Президент қаңтар оқиғасында "ауыр қылмыс істемегендерге" рақымшылық жасалатынын айтты

1509

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғасы бойынша жеңіл қылмыс істегендерге "рақымшылық" жасайтынын, бірақ "ұйымдастырушы" ретінде айыпталғандарға қатаң жаза қолданылатынын айтты.  

Президент қаңтар оқиғасында "ауыр қылмыс істемегендерге" рақымшылық жасалатынын айтты

Сонымен бірге қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек беріледі, деп жазады inbusiness.kz.

Президент бұл жолы "шетелден келген" арандатушылар туралы айтпады. "Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз", – деді.  

"Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым", – деді Тоқаев.

Бірақ рақымшылық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқан басты айыпталушыларға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен өзгертуге әрекет жасады деп айыпталғандарға әсер етпейтінін айтты.

Оның айтуынша, арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кеткен. Шын мәнінде олардың кінәсі "әлдеқайда ауыр". Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдау тапсырылады.

"Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді". "Біздің ортақ ұстанымымыз – саяси плюрализмге – "иә", экстремизм, бандитизм, бұзақылыққа – "жоқ" дейміз. Мақсатты арандатулар болған жерде сөз бостандығы, плюрализм туралы айту мүмкін емес", – дейді Тоқаев.

Айта кету керек, тұтқындалған оппозииялық саясаткер Жанболат Мамай үндеуінде "өзі тәртіпсіздік ұйымдастырушы" ретінде айыпталып отырғанын айтқан. Жуықта Еуропарламент депутаттары Жанболат Мамайды "саяси тұтқын" деп есептейтінін айтып, Қазақстан билігінен оны босатуға үндеген. Қазақстандық бейтарап құқық қорғаушылар да осыған ұқсас ұстанымда екенін айтып келеді.

Отандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды қаңтар оқиғасын әділ тергеуге жиі үндейді. Тергеуге халықаралық сарапшыларды қосуды ұсынса да, Тоқаев оны қабыл алмаған, "өзіміз ашық, әділ" тергейміз дегенді айтқан.

Ресми дерек бойынша, қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар бұл тізімде адамның аты-жөні және қандай жағдай қаза болғаны толық жазылмағанын сынға алады.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу