Психолог: Адам өлтіру қалыпты нәрсе дейтін ұрпақ өсіп келеді

3085

Бұл күні базарға, ойыншық сататын дүкенге тіпті елорданың жағалауындағы саябаққа бара қалсаң, балаларға арналған аттракциондар бөлігінде "асылып" тұрған көк, қызыл түстес құбыжық ойыншықтардан көз сүрінеді. Екі метр сайын сатылып жатыр десем, артық айтқаным емес. Бұл не? Қайдан келді? Баланың санасына қалай әсер етеді? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Психолог: Адам өлтіру қалыпты нәрсе дейтін ұрпақ өсіп келеді Фото: Айбек Айдархан

Хаги Ваги, Киси Миси деген "кім?"

"Poppy Playtime" – 2021 жылдың қазан айында шыққан хоррор стильдегі ойын. Көк түсті Хаги Ваги оның басты зұлымы. Қызық болғанда мұның өз тарихы бар. Зауытта төтенше жағдай болып, Хаги зардап шеккен-мыс. Содан оның денесі үлкейіп, тісі ақсиып, көзі бадырайып жауыз болып шыға келген. Ал Киси Миси дегеніңіз оның қызғылт түсті нұсқасы. Бұл екеуімен осы типтес ойыншықтардың тізімі аяқталмайды. Таныс болыңыздар: апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және  түрлі-түсті –  Лили Милли. Тұтас бір әулет дерсің.

Құбыжықтар балаларды қалай баурап алды?

Бұл ойын "геймерлер" арасында анау айтарлықтай әлемдік деңгейде сұранысқа ие болды деп айту қиын. Негізінен, ойыншықтардың жылдам таралуына, танымал болуына  әлеуметтік желі ерекше әсер етті. Әсіресе, Тик ток. Хаги мен Кисиге қатысы бар роликтер 10 миллиондап қаралым жинап, балалар өзара бөлісе бастаған. Осыдан кейін, ойыншық шығаратын бизнесмендер бірден трендті іліп әкетіп, сұранысты өтей бастады.

Баланың көңілі далада, ал ананың көңілі?

"Құрбымда бар, менде жоқ!". Балалардың арасында осы принцип ойыншықтарға деген қызығушылықты одан сайын арттырып жіберді. Әсіресе, қалалы жердегі, көпқабатты үйлердің аулаларынан көк, қызғылт құбыжықтарды мойнына "мінгізіп" алып, асыр салып жүрген балдырғандарды көп көруге болады. Нұргүл Серікқызы 4 жасар ұлы сұрап болмай қойған соң,  Хаги Ваги алып берген. Біраз уақыт өткен соң, баласының қатарластарымен ойнағаннан көрі, осы көк ойыншықты ары-бері сүйреп сөйлесе бастағанын байқапты. Бір күні көшеде қарияның "мына сайтанды неге алып бергенсің, миы қатпаған балаңды неге аямайсың?!" деп қатты айтқан соң, көк залымның көзін құртқан.

"Балалар сұраған соң, еш ойланбастан алып береміз ғой. Қатарластарынан қалмасын деп ойладық. Бірақ бұл құбыжықтың тарихы барына тіптен мән бермеппіз. Кейін таразыға салып, қауіпті болар-ау деп, қоқысқа тастадық", – дейді ата-ана.

 

Психологтар не дейді?

"Көк, қызлғылт, сары, жасыл. Бұл құр ойыншықтар ғой. Ол балаға не істей алар?!" – деп қолды бір сілтеу оңай. Бірақ асықпаңыз. Баланың санасына кері әсер етіп жатқан фактілер ел ішінде қазірден тіркеліп жатыр. Психолог Меруерт Ысмайылова, өзінің қабылдауына келген баланың қимыл іс-әрекетінен тіксініп қалған.

"Маған бір баланы әкелді. Қолында Хаги Ваги бар. Оның мінезінде агрессияның толып тұрғанын байқадым. Айналасын тепкілеп, қолына ілінгенді тістелеп отырды. Сөйлесіп көргенімде, ол әлгі ойыншығынан үлгі алып жүрген баладай көрінді", – дейді писхолог.

Бұл ненің белгісі? Мамандар жақындарынан қорған мен қолдау таппаған балалар құбыжыққа жан сырын ақтарып, оны дос санап, зұлымдықты қалыпты нәрсе ретінде қабылдауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Психолог Ержан Мырзабаев, осы арқылы ата-аналар жауыздық, адам өлтіру қалыпты нәрсе деп қабылдайтын ұрпақты тәрбиелеп жатқанын өздері де байқамай отыр дегенді алға тартады.

"Бала ойыншыққа еліктеген сайын, оны ұната бастайды. Яғни оның бойында жамандыққа деген жанашырлық оянуы мүмкін. Ол жаман кейіпкер, зұлымдық жасап жатыр. Яғни оның жамандық жасауына ортақ болады. Иә болмаса, оның теріс жақтарын ақтап алуға тырысады. Өйткені адамның психологиясында сондай бір құбылыс бар,  өзінің кумиріне жағымсыз нәрсені жолатқысы келмейді", – дейді маман.

"Аутсорсингте" өсіп жатқан бала

Нені меңзеп тұрғанымды көпшілік ұғу үшін "аутсорсинг" деген не деген сұраққа жауап тапса деймін. Жіпке тізгендей, жазып қоюға болар еді. Бірақ ол білім, ізденбеген адамның санасына қонбайды. Сондықтан сөздің төркінін ұғу үшін "гуглдан сұраңыз".

Бұл ойыншықтың сайттарда ең төменгі құны – 2 500 теңге. Базарда сапасы сәл нашар нұсқасы арзандау болуы мүмкін. Кей ата-ана баласы қыңқылдап жылаған соң, болмай сұраған соң аузын жабу үшін алып берді. Шындыққа тура қарайықшы. Үлкендердің тағы бір бөлігі "балам өзгесінен кем болмасын" деп жарыса әперіп жатыр. Хаги Ваги, Киси Миси – балалардың басты қаһарманына айналып үлгерді. Ол қандай кейіпкер? Құбыжық екеніне бетінде жазылып тұрса да, оған мән беріп жатқандар аз. Сонда баланы тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп, рухани білім-ілім, тәрбиесін үлкендер неге  "аутсорсингке" өткізіп жіберді? Бетін аулақ қылсын, "бауыр еті" ертең, жауыз болып өссе, кімді кінәлайды? "Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?" - деген Абайдың оныншы қара сөзі осындайда еске түседі. Бәлкім, ересектер бір сәт ойланып, осы сұраққа жауап тапқысы келсе, оқып көргендері  жөн шығар. Жалпы, балаларға қатысты өзекті мәселе көп-ақ. Хагиден басталған әңгіме, соның бір парасы ғана.  Тегінде хакім айтқандай, "Адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват!".

Айбек Қосан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу