Прокурорлар Қазақстан-Қытай газ құбырынан кінәрат тапты

2415

Қазақстан-Қытай магистральді газ құбырын кеңейту жөніндегі жобада заңнама талаптары бұзылды деп мәлімдеді бас көлік прокуратурасы.

Прокурорлар Қазақстан-Қытай газ құбырынан кінәрат тапты

Еске сала кетсек, Қазақстан-Қытай газ құбыры Түрікменстан-Қытай торабының бір бөлігі болып табылады, оның алғашқы екі тармағы Қазақстан аумағында 2008 жылы салына бастап, бір жылдан соң іске қосылған еді, ал 2012 жылы оның қуаты жылына 30 млрд шаршы метрге жетті. Қазақстанның көлік прокурорларының бұл екі тармаққа қатысты айтар сын жоқ, ал қуаттылықты 55 млрд шаршы метрге дейін арттыруға мүмкіндік берген осы құбырдың үшінші тармағынан қадағалау органдары бір кілтипан тапты.

Нақтылап айтсақ, құбырдың өзіне емес, өткен жылдың күзінде оны қабылдаған инвестиция және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне айтар уәжі бар. Бас көлік прокуратурасының алқа отырысында органның әлеуметтік-экономикалық саласындағы заңдылықты қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Алмас Аманов анықталған заң бұзушылықтар жаңа тармақтың жобалық құжаттамасына қатысты екенін айтты.

"Көп жағдайда уәкілетті орган қауіпті өндірістік нысандардың жобалық құжаттамасын келісуде немқұрайлылық танытып жатады. Мысалға, комитет Қазақстан-Қытай газ құбырының қуатын арттыру жөніндегі құрылыс жобасын келісті, ал онда құбырішілік диагностика жүргізгені туралы бөлім болмай шықты, бұл заң талаптарын бұзу болып табылады", – деді көлік прокуратурасының өкілі.

Дәл осы комитет Бейнеу-Шымкент және Алматы-Байсерке-Талғар газ құбырлары бойынша құрылыс жобаларын келісіп қана қоймай, тиісті тексеру жүргізбей, оларды қабылдауға қатысқан. Алмас Амановтың мәлімдеуінше, индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті нысандарға тексеру жүргізеді, алайда бұл тексерулердің берер нәтижесі шамалы.

"Құбыр желілерінде анықталған құқықбұзушылықтардың барлығы – жүйелі, мұндай кемшіліктер көп жыл қатарынан жіберіліп келеді, бірақ бұл туралы уәкілетті орган бізден ғана естіп отыр", – деді прокуратура қызметкері.

Көлік прокуратурасының мәлімдемесі бойынша, комитет осы саладағы көптеген кедергілер туралы хабарсыз: елдегі құбыр желілерінің шамамен 9 мың шақырымының  "жағдайы қандай екені белгісіз", олардың жай-күйі туралы ешкім дөп басып айта алмайды, себебі құбырдың ішкі ақауларын анықтайтын құбырішілік тексеру жүргізілген жоқ. Бұл тексеру заң жүзінде міндеттелген, алайда құбыр желісі ұйымдарының өкілдерінің де бұл "бассыздыққа" қатысты өз айтары бар екен.

"Сөз бүгінгі күні дүркін-дүркін қолданылатын құбырлар туралы болып отыр, олар міндетті құбырішілік тексеру жүргізу талабы шыққанға дейін салынған, яғни арнайы қабылдау құрылғыларынсыз, қисық жер радиусы анықталмай салынды, – деп түсіндірді алқа отырысында "ҚазТрансОйл" АҚ бас директорының бірінші орынбасары Алексей Пирогов. – Бірақ біз іштен тексеру мүмкін емес құбырлардың барлығын-дерлік сыртқы бақылау құрылғыларымен тексереміз". Ол сондай-ақ осы тексеруді жүргізетін ұйымдардың өкілеттілігіне қатысты прокуратураның нарзылығын даулы сұрақ деп атады.

"Тексеру саласындағы біздің мердігер ұйымдарымыздың өкілеттігі бойынша рұқсат құжаттарын түсінуде бізде алшақтық бар: мердігерлерімізде мұнай-газ саласында тексеру құралдарын пайдалануға қазақстандық органдар берген рұқсат қағазы бар, бірақ оларда құбыр желілік салада тексеру жүргізуге рұқсат жоқ, – деді Алексей Пирогов. – Енді осы мәселе бойынша түсінік алу үшін уәкілетті органға жүгіндік, біз өзімізді мұнай-газ кешенінің бөлімшесі деп есептейміз".

Ал елді мекендер арқылы өтетін құбыр желілерінің жанынан қорғау аймақтарын салу мәселесін шешу қажеттілігімен "ҚазТрансОйл" да келісті. Бас көлік прокуратурасының ақпараты бойынша, бүгінде Қазақстанда магистральді құбыр желілерінің маңынан мыңнан астам ғимарат пен құрылыс салынған, оның 530 қорғау аймақтарының шекарасында орналасқан.

"Бос жатқан жерлерде кез келген уақытта тағы шамамен 3700 ғимарат салынуы мүмкін", – деп мәлімдеді Алмас Аманов. Оның ойынша, бұған жер телімдерін бөлген жергілікті атқарушы органдар да, қорғау аймақтарын орналастыру және олардың шекарада салынуына жол бермеу бойынша уақытында шара қолданбаған құбыр желісі ұйымдары да кінәлі.

"Ең соңында, екі тарап та баламалы жер учаскелерін және құбырдың орнын ауыстыру құралдарын іздестіріп халықты қайда көшіретінін білмей отыр", – деп қадап айтты прокурор. Оның айтуынша, жекелеген жағдайларда құбыр желісінің компаниялары айлалы әрекеттерге барып жатады, алайда ол тұрғылықты халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепіл бере алмайды. Оған мысал, "Интергаз Орталық Азия" АҚ Ташкент-Бішкек-Алматы газ құбырының бір тарамындағы қысымды төмендетіп, оны магистральді санаттан таратушы санатқа ауыстырған.

"Мұндай шешім қабылдауға себеп, газ құбырының қорғау аймағында 128 нысан бар, оның  ішінде 320 орындық балабақша газ құбырынан 10 метр қашықтықта орналасқан, – деп түсіндірді Алмас Аманов. – Қағаз жүзінде мәселе шешілді, себебі таратушы газ құбырларына қойлатын талап өзгеше, ал екінші жағынан, диаметрі 500 миллиметр газ құбыры тұтастай газбен толтырылды, ал енді уәкілетті орган да, "Интергаз Орталық Азия" да апат орын алған жағдайда салдары қандай боларын білмейді".

Оған жауап ретінде Алексей Пирогов та қорғау аймақтарының құрылысы жөніндегі мәселені "күрделі әрі өзекті" екенін айтты. "Ол кенеттен пайда болды, 2008 жылдан бастап біз онымен күресуге тырыстық, бірақ, өкінішке қарай, нәтиже біз қалағандай болған жоқ", - деді ол.

Алмас Аманов сөз соңында бұл мәселе келесі аптада Шымкентте өтетін жеке мекемеаралық отырыста қаралатынын айтты (бас көлік прокуратурасының алқа отырысы 3 мамырда өтті).  Ал индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қатысты наразылыққа келер болсақ, қадағалау мекемесі басшысының айтуынша, қазіргі кезде осы мәселеге байланысты прокурорлық елеу актісі әзірленіп жатыр.

"Біз оны министрге (инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекке – автордың ескерт.) жолдаймыз, осы заң бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара қолдану мәселесін қарастырамыз", - деп түсіндірді тілшілерге Алмас Аманов.

Игорь Воротной, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу