Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қандай мәселелерді қозғады

10932

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында  Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қандай мәселелерді қозғады

Жолдауда жер, тіл мәселесі, мемлекеттік сатып алу, Ұлттық қор қаражаты, мұғалімдердің жалақысы тәрізді халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселерді көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, сондай-ақ, аймақтар мәселесі жайлы айтты. Өзінің сайлау алды бағдарламасының негізі болған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, жүйелі реформалар жүргізетіндігіне сенім білдіріп, еліміздің дамуының жаңа сапалы кезеңіне шығу мүмкіндігі туралы сөз қозғады.

"Жұмысымызда Елбасы жасаған Бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын толыққанды іске асыру қажеттілігін ескеруіміз керек. Ол құрған Ұлттық модернизациялау комиссиясының жұмысы қайта жандануы керек",– деді Мемлекет басшысы.

Заманауи тиімді мемлекет құру үшін жақын арада келесі шаралар орындалуы керектігін айтты: партия құру процесін жалғастыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту.

Мемлекет басшысы сөзінде бейбіт шеруге шығуға тиым салынбайтынын ескертіп, егер бейбіт шеру заңды бұзбай, азаматтардың тыныштығын да бұзбауді көздесе, заңға сәйкес тәртіп бойынша рұқсат берілуі тиіс. Әрі қаланың шетінде емес, арнайы орындар бөліну керек екенін айтты.

Ең маңызды жалпымемлекеттік мәселелерді талқылауға азаматтық қоғамды тарту қажеттігінен ротациялық принцип бойынша жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны сөз болды. Орталық пен жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметкерлердің "жабықтығы" кесірінен кей кездері адамдар өз мәселелері бойынша Президентке шығатынын айтып, Президент Әкімшілігінде азаматтардың мемлекетке жүгінуін қарастырудың сапасын тексеретін бөлім ашылғанын және жергілікті билік органдарының тиімділігін тұрғындар тарапынан бағалау жүйесін енгізу қажеттігін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!",- деді.

Сондай-ақ, Президент "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек",– деп уақыт өте келе ұлтаралық қатынас тілі қазақ тілі болатындығына сенім білдірді.

Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Ол үшін азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің шешуші факторы сот және құқық қорғау жүйесін терең реформалау керек екендігі айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев twitter әлеуметтік желісінде тамыз айының басында Халыққа Жолдауында есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде парламентке және үкіметке тапсырмалар жүктелетінін алдын-ала хабарлаған еді. Сол тапсырмасын қайталап айтып, әсіресе балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны қатаңдатуды баса айтты.

Сонымен қатар, браконьерліктің ұйымдасқан қылмыстың қауіпті формасына айналғанын жақында орын алған қайғылы оқиғалар ашып көрсеткенін еске алып, үкіметке сәйкес заң шығаруда қатаңдату бойынша тиісті шараларды қабылдауға екі ай уақыт берді.

Келесі мәселе – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика.

Президент халыққа Жолдауында ел экономикасының диверсификациясы мәселесі жайлы айтып, шикізатқа байланған менталитеттен бас тарту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев "Білім экономикасы", еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналатындығын да айтты.

Экономиканы әртараптандыру, квазимемлекеттік сектордан түсетін кірістердің артуы, тиімді шағын және орта бизнес құру, халықаралық нарықтағы ұлттық бизнесті қолдау, дамыған агроөнеркәсіптік кешен, Әділ салық салу және дұрыс қаржылық реттеу, Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі, еңбекақы төлеу деңгейін арттыру мәселелерін көтерілді.

Жолдауда микро және шағын бизнеспен айналысушы кәсіпкерлер салық төлеуден 3 жылға босатылуы және 3 жылға дейін тексеруге тыйым салынатындығы айтылды.

"Микро және шағын бизнес компанияларын негізгі қызмет түрлерінен салық төлеуден 3 жылға босатудың заңнамалық базасын әзірлеуді тапсырамын. 2020 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін 3 жылға дейін тексеруге тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді",– деді Президент Жолдауында.

Ұлттық қор қаражатын пайдалануды азайту керектігін атап айтты.

"Қалыптасқан проблемаларды шешу үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды тоқтату керек. Бұл болашақ ұрпаққа арналған қаражат. Ұлттық қордан трансферттер бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға ғана бөлінуі керек", – деді Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында.

Тағы бір айта кететіні, 5% қосымша зейнетақы жарналарын төлеу кейінге қалтырылды.

"Үкімет 5% мөлшерінде қосымша зейнетақы жарналарын енгізуді 2023 жылға дейін кейінге қалдырады. Содан осы сұраққа кейінірек қайта ораламыз",– деді Президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі туралы айтты.

Білім беру сапасын жақсарту, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету, отбасы мен бала институтын, инклюзивті қоғам құруды қолдау, медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту, отандық зейнетақы жүйесін дамыту мәселесі айтылды.

Тоқаев мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есеге өсіруді тапсырды.

"Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатындығын айта отырып, "Әркімге жеткізгім келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді көлемін сақтап қалады",– деді.

Келесі – аймақтар мәселесі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыру қажеттілігі мәселесі көтеріліп, бюджетаралық қатынастар жүйесінің реформасы мен басқарылатын урбанизация, бірыңғай тұрғын үй саясаты, инфрақұрылымды дамыту мәселесі сөз болды.

"Мен пилоттық жоба ретінде жергілікті билік органдарының тиімділігін бағалау жүйесін енгізуге болады деп санаймын. Мысалы, егер сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 30% -дан астамы қала немесе ауыл әкімінің қызметі тиімсіз деп санаса, бұл арнайы комиссия құруға негіз болады",– деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеді.

"Мен ел тағдырына жаны ашитын Әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі", - деп Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әр азаматына сенім білдірді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу