Мемлекетіміз елу пайыз үлеске ие, шың еліне мұнай тасымалдаумен айналысатын "Қазақстан-Қытай құбыр желісі" компаниясының қарызы 200 миллиардқа жуықтапты.
"ҚазТрансОйл" АҚ-ының былтырғы жылды қорытындылаған қаржылық құжатында біраз қызықты деректер бар. Мәселен, ҚТО былтыр кеңес-консультациялық қызметтерге 516,4 миллион теңге жұмсаған. Бұл бұрынғыдан көп: алдыңғы жылы дәл осыған шығындағаны 418,6 миллион теңге болып еді. Сондай-ақ ұлттық компанияның "штаттан тыс қызметкерлер" қызметіне де молырақ жүгіне бастағаны байқалады. Нақты айтсақ, "аутстаффинг қызметтеріне" былтыр жарты миллиард теңгеден сәл астам қаржы бағытталған. 2016 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуыққа аз болды (308,6 млн теңге). Мұның сыртында "кеңсе-офиске қызмет көрсету" бабы бойынша өткен жылы 497,4 млн теңге жұмсалғаны көрсетілген, 2016 жылы бұл 484,6 млн болып еді.
Енді "не азайды?" дегенге келсек. Ең күрт кемігені "қайырымдылық шығыстары": ол 2016 жылғы 140,4 миллионнан 2017 жылы бірнеше есеге – 46,9 миллион теңгеге дейін құлдырады. "Жарнама бойынша шығыстар" да төмендеген, бірақ жағдайы "қайырымдылықтан" жақсы: 90,8 миллионнан 71,1 миллион теңгеге дейін түсіпті. "Іс-сапарлар шығыстары" алдыңғы 303 миллионнан 290,2 миллион теңгеге дейін азайды. Дегенмен, бұл жерде 2017 жыл бойында компания құрылымында өзгерістер болғанын және әкімшілік персоналы қысқартылғанын ескерген жөн.
ҚТО өз менеджерлері мен қызметкерлерін оқытуға да біраз қаражат жұмсайды. Бұл тарапқа былтыр 138,5 миллион теңге арна тартты, бірақ ол тасқын енді 11,5 миллион теңгеге "суалып" отыр. Бұдан бөлек, компания жыл бойы көлік шығындарына – 123,8 миллион, ақпараттық қамтамасыз етуге – 108,6 миллион, банк қызметтеріне – 107,6 миллион (2016 жылы – 108,8 млн), байланыс қызметіне 99,9 миллион (2016 жылы – 107,2 млн) бағыттады.
Әрине, бұл шығыстар өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің көркеюімен қатар жүрсе құба-құп. "ҚазТрансОйл" қаржылық қорытындыларына жүгінсек, жеке табысы, түсімі 208 миллиард 606,9 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға жоғары екен. Алайда ҚТО-ның таза табысы 45 миллиард 654,8 млн теңге болды. Ал бұл 2016 жылдың қорытындысына қарағанда 2,5%-ға төмен.
Жалпы алғанда, компанияның 2017 жылдағы шоғырландырылған табысы (яғни, құрамындағы барлық компаниялар мен кәсіпорындардың табысын қоса алғанда) 222 миллиард 449,9 млн теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға артық. Оның ішінде шоғырланған таза табысы тек 50 миллиард 117,9 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға жоғары.
Жалпы, барлық ұлттық компаниялар арасында "ҚазТрансОйлдың" орны бөлек екенін айта кеткен жөн. Өйткені оның барлық акцияларының 10 пайызы халықтың еншісінде. Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылы ел тарихында алғаш рет жүргізілген "халықтық IPO" қорытындысында қарапайым қазақстандықтар ҚТО-ның барлық құнды қағаздарының он пайызын меншіктеп, миноритарлық акционерлерге айналды. Бұл ретте компанияның жұртшылық арасында саудаға шығарылған 38 млн 463 мың 559 қарапайым акцияларын 34,6 мың адам 27 миллиард 886 миллион теңгеге сатып алды. Рас, ҚТО-дағы 10 пайыздық үлестің жартысынан астамы Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындары иеленген. Компанияның қалған 90 пайыз акциясы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншісінде.
Ол "қағаздардан" не ұтты? Компания акционерлерінің жалпы жиналысының 2017 жылғы шешімімен, 59 миллиард 617,3 теңгені дивиденд ретінде төлепті. Бұл ретте 1 акция үшін 155 теңге берілген. Жалпы, компания жыл сайын осының ар жақ-бер жағында дивиденд төлейтіні мәлім. Мысалы, 2016 жылы 133 теңге болған. Осылайша, 2013 жылы "ҚазТрансОйл"-дың әрбір акциясын 725 теңгеден сатып алған азаматтар осы уақыт ішінде оның құнын ақтап алды.
Егер "кімге қанша тиді?" дегенге келсек, дивидендтердің 53 миллиард 656,6 мың теңгесі ірі акционер ретінде "ҚазМұнайГазға" берілген. Ал 10% акцияларды иеленген қазақстандықтар 5 миллиард 960,6 мың теңге құйылды.
Есептегі басқа жаңалықтарға тоқталсақ, онда Қытайдың сауда-өнеркәсіптік банкі мен "АйЭнДжи Банк Н.В."-мен арада бекіткен кредиттік келісімге сәйкес, "Қазақстан-Қытай тұрба-құбыры" (ҚҚТ) компаниясының олар алдында 1 миллиард 180 миллион доллар көлемінде ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемесі барлығы жазылған. Мұның сыртында Қытайдың сауда-өнеркәсіптік банкінің Алматыдағы бөлімшесінен 300 миллион доллар қарыз алғаны көрсетіледі. Екі заем да АҚШ долларымен бекітілген көрінеді. Бірақ оларды ҚҚТ тек тиісінше 2023 және 2019 жылдары өтеуге тиісті.
Құжаттағы мәлімет бойынша қарыз сомасы, сыйақыларды қоса алғанда, 598 миллион 455 мың долларды немесе ұлттық валютамызға шаққанда, 198 миллиард 884,7 мың теңгені құрап отыр. 2016 жылы берешек көлемі 228 миллиард 337,5 млн теңге көлемінде болған.
Бұл қарызға Қазақстан кепілдік бермеген. Соған қарамастан, есепте "2017 жылғы 31 желтоқсанда ҚТО-ның ҚҚТ-ға қолдау хатын ұсынғаны, онда компания бірлесе бақыланатын кәсіпорынның операциялық қызметіне қолдау көрсететінін растағаны" айтылады.
ҚТО басқаруында бұдан басқа да шетелдік активтер де бар. Мәселен, Грузиядағы "Батуми мұнай терминалы" мұнай және мұнай өнімдерін сақтаумен және артып-жөнелтумен, теңіз портын эксплуатациялаумен, ал Біріккен араб әмірліктеріндегі "Petrotrans limited" мұнай және мұнай өнімдерін экспедициялаумен айналысады. Олардың барлығы 100 пайыз Қазақстан меншігінде.
"ҚазТрансОйлдың" "МұнайТас" және ҚҚТ кәсіпорындары негізінен қазақстандық "қара алтынды", сондай-ақ ішінара ресейлік мұнайды Қытайға жеткізуге пайдаланылатын "Кеңқияқ-Атырау", "Кеңқияқ-Құмкөл", "Атасу-Алашанькоу" құбыр желісіне бірлесе иелік етеді. Топқа жалпы ұзындығы 5 мың 377 шақырымдық магистральді мұнай құбыр желісі тиесілі.
Өткен жылы компанияға қарасты грузиялық "BTL" компаниясы жойылды. Нәтижесінде, оның иелігіндегі "Батуми мұнай терминалының" 100% үлесі "ҚазТрансОйлға" берілді. 2017 жылы ҚТО осы меншік құқығын растайтын куәлікті де алды.
Тағы бір дерек – ішкі және сыртқы нарыққа жеткізілетін мұнай бойынша құбыр тарифтері назар аудартады. Толығырақ тоқталсақ, 2018 жылға арналған тариф бойынша ішкі нарыққа жеткізілетін "қара алтынның" әрбір тоннасынан әр 1 мың шақырым үшін 4 мың 292,40 теңге алым жиналады екен. Келесі жылы бұл тариф 4 мың 721,72 теңгеге дейін қымбаттамақ. Ал отандық құбырлар арқылы экспортқа сатылатын мұнайдың әрбір тоннасынан алынатын алым 5 мың 817,20 теңгені құрайды. Сонымен бірге, Қазақстан аумағы және біздің құбырлар арқылы Қытайға тасылатын ресейлік мұнайдың әр тоннасынан 3,11 доллар ғана алым жиналатын көрінеді. Бұл небары мың теңгедей ғана сома. Яғни, ішкі нарыққа жеткізу құнынан да әлдеқайда аз болып отыр.
Бақыт Көмекбайұлы