Президенттің жаңажылдық құттықтауында не айтылады?

4574

Соңғы 10 жылда Мемлекет басшысы жаңажылдық құттықтауларында қандай мәселелерді көтерді? Немен мақтанды? Халыққа қандай уәде берді? Не орындалды? Осыны талдап көрсек.

Президенттің жаңажылдық құттықтауында не айтылады?

Есікті қағып тұрған Жаңа жылмен ұлтты құттықтау дәстүрі ХХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болды. Оған бұқаралық ақпарат құралдары ықпал етті. Алдымен көшбасшылар жұртшылыққа радиомен, кейін телеарналар арқылы қайырылды.

Бұл дәстүрдің бастауында Ұлыбритания тұр. 1923 жылы BBC бірінші бас директоры Джон Рейт король V Георгқа Рождествомен бүкіл патшалықты радио арқылы құттықтауды ұсынады. Бастапқыда монарх мұның дұрыстығына күмәнданған. Мәртебесіне лайықсыз санаса керек: бұл негізінен репортерлардің еншісіндегі іс еді. Әрдайым жаңашылдыққа құмар журналистер ағылшын консерватизмінің тоңын 10 жыл өткенде әзер жібітті: қоймай-қоймай қолқалаған БАҚ-тың беделді өкілдерінің айтқанына ақыры көнген Жоғары мәртебелі жаңа 1932 жылы адамзат тарихында тұңғыш рет халықты радиодан құттықтады. Қызығы сол, алғашқы жаңажылдық құттықтауды жазу әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған бірінші ағылшын жазушысы, атақты "Джунгли кітабының" авторы Редьярд Киплингке жүктелді. Король V Георгтың жаңажылдық құттықтауын тек Ұлыбритания патшалығы ғана емес, өзге елдер де сілтідей тынып, тыңдаған. Ал 1939 жылдан бастап, Тұманды Альбионда корольдің радиоқұттықтаулары дәстүрге айналды.

Дегенмен қазір әлемде көп елдің басшылары өз халқын Жаңа жылмен құттықтамайды. Себебі, көбісінде бұл мемлекеттік мереке емес, жай ғана дата. Христиан діні басым елдердің көбінде негізгі мереке – Рождество. Мұсылман елдерінің төл күнтізбесі бар: жыл санау жүйесінің басталатын күні Һижра. Сондықтан Уикипедия лидерлері жаңажылдық үндеумен құттықтайтын елдердің толық тізімін берді. Арасында Қазақстан бар.

Жаңажылдық үндеу – Мемлекет басшысына жаңа жылды азаматтарымен бірге қарсы алудың символдық нышаны. Әрі ол халқының қуанышына ортақтасатынын паш етеді, кетіп бара жатқан жылдың шағын қорытындысын шығарып, қандай іс тындырғанын бір еске салып қояды. Сондай-ақ халықтың бойына болашаққа деген сенім құйып, алдағы перспективаға шолу жасауына мүмкіндігі бар.

Қазақстан халқы ХХ ғасырдың басынан бері тұрақты түрде бір ғана адамның құттықтауын тыңдап келді. Содан бері тек бір Президенттің құттықтауын естіген тұтас ұрпақ өсіп жетілді. Пандемия басталған 2020 жылы ғана қазақстандықтар жаңа Президенттің сөзіне құлақ түрді.

2013 жыл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа 2013 жылмен құттықтауы 1,5 беттен, 398 сөзден, 2 404 қаріптен, 68 жолдан тұрды. Әрине, оның өне-бойы пафосқа толы еді.

"Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін жарқын оқиғаларға, жетістіктерге және жеңістерге толы болды. Еліміз жоғары экономикалық өсімге қол жеткізді. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер арасында 51-ші орынға табан тіреді", – деді Н.Назарбаев.

Ол кезде халықтың рухы шынымен биік еді: мұнай бағасы шарықтап тұрды, экономикалық дағдарыс жоқ, шикізатқа таңылған экономика соның бағасының шығандауы арқасында қамырдай күмпиді. Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Ең бастысы, Лондондағы жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасы үздік 12 елдің қатарына кірді.

Үндеуде не жаңалық айтылып еді? Президент жаңа жылда "Қазақстан-2050" стратегиясын жүзеге асыру басталатынын мәлімдеді: "Келіп тұрған жылда біз нақты іс-қимылдардың нәтижелерін көреміз", – деп уәде етті бірінші Президент.

2014 жыл

Мемлекет басшысының жаңа 2014 жылмен құттықтауы 1,5 беттен, 363 сөзден, 2 207 қаріптен, 62 жолдан құралды. Н.Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясының алғашқы жылын табысты бастағанымызды" жариялай келе, "біртұтас, тату отбасы сияқты алға қойылған мақсатты – күшті, гүлденген Қазақстанды тұрғызуға құлшынған халыққа деген ризашылық сезімі жүрегін толқытып тұрғанын" айтты. Бірінші Президент осыған орай өзіне жан жылуын сыйлаған туысқандарына, жеңістерімен, жетістіктерімен қуантқан спортшыларға, ғалымдарға, шығармашылық адамдарына алғысын жеткізді.

Жаңа жылда болатын қандай жаңалықты хабарлады? Ешқандай.

"Осы жаңажылдық түнде біз өз өміріміздің, мемлекетіміздің өмірінің жаңа тарауын ашып жатырмыз. Оның барлық 365 күні таза. Оны немен толтырамыз, не жазып қалдырамыз? Бұл өзімізге байланысты. Бұл қажыр, қайратымызға, табандылығымызға, ынтамен іс тындыруымызға байланысты. Бір жылдан соң бәріміз мақтана алатын дәрежеге жететінімізге сенімдімін", – деді Н.Назарбаев.

2015 жыл

Бірінші Президенттің жаңа 2015 жылмен құттықтауы бұрынғыларынан қысқа болды. Онысы 355 сөзбен, 2 194 қаріппен, 50 жолмен ғана шектелді. Бір беттен сәл асты. Шыны керек, үндеу "Жаңа жыл – баршаға жан шуағын сыйлайтын жайдары мереке", "игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз" деген сияқты тостқа көбірек келетін кезекші сөздерден құралды.

Жаңа жылға не жаңалығын жеткізді? 2014 жылғы 26 мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойған болатын. Сол кездің өзінде экономистер мен саясаттанушылар Қазақстанның Мәскеу әзірлеген қамытқа мойын тыққанын ашық айтып, сынап жатты. Ал Н.Назарбаев оны игілік ретінде ұсынды.

"Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын  оқиғалармен айшықталды. Біз алдағы жылы күш-қуатымызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз. Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік. Баршаға шұғыла шашатын "Нұрлы жол" бүкіл еліміздің күретамырына айналды", – деді Президент.

Шынында, сарапшылар айтып жүргендей, Ресей алып нарығын сол бойы толық ашпады, кедергілер әлі күнге қалуда, Мәскеу импорталмастырумен, мемлекеттік патернализммен айналысуда.

2016 жыл

Мемлекет басшысының жаңа 2016 жылмен құттықтауында 396 сөз, 2 465 қаріп, 55 жол болды. Онда көптен бері алғаш рет "дағдарыс" сөзі қолданылды: "Қазақстан дағдарысқа қарамастан, өзінің құтты қадамын жалғастырды". Ескі жыл жаңалыққа толы болды: 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Билік Ата заңның, ҚХА-ның, ҰОС-тағы Жеңістің мерейтойларын да дүркірете атап өтті. Бір жыл ішінде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келгені қуанышты межеге айналды. Басты жаңалық: Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық. Бірақ бұл ұйымнан сол кезде күтілген игіліктер сол бойы пайда болмады, үміттер ақтала қойған жоқ. Мысалы, шетелдік көлік арзандамады.

Жаңа жылға қандай жаңалық уәде етілді? Еліміздің 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтетіні мәлім болды.

2017 жыл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа 2017 жылмен құттықтауының көлемі 2 бетке, 481 сөзге, 3 054 қаріпке, 86 жолға жетті. Оны 25 жылдық белесті бағындырған Тәуелсіздік туралы толғау деуге келеді. Бұған қоса, аяқталған 2016 жылы ел басшылығы кезекті рет Парламенттің кезектен тыс сайлауын өткізді. 100 нақты қадам Ұлт жоспарының алғашқы жылын аяқтады.

Жаңа жылға қатысты қандай жаңалығын бөлісті? Алдағы 2017 жылдың еншісінде "айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болатыны" жария етілді: Қазақстан тарихта тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін бастады. Астана меймандары "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінде бас қосатыны, Алматыда дүниежүзілік Қысқы универсиаданың алауы жағылатыны, елордамызда Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіні хабарланды.

2018 жыл

Н.Назарбаевтың жаңа 2018 жылмен құттықтауы ең ауқымдысы болды. Сондықтан республикалық телеарналар оны таратуды сағат тілі жаңа жылдың келгенін айғақтайтын сәттен он минут бұрын бастады. Үндеу 2 беттен асып, 562 сөзді, 3 658 қаріпті, 99 жолды құрады. 

Президент өткен жылда Конституцияға өзгерістер енгізілгенін (олардың көбі биылғы конституциялық реформамен алып тасталды), "Рухани жаңғыру" бағдарламасы басталғанын (қазір оның күші жойылды), қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданғанын (қазақ тілі латиницаға сол бойы көшпеді), Қысқы Универсиада, ЭКСПО көрмесі өткенін тілге тиек етті. Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетті.

Жаңа жылға қатысты жаңалығы қандай болды? 2018 жылды Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етумен бастайтынына, ерке Есілдің жағасындағы ажарлы Астананың 20 жылдығы жоғары дәрежеде атап өтілетініне, "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысына кірісетініне аңдатпа-анонс жасалды.

2019 жыл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа 2019 жылмен құттықтауында ұзақ сөйлеп, рекорд орнатты. Оның Мемлекет басшысы ретіндегі соңғы құттықтауы 607 сөзге, 4 056 қаріпке, 104 жолға әзер сиды. Дегенмен, бірінші Президент арада екі жарым айдай ғана уақыт өткенде президенттік орынтағын босататыны туралы тіс жармады, тіпті ым-ишара да білдірмеді. Өткен жылды қорытындылаған ол бас қаланың 20 жылдығы дүбірлете тойланғанын, күллі түркі жұрты қастерлейтін Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін алғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі 2 жылдық қызметін абыроймен аяқтағанын, Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін бекіткен тарихи құжат қабылданғанын еске түсірді.

Жаңа жылға нені уәде етті? Н.Назарбаев бұл тұрғыда ештеңе айтпады: "Келер жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын!" деумен шектелді. 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялады.

2020 жыл

Жаңа 2020 жылмен Қазақстан халқын жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Бұл жайт халықаралық жаңалыққа айналды, шетелдік ақпарат құралдары осы тарихи оқиғаға назар аударды. Жаңа Мемлекет басшысының халыққа мерекелік үндеуі 3,5 бетке, 814 сөзге, 5 499 қаріпке, 145 жолға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев "біздің басты бағытымыз – Жаңғыру жолы" болатынын жариялады. Президент сайлауында өзіне зор сенім артқан бүкіл халыққа шынайы ризашылығын білдірді. Өз бастамаларына тоқталды, мысалы, 500 мыңнан астам борышкердің қарызы кешірілгенін, Арыс қаласындағы жарылыс салдарлары еңсерілгенін еске салды.

Жаңа жылға не үміт сыйлады? "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы арқылы қоғамымыздың дамуына жаңа серпін беретінін, "халық пен билік арасындағы диалогты күшейту үшін маңызды реформаларды жүзеге асыратынын" мәлімдеді. Абайдың, Әл-Фарабидің мерейтойлары, Алтын Орданың 750 жылдығы мемлекет деңгейінде атап өтілетінін мәлім етті. 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Демократияландыру мен жаңғыру басталатынын айтып, "түрлі пікір, бір Ұлт" тұжырымдамасын ұсынды.

2021 жыл

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа 2021 жылмен құттықтауы алдыңғысына қарағанда екі еседей қысқа болды: 551 сөзден, 3 476 қаріптен, 74 жолдан құралды. Аяқталған 2020 жыл әлемді ен жайлаған коронавирус пандемиясының басталған жылына айналды, мемлекеттің күш-жігері сонымен күреске шоғырланды. Президенттің мерекелік үндеуі де соған арналды. Қ.Тоқаев бұрын-соңды болмаған алапат індет салдарынан халық көптеген азаматынан айырылып қалғанын, олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да барын тұнжырай жеткізді. "Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын!" деді. Енді мұндай қасірет қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде етті. Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егу басталатынын жариялады. Оның ерікті түрде жүретінін баса айтты. Дәрігерлерді, мұғалімдерді, тәртіп сақшыларын, еріктілерді – бейбіт күннің нағыз батырлары деп атап, шексіз риза екенін білдірді. Жаңа жылда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланатынын хабарлады. Пандемияға қарамастан, саяси реформаларды жалғастыруға уәде етті.

2022 жыл

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа 2022 жылмен құттықтауы да ұзақ болды, 12:49 минутқа созылды немесе 2,5 беттен, 650 сөзден, 4 456 қаріптен, 108 жолдан тұрды.

Президент 2021 жылы індеттің өршігеніне қарамастан, оған елдің төтеп бере алғанына, экономика біртіндеп оңалып, жұрт қалыпты өмірге орала бастағанына екпін түсірді. Алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Кезекті рет Мәжілістің мерзімінен бұрынғы сайлауы ұйымдастырылды.

Жаңа жылға не жаңалығын жариялады? Жаппай вакцинация және ревакцинация жалғасатынын айтты. Құқық қорғау органдарында реформа болатынын, Тұран жолбарысын қайта түлету жоспарын жеткізді. 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады.

"Алдағы жыл еліміз үшін тың қарқынмен дамитын берекелі жыл болсын!" – деген тілекпен тәмамдады.

2023 жыл ше?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа 2022 жылмен құттықтауы көлемді болады деген жорамал бар. Себебі белгілі: аяқталып қалған 2022 жыл еліміз үшін маңызды, тарихи оқиғаларға толы болды. Қаңтар оқиғалары созылмалы дерттей сипат алған билік транзитіне нүкте қойды. Әділетті Қазақстанның құрылуына жол ашып, жағдай жасады. "Қасіретті қаңтарда" Қазақстанның жаңғыруы үшін құрбан болған, басын бәйгеге тіккен азаматтарға құрмет көрсету парыз.

Биыл жаңарған халық болып, жалпыұлттық референдумда Ата заңымызды қабылдадық. Республикада шынайы саяси жаңғырулар басталды. Президент өзі айтқандай, менеджер ретінде қазақстандықтармен 7 жылдық келісімшартқа отырды, яғни төл президенттік мандатын өз еркімен шектеді.  

Алдағы жыл сайлау додаларының жылы: Сенат, Мәжіліс, барлық деңгейлердегі мәслихаттар және әкімдер сайлауы өтеді деп күтіліп отыр. Келесі жылды нақты бір салаға, тақырыпқа арнау туралы да ұсыныстар бар. Саяси жаңғыру жалғаспақ.

Сонымен бірге, не айтылатынына қатысты интрига сақталуда. Ендеше бүгін түнде Қазақстан көшбасшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнайтын құттықтауын жұрт тағатсыздана тосатын болса керек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу