

Премьердің өз сөзіне сенсек, ол территорияларды әрі қарай жоғалтпау үшін Ресеймен, Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойған.

Наразы халық болса, Пашинянға сәрсенбіде түнгі сағат 12-ге дейін отставкаға кету туралы талап қойды. Алайда депутаттар бұл мәселені талқылау үшін мәжіліс өткізе алмады. Себебі отырысқа халық қалаулылары толық жиналмаған.

Үшжақты ымыра халықаралық заңдар бойынша Әзербайжан жері саналатын Таулы Қарабақтың өзі мен оның айналасындағы соғысты тоқтатты. Және де осы келісім аясында аймаққа Ресейдің 2 мыңдай бітімгер жауынгері шоғырландырылып жатыр.

1990-шы жылдардың басынан бері этникалық армяндар Таулық Қарабақтың барлық аумағы мен оның айналасындағы әзербайжандық аудандарды әскери бақылауда ұстады.

Пашинян армияның қысымымен Бакумен келісім жасасқанын мәлімдеп отыр. Ал Қарабақ басшысының сөзінше, Әзербайжан қарулы күштері Шуша қаласына кіргеннен кейін Армения үшін аймақтан түгелдей айырылып қалу қаупі туындаған.

"Бұл – үлкен сәтсіздік және апат болар еді", – дейді Пашинян. Ол шегініске жеке басымен жауап беруге уәде еткенімен, отставкаға кетуден бас тартып отыр.

Сәрсенбі күнгі шерулер барысында 17 партия Пашиняннан отставка талап етті. Ал тұтқындалған бірнеше демонстранттың ішінде парламенттегі екінші ірі фракция – "Гүлденген Армения" партиясының лидері Гагик Царукян да бар.

Ресей және Түркия

Ресейдің бітімгер контингенті аймақта бес жылға қалады. Оның алғашқы легі сейсенбі күні жетіп, Қарабақты Армениямен байланыстыратын тау арасындағы жолды бақылауға кірісті.

Атысты тоқтату туралы жаңа келісім Ресейдің энергетикалық ресурстарға бай Оңтүстік Кавказда әлі де басты төреші екенін білдіреді. Айта кетсек, Мәскеу бір кездері Ереванмен қауіпсіздік келісімін жасап қана қоймай, Армения жеріне әскери базасын да шоғырландырғаны белгілі.

Түркия да соңғы жанжалдар барысында айбынын байқатып, Әзербайжанға дипломатиялық қолдау көрсетіп, оны қару-жарақпен қамтамасыз етті. Дегенмен Анкара бейбіт келісімге қосылмады және аймаққа бітімгер жауынгер жіберген жоқ.

Бірақ сәрсенбі күні Түркия мен Ресей Таулы Қарабақтағы ымыраның орындалуын қадағалайтын бірлескен орталық құруға және өңірде бірге жұмыс істеуге уағдаласқан. Мұны президент Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Әзербайжан бейбіт келісімді жеңіс деп жариялағанымен, оның кейбір тұрғындары армияның Таулы Қарабақты толық алмай тоқтап қалғанын өкініш білдіріп отыр. Өзге бір әзербайжандықтар Кеңес заманында аймақта үстемдік еткен Ресей әскерінің ел территориясына қайта оралғанына алаңдаулы.

Мәскеу Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы бітімге қосылу арқылы Оңтүстік Кавказдың тағы бір республикасына әскер кіргізіп, Түркияның аймақта өсіп келе жатқан ықпалын шектейтін мүмкіндікке ие болды. Бұл жерде РФ үшін тағы бір дивидент сол – Арменияда революциялық жолмен билікке келіп, Кремльге жақтас тұтас толқынды басшылықтан аластатқан Пашинянға наразылық күшейіп келеді.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу