Польшаның алмасы Қазақстан арқылы Ресей мен Қытайға жөнелтіледі

3571

Польша Қазақстан агросекторына инвестиция салу арқылы экспорттық әлеуетін нығайтып жатыр.

Польшаның алмасы Қазақстан арқылы Ресей мен Қытайға жөнелтіледі

Польшаның агрономдары  болашақта ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп, экспортқа шығу үшін  Қазақстанға алманы импорттаудан бас тартуға және өз өндірісін дамытуға көмектеспекші. Қазіргі кезде негізгі екпін Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына беріліп отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика жөніндегі комитеттің мәліметіне сүйенсек,  дәл осы облыстар еліміз бойынша алма өсіруден көш бастап тұр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, ОҚО-дағы алма бақшаларының көлемі жалпы Қазақстандағы барлық алма бақтарының 46%-ын құрайды – шамамен 15 мың гектар; Алматы облысында 37,7%-ы шоғырланған  – 12,2 мың гектар. Жиналатын алма мөлшері бойынша да аталған облыстар Қазақстанның жетекші өңірлері болып табылады. 2016 жылы жалпы ел бойынша 188 мың тонна алма жиналса, оның 40,7%-ын ОҚО берді (77,6 мың тонна), ал 39%-ы Алматы облысынан жиналды (73,4 мың тонна).

Статистика комитетінің мамандары былтыр Қазақстанға 99 мың тоннадан астам алма импортталғанын есептеп шығарды. Айта кету керек, 2015 жылмен салыстырғанда импорт екі есеге қысқарған. Бірақ сарапшылардың ойынша, бұдан да зор көрсеткішке жетуге мүмкіндік бар.

Дәлірек айтсақ, Польшаның Arno компаниясының директоры Ришард Новаковскийдің пікірі осындай. Жақында ол қазақстандық FTC Equity компаниясымен бірігіп, Алматы облысында фермерлерді бақша шаруашылығына оқыту орталығын ашты. Ришард Новаковскийдің ойынша, Қазақстан нарығын өз алмасына тойдыру үшін бірнеше жыл кетуі мүмкін, бірақ мақсат айқын және оған жетуге болады.

"Қазақстанның халқы көп емес, бақша өнімдері бұрыннан өсіріледі, яғни біз шаруашылықты жаңадан бастамаймыз. Біз бар шаруашылықты жақсартқымыз келеді, сапа деңгейін көтеріп, өсірілетін алма мөлшерін көбейтпекпіз, ал жаңадан салынатын бақтарды бірден екінші жылы өнім беретіндей етіп жасағымыз келеді", – деп жоспарымен бөлісті Ришард Новаковский.

Айта кетсек, Польша алма экспорттайтын әлемдегі жетекші ел болып табылады және өндіруші-көшбасшыларының үздік үштігіне кіреді. FTC Equity компаниясының Польшадан серіктес тартуының бір себебі осы болды.

Қазақстанда алма шаруашылығын дамытудың болашағы бар екенін Arno компаниясы шамамен жеті жыл бұрын байқаған. Ол кезде компания қазақстандық бағбандарға алма ағашының көшеттерін сатқан, польшалық сарапшы аңғарғандай, фермерлер көп қателік жіберген және бұл жұмыс тиімділікті жоғарылатуды талап еткен.

Осыдан соң FTC Equity компаниясы Жамбыл облысында орналасқан "Шығыс бақтары" жобасында бірге жұмыс істеген. Ортақ жұмыс барысында қазақстандық бағбандар Польшаға оқуға барған.

"Жаңа бақтарды өсіруде қателікке ұрынбау үшін осында өз агроном-маманымызды әкелеміз деп шештік. Ол Қазақстанда тұрақты түрде тұрады. Өнім алудың алғашқы жылында біз жақсы өнім алдық, бір гектардан сегіз тонна", – деді Ришард Новаковский.

Осылайша негізгі екпін қазақстандық бағбандарды оқытуға берілді. Arno және FTC Equity компанияларының мамандары оқытуды жалғастырып, қазіргі кезде қолданылатын өнімді технологиялар туралы кеңес беруді жалғастыруды жоспарлап отыр. Оқыту семинарларын жоғарыда аталған бағбаншылық орталықта өткізу жоспарланған, тілге тиек етсек, бұл орталық өңірдегі бағбаншылықты дамытуға арналған алғашқы тәжірибелік алаң болып отыр.

"Кез-келген адамның шетелде оқуға мүмкіндігі жоқ. Біздің бағбаншылық орталықта адамдар өнімді бау-бақша шаруашылығында қолданылатын жаңа технологиялар туралы кез келген ақпаратты ала алады. Польша мен Италия бір гектар жерден 70-100 тонна алма алатын деңгейге жетті. Ал біздің бағбандар орташа есеппен бір гектардан 25 тонна өнім алады, яғни бұл бірнеше есеге төмен", – деді FTC Equity компаниясының директоры Азат Мәкенов.

ҚР статистика жөніндегі комитетінің есебі бойынша, өткен жылы ОҚО-да бір гектардан 25,4 тонна өнім алынды. Бұл ел бойынша екінші орындағы нәтиже, ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында тіркелді, онда бір гектардан 29,4 тонна алма өсірілді. Жалпы ел бойынша бір гектардан орташа есеппен 7,1 тонна алма алынады.

Азат Мәкеновтың айтуынша төмен өнімділіктен басқа саланың дамуына кедергі келтіріп отырған екінші мәселе бар, ол – өсірілетін алманың сапасы. Оның айтуынша, экспортқа шығару үшін сапаны айтарлықтай жоғарылату керек.

"Бүгінгі күні біздің негізгі тұтынушымыз – ірі супермаркеттер. Мысалға, Ресейдегі "Магнит" супермаркеттер желісі. Олар алма сапасына өте жоғары талап қояды. Алма калибрленген, бір түсті болуға тиіс. Егер фермердің алмасы осы талапқа сай келмесе, онда ол өнімін сата алмайды", – деп сөзін жалғады Азат Мәкенов.

Бұл пікірмен "Шығыс бақтары" ЖШС директоры Әлтайыр Досымбеков те келісті:

"Экспортты дамыту өте маңызды. Бірақ ол үшін жемістердің сапасын жоғарылату керек. Себебі Ресейде де, өзге шет елдерде кісілер жақсы сапаны күтеді. Бірақ жақсы алма өсіру үшін топырақ, өсімдіктерді қорғау, жақсы сұрыптар, тыңайтқыштар керек. Болашақта осындай сапаға жетеміз деп ойлаймын".

Ресми статистикаға назар аударсақ, өткен жылы экспортқа Қазақстаннан  404 тонна алма жіберілген. Не десек те, оларға деген экспорттық сұраныс та жоқ емес. Азат Мәкенов abctv.kz тілшісімен әңгімелесу барысында отандық алманың бірнеше артықшылығына тоқталды:

"Біріншіден, бұл Ресейдің шығыс өңірлеріне, Томск, Барнауыл қалаларына жақын орналасуы. Бұл қалалардың тұрғындары алманы көп тұтынады және оларға Польшадан әкелгенше, бізден жеткізу тиімдірек. Біздің климаттың әсерінен алмамыз өте дәмді. Оның үстіне біздің топырағымыз сол Польшаның өзімен салыстырғанда әлдеқайда құнарлы, біз химияны, пестицидтер мен гербицидтерді аз қолданамыз. Сонымен қатар субсидиялау бағдарламасын айта кету керек, бүгінде мемлекет осы өңірлерге қолдау көрсетуде".

Еске сала кетсек, 2014 жылдың 1 тамызында Ресей Еуропаның санкцияларына жауап ретінде азық-түлікке эмбарго енгізді, бұл поляк алмаларының ірі өткізу нарығын жапты. Айта кету керек, эмбарго енгізілгенге дейін РФ-ның жалпы импорт көлемінде Польшадан жеткізілетін алманың үлесі 28%-дан асқан. Бұл факті де қазақстандық бағбандарға тиімді болмақ.

Қазақстанға алма жеткізуші ретінде жаңа мүмкіндіктер ашатын геосаяси жағдайлар туралы бірінші рет айтылып отырған жоқ. Мысалға, былтыр қазан айының соңында Алматыда өткен "Қазақстанның жеміс-көкөніс бизнесі - 2016" халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының инвестициялық департамент экономисті Андрей Ярмак осы мәселені көтерген болатын.

"Аталған жағдайда Қазақстанның географиялық орны өте тиімді. Бұл елге өнімін тиімді бағамен және салықсыз ресейлік нарыққа жеткізіп қана қоймай, Орталық Азияның өзге елдері ішінен жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдайтын өңірлік хаб атануға мүмкіндік береді", – деп баса айтты сарапшы.

Сондай-ақ Қазақстан алмаларының экпорттық әлеуеті туралы сөз еткенде, былтыр іске қосылған әйгілі алматылық апорт алмасын қайта өсіру бағдарламасы айтпасақ болмайды. Еске сала кетсек, аталған бағдарламаға Apple World компаниясы бастамашы болған, жобаны іске асыру үшін 400 млн теңге бөлінген. Компаниядағылар осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының маңында апорт алмасының 35 мың көшетін отырғызуды жоспарлап отыр, көшет отырғызу сәуір айының соңында басталды.

Алайда, Азат Мәкеновтың пікірінше, дәл осы апорт алмасын бизнес ретінде өсіру екі ұшы бар таяқ секілді.

"Апорттың экспорттық әлеуеті жоғары. Бірақ нағыз апорт, тауар маркасы ретінде ғана. Ол 10-12 жыл өсіріледі. Кез келген инвестор қаражатының қайтарылуын осыншама уақыт күтуге дайын емес. Сондай-ақ жаппай сату тұрғысынан алғанда апорт сәл ыңғайсыз, себебі апорт – ірі алма. Мысалға, сіз қонақтардың алдына үстелге бір килограмдық апортты қоймайсыз ғой, ең азы төрт-бес алма керек. Осыған байланысты апорт сатылым бойынша ұсақ алмаларға есе жіберіп отырады, алайда дәм жағынан келгенде, апорттың дәміне жетер ештеңе жоқ", – деп пікірімен бөлісті FTC Equity компаниясының директоры.

Жалпы Қазақстанның жеміс-көкөніс секторын дамыту, Қазақстан алмасының экспорттық әлеуетін жоғарылату мәселесі жаңа қаралып отырған жоқ. Соңғы жылдары Қазақстан бағбандары бұл бағытты жылдам дамытып келе жатыр.

"ҚазАгро" АҚ төрағасы Нұрлыбек Мәлеловтың ойынша, бүгінгі күні елімізде бақша шаруашылығының негізгі кедергілері өндірістің техникамен қаматамасыз етілуінің төмендігі, өңдеу секторының дамымағаны және заман талабына сай сақтау жабдықтарының жетіспеушілігі болып отыр.

Әйгерім Сүлейменова, Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу