Президенттің Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты Үндеуі

2653

29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні.

Президенттің Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты Үндеуі Фото: Серікжан Қобыланбаев

Құрметті отандастар!

Осыдан тура 29 жыл бұрын, 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы теңдессіз тарихи шешім қабылдап, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.

Осылайша, 450-ден астам жарылыс жасалған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі – Семей полигоны, бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан, біржола жабылды. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын келешегі мен мемлекетіміздің баянды болашағы жолында жасалған шешуші қадам болды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі сынақ алаңдарының жабылуына жол ашқан батыл бастамаға айналды.

Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз Елбасының саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқаны анық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Осы батыл әрекет әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ.

Құрметті қазақстандықтар! 

Семей полигонындағы ядролық сынақтар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зиян тигізді. Ол халықтың ауру және қайтыс болу көрсеткішінің жоғарылауының себебі болды, осы маңдағы аумақтың жоғары деңгейдегі радиоактивті ластануына алып келді. Полигон жанында 300 мың шаршы метр аумақта жарты миллионға жуық адам тұрды. Мамандардың бағалауынша олардың 500 мыңнан астамы тікелей сәулелену ықпалына ұшыраған.

Полигон жабылғаннан кейінгі бірінші кезектегі мәселе ұзақ уақытқа жалғасқан ядролық сынақтан зардап жеккен аймақ пен адамдарды әлеуметтік оңалту болды. Бұл мақсатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы 18 желтоқсанда "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау" туралы Заңға қол қойды. Ол халықты емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау, бұрынғы полигон аумағын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша кешенді шаралар қарастырды. 

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі аталған санаттағы азаматтар тобына арналған әлеуметтік кепілдіктер тізімін біртіндеп ұлғайтуды қарастыруда. Сонымен қатар бұрынғы сынақ алаңының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды басымдылығына айналды. 

Тиісті бақылаудың жоқтығы мен бұрынғы ядролық полигон аумағының ашықтығы таратпау режиміне қатысты және ядролық терроризм қаупіне қатысты қатерді айтарлықтай арттырды. 

Ядролық қаруды таратпау жөнінде Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шаралары басқаруға бағынбайтын мықты ядролық арсеналдың халықаралық қоғамдастыққа таралу қатерін толықтай алдын алды. Осылайша полигон ядролық дағдарыстың себебінен ғылыми зерттеу нысанына айналды. Көпсатылы қорғаныс жүйесі қалыптасып, қауіпті нысандарды сенімді күзетуге мүкіндік берді.

Зақымданған аумақты оңалтуға бағытталған жеті ірі жоба жүзеге асты. 
Келесі жылы кейбір Еуропа елдерінің аумағымен шамалас 18,5 мың шаршы шақырым болатын барлық полигон аумағын кешенді экологиялық зерттеу аяқталады.  

Жалпы бұрынғы Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар әлемде әлі күнге дейін теңдесіз болып отыр. 

Полигонды денуклеаризациялау Қазақстан мен Ресей Федерациясы, АҚШ және өзге де елдердің, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың, бірінші кезекте МАГАТЭ-ның байланысы аясында жүргізілгенін ерекше атап өту керек. Біз серіктестерімізге осы маңызды саладағы ұзақмерзімді және жемісті серіктестік үшін үлкен ризашылғымызды білдереміз.

Қадірлі қауым!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы және жаһандық қауіпсіздік жөніндегі басқа да бастамалары бейбітшілікке деген берік ұстанымымызды айқындап берді.

Елбасының көреген басшылығымен мемлекетті жойқын қарусыз дамытудың әлемдік бірегей үлгісі қалыптасты. Еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық қозғалыстың белсенді мүшесіне айналды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу ісіне белсене атсалыса береді деп сеніммен айта аламын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу